«Банкир жейтін нанның бағасы басқа болуы керек пе?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Банкир жейтін нанның бағасы басқа болуы керек пе?» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымындағы «Шаралар кешені мақұлданды» деген мақалада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтерілген мәселелер жайында жазылған. Отырыс басталар алдында оған қатысушылар Кеңес Одағының Батыры, Халық ҚаҺарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовті бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Өткен соғыстың батыры, нағыз жауынгер. Тәуелсіздік жылдары ол бізбен бірге болды және өз Отанын сүйетін, еңбексүйгіштігімен, табандылығымен, ержүректілігімен ерекшеленген адам ретінде халықтың есінде қалды. Өмірлік тәжірибесімен біздің жас буынды тәрбиелеуге болатын жалпыхалықтық маңызы бар тұлғадан айырылдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыста геосаяси ортадағы өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанның даму стратегия­сына және ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту шараларына қатысты мәселелер қаралды.

Қазақстан Президенті қазіргі әлемде қауіпсіздікке төнген қатердің азаймай отырғанын атап өтті. Олардың қатарында терроризм, әлеуметтік кикілжіңдер, жалғасып жатқан экономикалық тұрақсыздық бар. Осы орайда Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалды ұдайы назарда ұстап, жағдайға орай ұлттық қауіпсіздік жүйесіне жедел түзетулер енгізу және бейімдеу үшін дер кезінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Республикамыздың бас басылымында «Ауылда жүгері өсіріп жүрген француз» деген қызықты мақала берілген. «Біз Розовка ауылында орналасқан «Киров» серіктестігіне Антуан Лекривен есімді француз жігітін іздеп келдік. Газеттің белгілеген жоспары бойынша, осы жазып отырған мақаламыз тамыз айында шығу керек еді, бірақ, жігітіміз Францияға, Парижге демалысқа кетіп қалып, біраз күтіп қалдық. Елінен келіп отырған беті осы екен»,-деп жазады газет тілшісі. Мамандығы бойынша инженер-зоотехник 28 жастар Антуан Лекривен оқу бітірген соң, жас маман ретінде мал шаруашылығы жақсы өркендеген Австралияда, өз елі Францияда еңбек етіпті. Ауылдың 400-дей тұрғыны еңбек ететін серіктестікті басқарып отырғанына 4 жылдай уақыт болыпты. Жалпы «Киров» атындағы бұл шаруашылық 2008 жылы Францияның «Laktalis» компаниясының иелігіне өткені де белгілі.


***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында алғаш рет голландияның RTL4 телеарнасында «The Voice of Holland» деген атпен жарыққа шыққан шетелдік жобаның Қазақстан Ұлттық арнасында тұсауы кесілетін күн де алыс емес екендігін жазылған. Алайда бұл жоба еуропалық баламаның көшірмесі емес. Оның өзіндік ерекшелігі мен қазақи реңі бар. Жобада ұлттық әндермен қатар, шетелдік танымал әуендер бар. Қазақ дауысын әлемге танытатын үміткер кез келген шетелдік өнер додасына сайысқа түсуге қабілетті екенін көрсетуі қажет. Алғашқы іріктеу кезеңінде тәлімгер үлкен орындықта теріс қарап отырып, қатысушының бет-әлпетін көрмей, тек жанды дауысын есту арқылы іріктейді. Неге? Өйткені телеарналарда дауысы болмаса да жасанды дауыспен ән салатын әншілер көбейіп кетті. Бұл жоба таза дауыс пен табиғи үн іздейді. Сымбатты, мың бұралған биші емес, көрікті келбет емес, қазақ елін өзгелерге мойындататын саф дауыс иесі ғана оза шауып, бас сыйлықты алуы тиіс. Мега жобаның негізгі ерекшелігі - осы. Осы жайында «Қазақ дауысын әлемге танытатын жоба» атты мақалада жарияланды.

Осы басылымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып отырған кейбір мәселелер арқау болған мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ақтөбелік кәсіпкерлерді СЭС, төтенше жағдайлар, салық мамандары заңсыз тексеруін тоқтатпай келеді. Прокурорлар биыл 62 тексеріс жасап, 327 заң бұзушылықты анықтаған. Кәсіпкерлердің құқын қорғауға бағытталған шара кезінде 271 заңсыздық жойылды. Облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығы Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарымен бірлесе шешім қабылдап, 100-ден астам кәсіпті тексеру ұсынысы кері қайтарылған. Ақтөбе прокурорлары «Кедергісіз кәсіпкерлік» өңірлік бағдарламасын әзірлеп, сол бойынша жұмыс жасауды жөн көрді. Негізгі ой - кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, бизнестегі әкімшілік қысымшылықты төмендетуді қамтамасыз ету, қадағалаушы-бақылаушы органдар тарапынан заңсыз тексерулер жүргізудің алдын алу және оған жол бермеу. Бұл мақала «Кәсіпкерлер қысымнан қашан құтылады» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газеті «Батырлар соттаса ма?» деген мақалада «Қазақстан барысы» жобасы аясындағы биылғы доданың дау-дамайы жайында ой түйінін тарқатады. «Қазақстан барысы» өте керемет жоба екені даусыз. Ұлттық өнерімізді ұлықтауды мақсат тұтқан аталмыш жарыс қысқа ғана мерзім аралығында орасан зор бедел жиғанын ешкім жоққа шығара алмайды. «Қазақстан барысының» алғашқы екі турнирі тып-тыныш өткен еді. «Тып-тыныш» деп отырғанымыз еш дау-дамайсыз, еш жанжалсыз деген мағынаны білдіреді. Әйтпесе, күллі қазақ даласының әр қиырынан келген ығай мен сығайлардың бәсекесі тыныш өтуші ме еді?! Алыптардың айқасын тамашалауға келген сан мың адам спорт кешенінде айқайға басып, қиқу салды. Жер тепкілеп, өз жерлестеріне қолдау көрсетті. Күрес десе ішкен асын жерге қоятын нағыз жанкүйерлердің жылағанын да, қуанғанын да көрдік. Бәзбіреулер өзі қолдау білдірген балуанның қауқарсыздығына күйініп, көздеріне жас алса, өзгелері өр мінезді өрендерінің жеңісіне балаша қуанып, бөріктерін аспанға атты. Бұл - спорттық бәсекенің заңдылығы»,-деп жазады мақала авторы. Алайда, биылғы дода мүлде басқаша сипат алды. Ержан Шынкеев пен Бейбіт Ыстыбаев арасындағы жартылай финалдық сайыстың соңы дау-дамайға ұласты.

***


«Алаш айнасы» газетінде «Банкир жейтін нанның бағасы басқа болуы керек пе?» деген тақырыппен сараптамалық мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Нан бағасы өспейді. Әйтсе де алдағы уақытта ел азаматтарының әл-ауқатына қарай нанның өзіндік бағасы енгізілуі мүмкін. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кедей-кепшік пен бай-манаптар үшін нан бағасының бірдей болғанын қаламайтындығын танытты. Сол үшін министрлік арнайы сараптама жұмысын да қолға алуға бар. Айтпағымыз, алдағы уақытта нанның бағасы өзгерсе, таңғалмаңыз. Сіз үшін оның бағасы арзан болуы ықтимал. Қалтаңызға қарай көсілгіңіз келсе, онда қымбат нан да жей аласыз.

Осы басылым қоғам үшін өзектіге саналатын түзету мекемесіндегілердің құқығы аясындағы сауалды тарқатып, оқырманның ой-көкпарына «Қамаудағылар үшін қалта телефонын пайдалануға рұқсат беру керек пе?» деген тақырыпты ортаға салып отыр. Жаза басып темір торға тоғытылғандардың құқығына қатысты қоғамда үнемі екіұшты пікір айтылады. Гуманистік бағытты жақтаушылар олармен санасып, мүмкіндіктерін шектемеу керек десе, екінші тарап бұған үзілді-кесілді қарсы. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүргендерге ұялы телефон пайдалануға рұқсат беру туралы әңгімеге келгенде де пікір екіге жарылып отыр.