Бас банкир экономиканы долларсыздандырудың негізгі үш бағытын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов экономиканы долларсыздандырудың негізгі үш бағытын атады. Еске салайық, жалпы отырыста «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.

 Бас банкир экономиканы долларсыздандырудың негізгі үш бағытын атады

Бюджет өзгерістерін талқылау барысында депутат Айгүл Соловьева экономиканы долларсыздандыру мәселесін көтерді. «Елбасы осыдан бес жыл бұрын экономиканы долларсыздандыру туралы идеясын айтқан еді. Бұл ретте әлемдік валюта елдер арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асуы керектігіне назар аударылған болтын. Осы бағыттағы жұмыс белсенділігін арттыру туралы Президент жақындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Осыған орай, Ұлттық банк теңгенің экономикадағы рөлін нығайтып, доллардан кету үшін қандай шаралар қабылдайды?», - деді депутат. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкіметпен бірлесе отырып, экономиканы долларсыздандырудың 2015-2016 жылдарға арналған арнайы шаралары қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл - негізінен ортамерзімді міндет. «Жоспар басты үш бағытқа негізделеді. Бірінші бағыт - макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл негізінен Үкімет және Ұлттық банкпен жүргізілетін барлық макроэкономикалық саясатқа арналады. Оның аясында инфляция үдерісін ырықтандыру, экономиканы әртараптандыру шаралары арқылы жүзеге асады. Екінші бағыт - қолма-қол ақша операцияларын азайтып, көлеңкелі айналымды төмендету. Мұнда қандай да бір шетелдік валютаның айналымына тыйым салу емес, ұлттық валютаның рөлін арттыру туралы сөз болып отыр. Соның ішінде қолма қол ақша айналымын төмендету бойынша шаралар көзделеді, жеке тұлғалар арасында жылжымайтын, жылжымалы мүлікті сатып алу-сату барысында осы мәселелерді реттеу қарастырылады. Әрине, бұған уақыт керек. Дегенмен, әлемнің барлық елдерінде әртүрлі транзакцияларда қолма қол ақшасыз операциялар айналымы артып отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмайды, алдағы уақытта кезең-кезеңімен заңнамалық өзгерістер енгізбекпіз. Үшінші бағыт - ұлттық валютаның шетелдік валютаға қарағанда басымдығын көтеру. Бұл үшін ең алдымен тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасын шетелдік валютада көрсетуге тыйым салынатын болады. Соның ішінде «шартты бірлік» деген секілді атауларға да тыйым салу қарастырылған. Теңге бойынша депозиттерге кепілдендіру көлемін 5-тен 10 млн. теңгеге дейін арттыру қарастырылады. Керісінше, шетелдік валютадағы депозиттерге ставкаларды 3 пайызға дейін төмендету көзделеді», - деді Ұлттық банк төрағасы. Бас банкирдің а йтуынша, долларсыздандырудағы маңызды шараның бірі - қаржы-банк секторын дамыту.