Банктегі жұмысты тастап, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған петропавлдық әйел
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бір кездері таңғы сағат 9.00-де жұмысқа барып, кешкі 18.00-де кеңседен шығатын банк қызметкері бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған. Петропавлдық Жанар Оразалинова он жылдан астам банк саласында еңбек етіп, кейін тұрақты жұмысынан бас тартып, өзін тоқыма өнеріне арнады.
Шебермен Kazinform тілшісі әңгімелесіп, оның хоббиді кәсіпке айналдыруы, тоқыма бұйымдарын жасаудың қыр-сыры және болашақ жоспары жайлы сұрап білді.
— Жанар Оразғалиқызы, тоқымашылыққа қалай келдіңіз? Бәрі неден басталды?
— Кішкентай кезімнен тоқуды жақсы көретінмін. Бірақ ол кезде қазіргідей таңдау жоқ, қолыңа түскен жіптен ғана тоқисың. Сондықтан біртіндеп тоқуды қойып кеттім. Университетті бітірген соң банкке жұмысқа орналастым. Он жылдай сол салада еңбек еттім.
Кейін декреттік демалысқа шыққанда, көп жыл бойы жай жатқан тоқымаларым есіме түсті. Ең алдымен балама бас киім тоқып көрдім. Кейін бас киімді өзіме тоқыдым. Оны құрбыларым көріп, тоқып беруімді сұрай бастады. Осылайша тапсырыстар келе бастады. Сүйікті ісім біртіндеп табыс әкелетін іске айналды.
— Бірақ банк сияқты тұрақты жұмысты тастап, кәсіп бастау оңай шешім емес қой.
— Әрине, оңай болған жоқ. Коронавирустан кейін бұрынғыдай таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін штаттық жұмыста отырғым келмейтінін түсіндім. Өз ісімді бастап көруге бел будым. Жеке кәсіпкерлік ашып, студияны жалға алдым. Осылайша, өзіме ұнайтын іспен кәсіби түрде айналыса бастадым.
— Демек, бір кездері хобби болған ісіңіз бүгінде негізгі кәсібіңізге айналды ғой?
— Иә. Бірақ тек тоқумен ғана табыс табу қиын. Сондықтан кәсіпті жан-жақты дамытуға тырысамын. Тоқуға қажетті құралдар мен түрлі жіптерді сатамын, жаңадан үйреніп жүргендерге шеберлік сабақтарын өткіземін. Меніңше, хоббиді кәсіпке айналдырғысы келетін адам бір ғана бағытпен шектелмеуі керек.
— Бір бұйымды тоқуға қанша уақыт кетеді?
— Оны нақты айту қиын. Өйткені бір мезетте аяқталмаған бірнеше жобам бар. Бір бас киім аяқталмай жатып, күртеге кірісіп кетуім мүмкін. Кейде бір бұйымды апталап тоқимын.
Менің ойыма бір идея келсе, басқа істі тоқтатып қойып, соған кірісіп кететін әдетім бар. Кейде, тіпті, түнгі сағат үште жаңа идея келеді де, қолыма тоқымамды аламын. Ал кейде бірнеше күн тоқып, соңында өзіме ұнамай, бәрін сөгіп тастап, қайта бастаймын.
— Бұл әдет шаршатпай ма?
— Керісінше, маған процестің өзі ұнайды. Жіп таңдау, бұйымды ойластыру, есептеу, тоқу және нәтижесін көру — осының бәрі қызық. Мен тоқыған заттарға тәуелді емеспін, маған оларды жасау процесі ұнайды. Сондықтан тоқымаларым мен жіптерім қайда барсам да сөмкемде жүреді. Кенет қызықты идея келсе, бірден бастап кету үшін.
— Жіп демекші, бұйымға қажетті материалды қалай таңдайсыз?
— Ең алдымен қандай бұйым тоқитыныңды ескеру керек. Мен сапалы еуропалық жіптермен жұмыс істегенді ұнатамын. Әсіресе табиғи материалдарға — меринос жүніне, зығыр, альпака және ангор ешкісінің жүнінен иірілген жіптерге басымдық беремін. Бұдан бөлек, букле секілді ерекше жіптерді араластырып тоқуды жақсы көремін. Бұл бұйымға өзіндік ерекшелік береді.
Жіптің бәрі бірдей кез келген бұйымға жарамайды. Мысалы, кейбірі денені қышытады. Ондай жіптен бас киім тоқуға болмайды, бірақ байпаққа пайдалануға жарайды.
— Тоқылған киім ұзақ сақталуы үшін не істеу керек?
— Қазір кір жуғыш машиналардың өзінде тоқыма киімдерге арналған арнайы режимдер бар. Оны дұрыс пайдалансаңыз, бұйым созылып немесе қысқарып кетпейді. Кептірген кезде міндетті түрде жазып, үстелдің бетіне жайып қойған дұрыс. Ілгішке іліп сақтауға болмайды, бүктеп қойған жөн.
Табиғи жіптен тоқылған бұйымдарда уақыт өте келе түйіршіктер пайда болады. Бұл қалыпты жағдай. Оларды арнайы машинкамен алынады. Ал жаз мезгілінде тоқыма киімдерді лавр жапырағын немесе қалампыр салып, мата қаптарда сақтаймын.
— Қазір дүкенде киімнің түр-түрі тұр. Соған қарамастан қолдан тоқылған бұйымға тапсырыс беретіндер бар. Неліктен?
— Дайын киімді қазір кез келген жерден табуға болады. Бірақ қолдан жасалған бұйымның жылуы бөлек. Ол адамды өзгелерден ерекшелендіреді. Мысалы, мен бір күртешені дәл сол қалпында екінші рет тоқып бере алмаймын. Екіншісі міндетті түрде өзгеше шығады. Сондықтан қолдан жасалған әр бұйымның өз ерекшелігі бар.
— Бірақ қол еңбегі қымбат. Клиенттер бұған түсіністікпен қарай ма?
— Жоқ, кейде түсінбейтіндер болады. Әсіресе үлкен жастағы адамдар «Неге сонша қымбат?» деп сұрайды. Өйткені олардың кезінде жағдай мүлдем басқа болған. Дүкендерде киім-кешекке таңдау аз еді. Әже-аналарымыз бөкебай, бас киім сияқты заттарды өздері тоқып беретін. Сондықтан қолдан тоқылған бұйым олар үшін арзанға түсетін дүние ретінде қабылданады.
Ал жастар қол еңбегінің ерекшелігін жақсы түсінеді. Өздері қолөнермен айналысатын адамдар да оның бағасына қатысты сұрақ қоймайды.
Бірде студияға тоқуды үйренуге келген бір қызбен бірге қолғап тоқыдық. Ол оны екі айда әзер бітірді. Кейін: «Қаншама уақытым кетті. Жіп, сым, ілмек сатып алдым. Дайынын сатып алғаным әлдеқайда арзанға түсер еді», — деді. Бұл да қол еңбегінің қаншалықты уақытты қажет ететінін көрсетеді.
— Қазір қандай бұйымдарға сұраныс көп?
— Көбіне бас киімдер мен орамалдарды сатып алып жатады. Өйткені сән өзгеріп отырады, жаңа трендтер пайда болады. Оның үстіне мұндай бұйымдар аса қымбат емес.
Сондай-ақ альпака және ангор ешкісінің жүнінен тоқылған шілтері күртелерді клиенттерім жиі алады. Олар өте жеңіл, соған қарамастан жылы.
Бірақ мен тапсырыспен тоқуды ұнатпаймын. Біреудің нақты сұранысына қарай жұмыс істесем, бірден шабыттан айырыламын. Менің тоқитын бұйымдарымның барлығы өзіме тиесілі. Сондықтан өзімді тоқыма бұйымдарының дизайнерімін деп толық айта аламын.
Әрине, әлеуметтік желіден идеялар аламын. Қазір көптеген қызықты дүниелерді сол жерден көруге болады. Әсіресе корей тоқымашыларының жұмыстары ерекше ұнайды. Бұрын тоқуда белгілі бір тәртіп, нақты нұсқаулық болатын. Қазір шығармашылыққа шектеу жоқ. Түрлі стильдер мен жіптерді араластырып, жаңа дүние жасауға болады.
— Қазір қолөнер, соның ішінде тоқу жастар арасында да танымал болып келеді. Мұны немен байланыстырасыз?
— Қазір адамдар масс-маркеттен гөрі өзіне ерекше нәрсе іздей бастады деп ойлаймын. Сапалы жіптен тоқылған бұйым адамның өзіндік стилін көрсетеді. Сондықтан қыз-келіншектер арасында сұраныс жоғары.
Әлеуметтік желінің де ықпалы зор. Қазір көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұйымдардың негізінде өзімнің шеберлік сабақтарымды да құрастырып жатырмын.
— Ал алдағы жоспарыңыз қандай?
— Өз брендімді қалыптастырғым келеді. Жаныма тоқымашыларды жинап, ерекше жобаларды бірге жүзеге асырсам деймін. Қазір сол мақсатқа біртіндеп жақындап келемін. Ең бастысы — өзіме ұнайтын іспен айналысып жүрмін.
Бұған дейін фотообъективі арқылы 20 жылдан артық көпшілікке Солтүстік Қазақстан облысының бай құс әлемін танытып жүрген фотограф Андрей Красников жайында жазған едік