Барит өңдеуге арналған өндірістік кешен жұмысын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба - «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешенін іске қосуға рұқсат берді.

Барит өңдеуге арналған өндірістік кешен жұмысын бастады

«Karazhal Operating» ЖШС Барит концентратын өндіру кешенінің құны 6 млрд. теңге. Шамамен 100 адамды жұмыспен қамтиды.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жобаға 28 млн. доллар құйылған. Өндірістің бірінші кезеңінің қуаттылығы жылына 200 мың тонна барит концентраты. Дайын өнімнің 70 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Өндіріс жұмысын бастауға дайын», - деді телекөпір барысында байланысқа шыққан «Karazhal Operating» ЖШС Бас директоры Жұмабек Жанықұлов.

«Барит концентратының өндірісі мұнайлы Қазақстан үшін маңызды өнім. Оның үстіне, бұл өнімді Ресей мұнайшыларына экспорттаймыз және бұл экспортты біз күткен едік. Ал, «Қаражал» тау-кен байыту комбинаты - Ресей Федерациясымен бірлескен маңызды жобамыз. Қателеспесем, құны 1 млрд долларды құрайды. Екі нысан да өте маңызды», - дей келе ҚР Президенті екі өндірісті іске қосуға рұқсат берді.

Атап өткеніміздей, «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба. Қаражал қаласының келешегі үшін аса маңызды кешен мұнай-газ саласындағы жетекші көшбасшы «Halliburton» компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Мақсат - мұнай-газ өндіруге қажет барит концентратын әзірлеу. «Бестөбе» мен болашағы зор басқа да кен орындарында барит өндіру. Өнім Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан елдеріне экспортталады.