Барлық діндерге теңдей қарау арқылы біз Қазақстанда бірлікті, ынтымақты және достықты сақтаймыз - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық діндерге теңдей қарау арқылы біз Қазақстанда бірлікті, ынтымақты және достықты сақтаймыз. Бүгін Астанада Құрбан айт намазы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай атап көрсетті.
«Әлемде орын алып жатқан барлық қақтығыстар біріншіден, жер үшін тартыстан, шекараның белгіленбегендігінен орын алады. Біз бұл мәселені шешіп қойғанбыз, біздің шекарамыз достық пен тыныштықтың мызғымас қазығы. Екіншіден, қақтығыстар ұлтаралық шиеленістен болады. Өз ұлтыңды өзге ұлттан жоғары қою - ең үлкен күнә. Барлық адамдар бірдей. Барша пенде Алланың тең жаратылды және Жерде солай етіп қалдырылды. Барлығын сыйлау арқылы біз өз еліміздің тыныштығын сақтаймыз», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, елдің іргесін сөгетін тағы бір фактор - дінаралық араздықтар.
«Біз, қазақстандықтар, өз дінімізді - ислам дінін сыйлаймыз және жақсы көреміз. Бірақ біз елдегі азаматтарымыздың өзге де діндері мен сеніміне сыйластықпен қараймыз. Осының негізінде біз xалқымыздың бірлігін, ынтымағын, достығын сақтап келеміз. Осы мерекенің басты мәні де осында жатыр», - деп атап өтті ҚР Президенті.