«Барыс» командасы жағажай футболынан 2009 жылғы Қазақстан кубогының иегері
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат - Алматы облысы Қапшағай қаласының «Барыс» командасы жағажай футболынан 2009 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Кубок үшін болған турнирде Алматының «Алматы» және Аягөздің «Елсана» командалары тиісінше екінші және үшінші орындарды жеңіп алды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жағажай футболынан Қазақстан біріншілігінде Павлодар облысының «Арман» командасы чемпион атанған болатын. Биылғы маусымда футболдың осы түрінен ел біріншілігінде бас жүлде үшін барлығы алты команда таласты.
Ел кубогының иегері атанған жоғарыдағы «Барыс» командасы - күміс, ал Алматы қаласының «Кристалл» командасы қола жүлдені қанжығаларына байлады. Одан кейінгі орындарды Алматының «Қайрат», Аягөздің «Елсана» және Қапшағайдың «Сарбаздар» командалары иеленген болатын.