БАПОР: 400 000-ға жуық палестиналық үйін тастап кетуге мәжбүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ұйым атысты тоқтату режимін дереу қалпына келтіруге және Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге шақырады, деп жазды Анадолы.

Наурыздың 18-і күні Израильдің Газа секторына шабуылдарын қайта бастағаннан кейін 400 мыңдай адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс жөніндегі агенттігі (UNRWA) хабарлады.
Құжатта Газада тұратын палестиналықтар соғыс басталғалы гуманитарлық әрі сауда түрінде жеткізілетін көмектен ұзақ уақыт қол үзіп қалғаны баса айтылады.
Ұйым атысты шұғыл түрде тоқтатып, израильдік тұтқындарды босатуды сондай-ақ гуманитарлық көмек пен коммерциялық тауарлардың Газаға кедергісіз жеткізілуін талап етті.
БҰҰ Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының соңғы баяндамасына сәйкес, Израиль әскери әрекеттерін қайта бастағаннан кейін, Газа секторындағы аумақтың 65%-і палестиндіктер үшін жабық аймақ ретінде жарияланды.
Деректерге сүйенсек, су мен электр энергиясының істен шығуы, сондай-ақ шекара өту нүктелерінің бұғатталуы палестиндіктердің онсызда ауыр жағдайын бұрынғыдан да нашарлатты.
19 қаңтардан бері күшіне енген атысты тоқтату келісімінен кейін Израиль армиясы 18 наурызда Газада қарулы қақтығыстарды қайтадан күшейтті.
Шабуылдар қайта басталғалы 1522 адам көз жұмды. Олардың көбі әйелдер, балалар мен қарттар, ал тағы 3834 адам жарақат алды.
2023 жылдың 7 қазанынан бастап Израильдің Газада жүргізген шабуылы кесірінен қаза тапқандар саны 50 886 адамға жетіп, жарақат алғандар саны 115 875-ке өсті.
Айта кетейік, Израильдегі оқытушылар мен әскери дәрігерлер Газадағы шабуылдарды тоқтатуға үндеді.