Барлық оқушыны өз баламыздай жақсы көреміз – ШҚО-дағы үздік мектеп директоры

Өскемен іргесіндегі Ахмер кентінде осыдан бірнеше жыл бұрын ғана салынған мектеп бар. Бұл №49 мектеп азғана уақыт ішінде облыстағы ең үздік білім ордасына айналып отыр. Осының құпиясы неде екенін білу үшін ҚазАқпарат тілшісі мектеп директоры Айгүл Қадірованы әңгімеге тартып көрген еді.

ұстаз
Фото: Жеке архивтен

- Білім саласына қалай келдіңіз ?

- Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылының тумасымын. Мектепте 8-ші сыныпты аяқтағаннан кейін Өскемендегі педагогикалық училищеге түстім. Себебі мұғалім болуға бала күннен қызығатынмын. 1984 жылы сол училищені қызыл дипломмен бітірдім. Еңбек жолым Тарбағатай ауданы Шолақорда ауылындағы Бейімбет Майлин мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде басталды. 1995 жылы Өскеменге көшіп келіп, №41 мектепке жұмысқа тұрдым. 4 жылдан кейін қала бойынша «Жыл мұғалімі» атанғаным бар. Жалпы бұл саладағы еңбек өтілім – 39 жыл. 2017 жылдың желтоқсан айында Ахмер кентіндегі мектептің директоры ретінде жұмысқа кірістім. Білім ордасының материалдық-техникалық базасын жаңартуға тырыстым. Бірде Астанаға барғанда Жапон үкіметінің «Шөп тамыры» деген жобасын естіп қалдым. Соған өтінім жіберіп, 20 млн теңгедей қаражат ұтып алдық. Сөйтіп, мектепке пластик терезелер салғыздық. Осы уақытта кентте жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатты. Маған сол жақты да бақылап жүру тапсырылғандықтан құрылысшылармен үнемі байланыста болып, қажетті құрал-жабдықтарды түгендедік. 2020 жылдың қаңтар айында №49-шы жаңа мектепке директордың міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Ең әуелі лицензия алумен айналысып, ішкі-сыртқы тазалық, безендіру жұмыстары атқарылды, мұғалімдерді іріктедік. Сол жылдың қыркүйек айында сабақ та басталды. Жалпы мектептің жобалық қуаты – 1000 бала. Бірақ алғашқы жылы бірден 1200 оқушы қабылданды. Бұл сан жыл сайын артып келеді. 2021 жылы – 1350, 2022 жылы – 1450 болса, биылғы оқу жылында 1530 бала оқуда.

ұстаз
Фото: Жеке архивтен

- Биыл облыс бойынша «Үздік мектеп» атандыңыздар. Сонда бұл мектептің басқадан қандай өзгешелігі, артықшылығы бар ?

- Біздің мектеп әскери-патриоттық тәрбие бағытында жұмыс істейді. Ахмер кентінде әскери бөлім де орналасқаны белгілі. Сондықтан мектепке осындай стратегиялық жоспар жасалған. «Жас сарбаз», «Жас бүркіт» «Жас құтқарушы» сыныптарын аштық. Оған ата-аналардың өтініштеріне қарай балаларды қабылдаймыз. Осы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, дұрыс құндылықтарға баулимыз. Былтыр қала мектептерінің директорларына бұл бағыттағы жұмыстарымызды таныстырдық. Бұдан бөлек, бізде балалардың бос уақытын ұйымдастыруға, ән-бимен, спортпен айналысуына жағдай жасау үшін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бала жақсы білім алуы үшін ұстаздардың деңгейі жоғары болу керек қой. Өзім Педагогикалық шеберлік орталығының тренері ретінде мұғалімдерге көрген-түйгенімді үйретіп келемін.

Былтырғы оқу жылын аяқтағаннан кейін облыс әкімінің гранты сарапқа салынатын «Үздік білім беру ұйымы» байқауына қатысуға бел байладық. Оған соңғы 3 жылдағы көрсеткіштеріміз енді. Оқытудағы ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгізу, мектептің материалдық-техникалық базасы, инклюзивті білім беруге жағдай жасау, әдістемелік ғылыми жұмыстар сынды критерийлер болды. Түлектердің ҰБТ-дағы нәтижелері де есепке алынды. Сөйтіп, өңірдегі барлық мектептердің ішінен біздің көрсеткіштеріміз үздік болып шығып, жеңімпаз атандық.

ұстаз
Фото: жеке архивтен

- Енді жеңіп алған 25 млн теңге грантты қалай жұмсайсыздар ?

- Ол қаражат әлі бізге аударылмады. Бірақ қай бағытқа жұмсайтынымызды ойластырып қойдық. Мектебіміздегі робототехника кабинетінде робот жасайтын құрал-жабдықтар жоқ. Сол жабдықтарды және кабинеттерге заман талабына сай интерактивті тақталар, моноблоктар, принтерлер сатып алғымыз келеді. Тағы бір мақсатымыз бар. Бүгінде облыс бойынша бірде бір мектепте гидропоника кабинеті жоқ. Сондай кабинетті бізде ашсақ дейміз. Онда қысы-жазы түрлі өсімдіктерді топырақсыз сумен өсіреміз. Балалар онда тәжірибе жасап, ғылыми жобаларды қолға алады. Сайып келгенде бұл оқушыларды ғылым саласына баулиды.

ұстаз
Фото: жеке архивтен

- Мектепте мұғалім тапшылығы жоқ па ?

- Тапшылық жоқ. Кадрлар тұрақты. Ахмер кентінен қаланың басқа жағына көшіп кетіп жатса да жұмыс ауыстырмай, осында келіп жүретіндер де бар.

- Сіз Кеңес үкіметі кезінде де, егемендік алғаннан кейін де білім саласында жұмыс істедіңіз. Қазіргі және бұрынғы оқыту әдісінде айырмашылық көп пе ?

- Әрине. Бұл өзгерістердің жақсы және жаман тұстары бар. Заманауи технологиялар, оқытудың жаңа озық әдістері оқытушылардың қолын ұзартты, жұмысын жеңілдетті. Алайда білім мазмұны қиындап кетті. Бастауыш сыныпта математика пәнінің материалдары өте күрделі болғандықтан балалардың қызығушылығы төмендейді.

- Жақсы мұғалімнің бойында қандай қабілеттер болуы керек ?

- Мұғалім ең бірінші балаларды жақсы көруі керек. Сонда ол шынайы жанашыр болады. Біз мектебіміздегі барлық оқушыны өз баламыздай жақсы көреміз. Оқытушыларымыз әркез шәкірттерінің қамын ойлап тұрады. Одан кейін білімді болуы тиіс. Үнемі ізденуден, өзін жетілдіруден шаршамауы қажет. Ұстаздық жұмыс деген күнді өткізіп, жалақы алумен шектелмейді, оның миссиясы жоғары. Жақсы мұғалім соны сезіне білу керек.

ұстаз
Фото: Фото: жеке архивтен

- Кейбір ата-аналар баласының оқу үлгерімі төмен болса немесе бір жағдайға ұрынып жатса мектепті, мұғалімді кінәлап шыға келеді. Бұған не дейсіз ?

- Ең бірінші ата-ана мен мұғалім дос болу керек. Егер әке-шешесі мектепті сыйласа, онда бала да сыйлайды. Сыйламаса, бала да сыйламайды. Өкінішке қарай, осылай өз баласына теріс тәрбие беретіндер бар. Мектепте ешкім бала жаман болсын демейді. Әрбір мұғалім оқытып, шама-шарқы жеткенше тәрбие береді. Ата-ана осыны түсініп, көмектесіп, мұғалімдермен қоян-қолтық жұмыс істесе сонда нәтиже болады.

- Бір сөзіңізде сабақ қиын болғандықтан балалардың қызығушылығы төмендейді деп қалдыңыз. Сонда сабақтың жеңілдеу болғаны дұрыс па ?

- Білім мазмұны барлық балаға түсінікті болуы керек деп ойлаймын. Білім берудің басты ресурсы – оқулықтар дұрыс, сауатты жазылуы тиіс. Соңғы жазылған оқулықтар балалар үшін ауыр, оқыту бағдарламасы қиын. Бала үшін оқу қызықты болу қажет. Ал қызықсыз болса оқимын деп келген баланың ынтасы түседі. Кітап деген қорқынышты дүниеге айналады. Сондықтан бағдарлама жеңілдеу болып, түсінікті тілмен жазылғаны жөн. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары түгел сабақты 5-ке бітірсе, онда ары қарай қызығып, бесінші сыныпта оқуды ары қарай қағып әкетер еді. Ал бастауышта тауы шағылған, сағы сынған оқушылардың үлгерімі одан сайын төмендей береді. Осы жағына көңіл бөлсек деймін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Талғатжан Мұхаметбекұлы