«Барып кел, шауып келмен жастардың ісі өне ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеңестік кезеңде «барлығын Үкімет шешіп береді» дегенге дағдыланып қалған ел тұрғындары өз беттерінше жеке шаруа ашуға бара бермейтін. Қазіргі тәуелсіздік алған заманда азаматтарымыз әрекет етіп, табыс табуға бейімделіп те алды. Біртіндеп болса да кедергілерді еңсеріп, қиындықтардан шығу амалдарын барынша меңгеріп жатыр. Соның бедерінде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы да жылдан жылға жақсарып келеді. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаевты сөзге тартып, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жолында не істеу керек деген тұрғыда әңгіме өрбіткен. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген депутат: «Мемлекеттік органдар басшыларының есеп беруін нақты нәтижелерге негіздеу мәселесін айта кеткім келеді. Нақты нәтижені әркімге апарып дәлелдеудің қажеті жоқ, өйткені, ол әрбір лауазым иесінің ісінен көрініп тұрады. Бұл жерде мәселе азаматтардың өзі нақты индикаторларға сүйеніп, бюджетті қалыптастыру үдерісіне қатысуы және соның орындалуын қадағалауы керектігі уақыт талабынан туындап отыр. Егер шешімдер көпшіліктің көз алдында қабылданып, оның орындалуы да ашық жүргізілсе және оған азаматтардың өзі қатысса, онда қоғамда тұрақтылық орнайды. Бұл, шынтуайтына келгенде, халықаралық тәжірибеде бар. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, мұндай тәжірибе қазақтарда да болған. Елдік мәселелерге араласқан билерге, ел басқарған ерлерге деген құрмет сақталған. Осының барлығы сенімге келіп тіреледі», - дейді. Сұхбат «Ең басты қағидат - ортақ іске жұмыла білу» деген тақырыппен берілген.

«Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 184 506 адамды құраса, оның 85 мыңнан астамы қалаларда, ал қалғаны ауылдық жерлерде тұрады. Осы орайда, олардың бос уақыттарында немен айналысатыны, әсіресе жұмыспен қамтылуы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Барып кел, шауып келмен жастардың ісі өне ме?» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланым авторының жазуынша, өкінішке қарай, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі біраз уақыттан бері айтылып жүргенімен, нақты шешімі əлі күнге дейін табылмай келеді. Осыдан алты жыл бұрын қолға алынған «Дипломмен - ауылға!» жобасы да оң нәтиже бермей отыр. Аталмыш бағдарлама арқылы көтерме ақша алып, кейін ауылдан кетіп қалған жас мамандар аз емес. Сол сияқты, «жастар тәжірибесі» бағдарламасы да жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға қауқарсыз.

«Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш жылда «жастар тәжірибесі» бағдарламасына 3361 адам қатысып, оған 330 миллион теңге қаражат жұмсалған екен. Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы - 1157, 2013 жылы - 1107, өткен жылы 1097 түлек түрлі мекемелерде іс-тәжірибеден өткен. Ал биылғы жылы 500 жас маманға ғана сұраныс түскен көрінеді. Алайда, басқармадағылар жыл аяғына дейін бұл мөлшерді еселей түсеміз деп сендірді. Бұл солқылдақ жауап. Себебі, өткен кезеңдердегі іс-тәжірибеге тартылған, былайша айтқанда, уақытша жұмыспен қамтылған жас мамандардың саны мыңнан әзер асады. Егер биылдың өзінде жоғары оқу орындары мен колледждерді жеті мыңға жуық жастың бітіргенін ескерсек, бүгінгі бөлініп отырған бос орындар жұмыс іздеуші жастардың, тіпті, жартысын да қамти алмайтынын байқау қиын емес», - дейді мақала авторы.

***

«Айқын» газетінің азуынша, Шығыс Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамыту жайында үлкен жиын өтті. Алдағы атқарылатын жұмыс жоспарлары белгіленді. «Бұл аймақтың балық шаруашылығын дамытуда білек сыбанып әрекет ететіндей жөні бар. Себебі ШҚО-дағы Ертіс бассейні еліміздегі ірі балық шаруашылығы бассейндерінің үштігін қорытындылап тұр. Айта кету керек, бізде ауланатын балықтың 21 пайызы осы бассейнге тиесілі», - деп жазады басылым. Мақала авторының алға тартқан деректеріне қарағанда, елімізде ауланған балықтың басым бөлігін халық күнделікті тұтынады. Өңдеу кәсіпорындарына түсетіндері шектеулі. Демек, бұл сала әлі көңіл көншитіндей деңгейде игеріліп жатқан жоқ. Бүгінгі таңда тіркелген балық комбинаттарының саны - 128. Оның 54-і ғана белсенді түрде жұмыс істеп келеді екен. «Өткен жылы елімізге 34 мың тонна балық және балық өнімдері импорт тауар ретінде әкелінген, ал 20 тонна өнімді біз сырт мемлекеттерге шығарыппыз. Соңғы бес жылдың көлемінде балық өнімдерін экспорттау 22 пайызға төмендеп, керісінше, импорт 10 пайызға артқан. Сараптама қорытындысы бойынша мұның сыры мынада: елімізге өзге мемлекеттерден мейлінше қымбат дайын балық өнімдері әкелініп, ал біздің елден сол 2010 жылдардағы өнімдер - мұздатылған балықтар, біршама дайын өнімдер, балық сүбесі, балықтың дайын бөліктері, жаншылған балық еті, ұлулар мен шаянтәрізділер шығарылады екен», - деп жазады автор. Мақала «Балық шаруашылығы - байлық көзі» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газеті азаматтық қоғам қалыптастыруда маңызды рөлге ие үкіметтік емес ұйымдарды зерттеп, олардың тиімділіктері мен даму деңгейлерін анықтау үшін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен екі апта бұрын басталған, қазірде қарқынды жүргізіліп жатқан жоба аясында Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының басшысы Әлімбекова Гүлжан Тоқтамысқызынан сұхбат алған. Басылым тілшісінің сауалдарында егжей-тегжейлі жауап берген орталық басшысы: «Кез келген уақыт кезеңінде қоғамдық пікір мемлекеттің ары қарай даму даңғылдары мен өрлеу бағыттарын анықтауда маңызды. Бүгінгі таңда әлеуметтік көзқарастың өзектілігі тіптен жоғары, себебі, қоғамда тұрғындардың және ұйымдардың кең көлемді категориясы қалыптасқан. Бұл жоба барысында да, жүргізілетін зерттеу ҮЕҰ өкілдерінің жеке мүдделерімен сұраныстары олар жайлы толық әрі шынайы сипаттама жасауға мүмкіндік беретін болады. Сұхбат барысында ел көшін ілгері жылжытып, мемлекет пен азамат арасындағы алтын көпір саналатын үкіметтік емес ұйымдарға зерттеу жүргізіп, олардың жұмыс жасау жүйесін анықтау маңыздылығын көрсететін орамды ойлар айтылды. Қоғамдық пікірдің айқындылығы мен туралығы ел дамуына қаншалықты әсер етсе, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік көзқарас қалыптастырудағы рөлі соншалықты өзекті», - дейді.

Ресейлік дизайнер Лена Ленская ақтаулық алаяқтың құрбанына айналды. Оның айтуынша, жергілікті таксист құны 91 мың еуроға бағаланған тон мен бағалы заттары салынған чемоданын алып кеткен. Жүгін қайтарып беруі мүмкін деген үмітпен ресейлік қонақ әзірше полицияға шақымданған жоқ», - деп жазады «Экспресс К» газеті. Ұрлық Лена Ленская Ақтау әуежайына ұшып келгеннен кейін бірден орын алған. Ол көлік тоқтатып, жүргізушіге барар жерінің мекенжайын айтқан. «Жүргізуші маған қажетті ғимаратқа тақау бара алмайтындығын айтты. Осыдан кейін мен жүргізуші көліктің жүк салатын бөлігін ашып, чемоданымды алып берер деген оймен түстім. Алайда, ол орнынан күрт қозғалып, кетіп қалды. Есімде қалғаны жүргізуші славян нәсілді болатын», - деп еске алады алаяқ құрбаны.

Соңғы жаңалықтар