Барлық облыс ауылға келетін жас дәрігерлерге көтерме қаражат бөлуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — 1 қарашаға дейін заманауи перинаталдық орталықтар құжаттамасы әзірленіп, Шымкент пен Қарағандыда құрылысты бастау қажет. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов тапсырма берді.

— Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы және жаңадан ашылатын денсаулық сақтау нысандарын медициналық мамандармен жасақтау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдасын. Біз жыл сайын кадр тапшылығын азайтуға тиіспіз. Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс табуы керек, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьер-Министр өңір әкімдіктеріне босандыру және балалар ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
— Барлық өңірлерде ауылға жұмыс істеуге келетін жас дәрігерлерге көтерме қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық ғылыми орталықтар диагностика мен емдеу сапасын жақсарту үшін өңірлік медициналық ұйымдарға жаңа технологиялар трансфертін тұрақты негізде қамтамасыз етуге тиіс, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауылға жұмыс істеу үшін келген сұранысқа ие дәрігерлердің 8,5 млн теңге көтерме төлемақы алуға мүмкіндігі бар екенін, алайда Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында көтерме төлемақы қарастырылмағанын айтқан еді.