Барлық ведомстволық жүйе QazTech бірыңғай платформасына көшіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі барлық ведомстволық жүйені QazTech бірыңғай платформасына көшіру жұмыстары туралы айтып берді.

Жаслан Мәдиев
Фото: Ақорда

Министрдің айтуынша, цифрландырудың қарқынды дамуы мемлекеттің цифрлық инфрақұрылымында бірқатар проблемалық мәселе туындатты. 

— Жүйелердің бытыраңқылығын жою үшін оларды QazTech бірыңғай платформасына кезең-кезеңімен көшіру басталды. Өткен жылдың соңында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің толық түгендеуі аяқталды. Ескірген және бірін-бірі қайталайтын ақпараттық жүйелер оңтайландырылады, — деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мысалы, аудит жүргізілген кезде Денсаулық сақтау министрлігінде 30-дан астам жүйе болған, олар оңтайландыру нәтижесінде 8 жүйеге дейін қысқартылып, QazTech платформасына көшіріледі.

— Биыл орталық мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйесінің 30 пайызын көшіру жоспарланып отыр. Киберқауіпсіздікке келсек, барлық қажетті талап қолданыстағы заңнамада бекітілген. Оларды сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту жұмысы жалғасады, — деп толықтырды Ж. Мәдиев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ведомстволық ақпараттық жүйелерді QazTech бірыңғай платформасына көшіру жұмысы кімнің қаражатына жасалатынын сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар