Банктерден несие алатын әрбір төртінші кәсіпкер мемлекет қолдауына ие болып отыр - Ғ. Лесбеков

«Қазақстанда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан басқа ТМД елдеріне қарағанда өте жоғары деңгейде қолдау көрсетіледі. Қазір елімізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жаңартылған түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның негізінде әсіресе экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдігі бойынша мемлекет тарапына көрсетілетін көмекті айтуға болады. Қазіргі таңда елімізде 285 компания осы бағыт бойынша көмекке ие болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік кепілдендіру көмегі бар. Ол алынатын несиенің 50 пайыздан 85 пайызға дейінгі бөлігін қамтиды. Қазір еліміз бойынша 1000-нан аса кәсіпкер кепілдендіру бағдарламасы бойынша қолдауға ие болды. Жалпы несиелік қоржын - 1 трлн. 200 мың теңгеден асты. Қазақстанда екінші дәрежелі банктерден несие алатын әрбір төртінші кәсіпкер осылайша мемлекет қолдауына ие болып отыр», - деді Ғ. Лесбеков.
Айта кетелік, экспортқа тауар шығаратын компанияларға тиісті талаптар қойылады. Яғни, олар өнімдерінің 10 пайыздан кем емес бөлігін экспортқа шығаруға тиіс. Сонда олардың, мөлшерлемесі 12 пайыз болатын валюталық несиелерінің 5 пайызы мемлекет тарапынан көмекқаржы ретінде өтеледі.