«Барыс жылы барын берді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Барыс жылы барын берді» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бастамашы топтың ұсынысын тіркеді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада кеше Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдумның бастамашы тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынылып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулы қабылдағанын жазады. Республикалық референдум өт­кізу туралы бастамашы топты тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына 2010 жылғы 23 жел­тоқсанда ұсы­ныл­ған болатын. «Ұсы­нылған құ­жат­тарға сәйкес 320 адамнан тұра­тын бастамашы топ референдумға қатысу құқы бар және шамамен алғанда әр облыстан, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының астана­сы мен Алма­ты қаласынан тең өкілдік ететін 850 азамат қатысқан жиналыста құрылған еді. Бас прокуратураның ақпараты бой­ынша, жиналыс пен баста­ма­шы топты құру «Республикалық референдум туралы» Консти­ту­ция­лық заң та­лаптарына толықтай сәйкес келеді»,-делінген мақалада.

Басылымда атап көрсетілгеніндей, «Заң­намаға сәйкес референдумды тағайын­дау туралы мәселеге бастамашылық ету үшін референдум бастамашылары бар­лық облыстарды, Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы мен Ал­маты қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қолын, яғни әрбір өңірден 12,5 мыңнан кем емес қол жинауы тиіс».

Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі нөмірінде «Еуразия келешегінің жаңа іргетасы» атты көлемді материал басылды. Мұнда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті жөнінде толымды ойлар айтылады. Еуропалық қауіпсіздіктің па­ра­дигмасына өзгеріс енгізілгелі отырған Астана қаласында Еура­зияның жаңа келешегі қаланды. Бұл күнге Қазақ елі ерен еңбек­тің нәтижесінде қол жеткізді. Мем­лекеттің ішкі тұрақтылығын сақ­тай отырып, сыртқы байла­ныс­тарды жоғары деңгейде да­мы­ту - үлкен жауапкершіліктің иесіне тән қасиет. Елінің келешегін бү­гін­нен еңселі еткен Елба­сына хал­қымыздың сенімі мол. Батыс құндылықтары мен шы­ғыс дәс­түрлерінің синтезі негізіндегі Қа­зақстанның бағынды­рар белестері әлі алда деп білеміз», - делінген мақалада.

***

«Барыс жылы барын берді». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде дәл осындай тақырыппен өткен жылға шолу жаалған мақала басылды. «Біз бұл жылы не бітірдік?» деген сауалға жүгініп өрілген мақалада барыс жылында атқарылған жеткен жетістіктеріміз бен жіберген кемшіліктеріміз сараланады. Мақалада Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Астана Саммиті, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының қабылдануы, Кедендік Одақтың құрылуы сынды еліміздің тұғырын биіктеткен шаралар шолу жасалынған. «Біршама уақыттан соң Барыс жылын «ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жыл, Астана Саммиті өткен немесе Қызылағаш пен Тарбағатайды су алған, Кедендік Одаққа енген, Бәкиев төңкерілген жыл» деп еске алармыз»,-делінген мақалада.

***

«Айқын» газетінің 28 желтоқсандағы санында «Жаңа жобалар жасампаздықтың бастауы болмақ» атты мақала оқырманға жол тартты. Мақалада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырушы мемлекеттік оператор ретінде өздерінің не бітіргендері жөнінде ел алдында есеп бергені жазылған. "Суперхолдинг ҮИИД бағдарламасы аясында 21 жобаны іске асыруда екен. Жалпы құны 22 миллиард доллар болатын тағы 21 ірі жобаны осы қорға кіретін Қазақстанның Даму банкі қолға алған екен. Ұлттық әл-ауқат қорының таратқан ақпарына жүгінсек, «Самұрық-Қазына» отандық энергетика саласына салынған барлық инвестицияның 93%-ын бір өзі қамтамасыз етіпті! Ол ол ма, қазақстандық мұнай өңдеу секторына және еліміздегі инфрақұрылымды жаңартуға құйылған қаржылардың 86%-ы да - осы қордың үлесінде. Мұны азсынсаңыз, Қазақстанның жаңа-жаңа еңсе тіктеп, қаз тұрып келе жатқан химия өндірісі мен фармацевтикасына тартылған бүкіл инвестицияның 84%-ы - осы суперхолдингтікі екенін айтуға болады. «Самұрық-Қазына» басшылығы Мемлекет басшысына өздері қолға алған жобалардың құрылысы 32,5 мыңнан астам жұмыс қолын қажет ететіндігін, ал олардың жүзеге асуы нәтижесінде 6,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылатындығын мәлім етті", -делінген мақалада.

«Көксарайдың бірінші кезегі іске қосылған биылғы 10 ақпанда Шардара қоймасындағы судың көлемі 4749 млн текше метрге жетті. Артық су Көксарайға жинақталды. Шардарадан төмен қарай секундына 1 мың текше метр су тасталды. Бұл Қызылорда облысы үшін өте қауіпті еді. Бірақ жіберілген судың 300 текше метрін Көксарайға алу арқылы Сырдария өзенінің төменгі аумақтарын су басып қалу қаупін азайтуға қол жеткізілді. 30 наурызға дейін тоспада 913 млн текше метр сапалы су жинақталды. Ол Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ гидротехникалық құрылғыларының көмегімен ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруға, көлдерді толтыруға және Арал өңірінің экологиялық жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға пайдаланылды. Соның есебінен күріш егістігі 77,4 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға артты. Енді бір айдан соң тоспаның құрылысы толық аяқталып, ресми түрде іске қосылады». Бұл айтылған дүниелер «Айқынның» бүгінгі нөміріндегі «Көксарай - қай жағынан да тиімді» деген тақырыппен басылған мақалада айтылады. Мақалада Көксарай су реттегіші құрылысының барысы, Солтүстік Арал өңіріндегі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық ахуалына қатысты дүниелер қамтылған.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Нурсултан Назарбаев - архитектор безъядерного мира» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Мақалада атап көрсетілгеніндей, 50- жылдары ядролық қаруды иелену - қыруар қаражатты қажет ететін. Және оны кез-келген мемлекеттің қалтасы көтере бермейтін болған. Қазір бәрі өзгеше - технологиялар мен ыдыраушы материалдар ашық түрде немесе қара нарықта еркін сатылып жатыр. Ядролық қаруға қажетті шикізатты кез-келген ел ала алатындай дәрежеге жетті. 90- жылдардың басында биполярлы әлемдік жүйенің құлауы көптеген «кіші мемлекеттердің» ядролық қаруды иеленуге деген құлшынысын арттыра түсті. «Көріп отырғанымыздай, ядролық қарусыз әлем түйткілі халықаралық қатынастың әділ әлемдік архитектурасын құру қажеттігілігіне тәуелді. Әлемдік масштабтағы саясаткер Н.Назарбаев дәл осы ажыратылмайтын екі ұғымға басты екпін беріп отыр»,-делінген мақалада.