Бәріміз Назарбаев университетіне қарап бой түзеуіміз керек - А.Әйтімов, техник-ғалым
Л. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деп Абай бабамыз айтқандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі халыққа Жолдауында болашақтың іргесін бірге қалау жолдарын айқын көрсетіп берді.
Соның ішінде әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау мен білім беруге де айрықша көңіл бөлді. Әсіресе, өзімізге етене жақын білім саласында біз алар асулар әлі де мол. Бұл туралы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов мәлім етті.
Оның пікірінше, Елбасы білім саласының алдында тұрған мақсат-міндеттерді де саралап айтып берді. Бұл ретте Назарбаев университетін мысалға келтірді. «Шын мәнісінде біз Назарбаев университетіне қарап бой түзеуіміз қажет. Осы оқу орнында қолға алынған соны үлгілер мен тың үрдістерді пайдалана білуіміз керек. Біздіңше, Назарбаев университеті әлемдегі жетекші ЖОО-лардың қатарына қосылып, тіпті олардан жоғары тұратын болады. Елбасы ғылыми атақтардың қалай болса солай «үлестірілетінін», елде университеттің көптігін, бірақ білім сапасының талапқа сай келе бермейтінін орынды айтты. Расында да докторлық немесе кандидаттықты тек атақ-даңқ үшін алып, сандық түбіне салып қоятындарға тосқауыл қойып, қайта сол ЖОО-ларда маңдай терін сыпырып, еңбек етіп жүрген ғалымдарға жағдай жасау қажет. Бұл ретте, әсіресе, техникалық мамандықтарға баса назар аудару керек. Кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіре түсетін уақыт жетті», деді ғалым.