18:49, 12 Шілде 2010 | GMT +5
Банктерде қазір 7 триллион теңгеге жуық депозит бар - Данияр Ақышев
АЛМАТЫ. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Депозиттерге кепілдік беру қорының капиталы биыл 11 миллиард теңгеге ұлғаяды. Оны Ұлттық банк төрағасы орынбасары Данияр Ақышев бүгін Алматыда ғаламторды пайдаланушылармен өткен он-лайн конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Банктердегі халық пен кәсіпорындардың барлық депозиті қазір 7 триллион теңгені құрайды. Бұл жеткілікті деңгейде үлкен сан. Ол Орталық Азиядағы өзге елдерден айтарлықтай жоғары. Халық депозиті тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Ол бүгінгі таңда 2 триллион теңгеге жуықтады", дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев. Оның айтуынша, депозит деңгейі ағымдағы экономикалық жағдаймен бара-бар. Осыған қарамастан депозиттердің одан әрі өсуінде зор әлеуеті бар. Сондықтан қаржы секторын дамыту тұжырымдамасында ішкі ресурстарды ұтқырлау саясатына зор басымдық беріліп отыр.