09:12, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі артық - баспасөзге шолу
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 қараша, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

*** Жамбыл облысында 11 миллиард 20,2 миллион теңге игерілмей қалды. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, облыс әкімі Қанат Бозымбаев бюджеттік қаражатты игеруде орын алған кемшіліктер мен оны игеруде туындаған кейбір мәселелер бойынша кеңес өткізді. Өңір бюджетінің қаржы-қаражаты жоспар бойынша 159 миллиард 324,7 миллион теңге болса, 2013 жылдың 1 қарашасына дейін оның 148 миллиард 304,4 миллион теңгесі (93,1%) игеріліпті. Игерілмеген қаржы көлемі - 11 миллиард 20,2 миллион теңге. Оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен игерілмеген ақша 3 миллиард 520,7 миллион теңгені құрайды. Тақырып ауаны талап пен тәртіп тұрғысында өткен кеңес қорытындысында елдің әлеуметтік жағдайын көтеріп, қала мен даланың ажарын ашу үшін берілген қаржыны уақтылы игере алмаған басшыларға облыс әкімі сөгіс жариялап, ескерту берді. Мысалы, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Р.Байтелиевке және ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы А.Нұралиевке сөгіс жарияласа, Талас (Д.Рымтаев), Жамбыл (Р.Рысбай) аудандары мен Тараз қаласының (Б.Орынбеков) әкімдеріне ескерту берді. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ж.Тұяқов пен Қордай ауданының әкімі Н.Календеровтің жауапкершіліктері еңбек демалысынан оралған соң қаралатын болды. «Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі артық». Әкімдер мен басшыларға да сөгіс алып, ескерту ести берген жақсы емес. Сондықтан ең абзалы - бөлінген ақшаны дер кезінде игеру. Өйткені, таяқ еттен өтсе, сөз сүйекке жетеді», - деп жазады басылым «Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі артық» атты мақаласында. Кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы «жасыл экономика» туралы айтпас бұрын энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсеткен еді. Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз, ал Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілерінде шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Инвестор Вайзер түк бітірмей кетті. Енді қалалық кәсіпорын бауырын көтере ала ма?» деген мақаласында жазады. Басылымның атап өтуінше, осындай кемшіліктер Орал қаласындағы коммуналдық шаруашылық қызметтерінде де көптеп кездеседі. Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, тасымалдап жоюмен айналысып келген арнайы автокәсіпорын таратылып, орнына «ОралТазаСервис» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Мұнда мемлекеттің үлесі 30 пайызды құраса, жеке тұлғаның үлесіне оның негізгі бөлігі, яғни 70 пайызы жатады. Бұл арада жеке тұлға, жеке капитал деп үкілеп, ерекшелеп айтып отырған адамымыз германиялық инвестор Грегори Вайзер мырза болып отыр. Алайда шетелдік инвестор қалалық кәсіпорынның қызметін жақсартуға көк тиын қаражат салмаған. Сондай-ақ, жаңа техникалар сатып алып, ескірген автопаркті жаңартуға да басын онша қатыра қоймапты. Мұндайда есіл текке кеткен уақыт-ай демеске лажың жоқ. Мұндай көзқарастың салқыны қала тазалығына кері әсерін тигізді. Тұрмыстық қалдық та жиналмай, тау-тау болып үйіліп қалатын көңілсіз көріністер орын ала бастады. Сөйтіп, жеке инвестор сенімді ақтамаған соң, тағы да сол бәсекелестікті реттеу агенттігінің рұқсатымен «ОралТазаСервисті» биылғы қазан айының басында қайтадан коммуналдық меншік құзырына алуға тура келген. Г.Вайзер арнаулы кәсіпорын қызметін жүйелі жүргізу ісінің негізгі жауапкершілігін өзіне ала отырып, неліктен іс-әрекетсіз, қимыл-қарекетсіз қалды? Сонда оның көздегені не? Қазіргі жағдайда шетелдік инвестормен бұл сауалдар төңірегінде үн қатысу мүмкіндігі болмағандықтан, бұл сауалдарға толыққанды жауап қайтару қиын-ақ. Дегенмен, қазақы қара ақыл мен қазіргі қисынға сай тереңірек ой жүгіртіп көрсек, бар қимыл-қозғалысы мен іс-әрекетін таза еуропалық стандарттармен өлшеуге әрекеттенген капитал иесі біздегі көрсетілген қызметке ақы төлеуді қажет деп таба бермейтін, оны сағызша созатын жауапсыздықтан ішін тартып қалған сияқты көрінеді. Тұрғындар мен заңды тұлғалардан жиналмай қалған 71 миллион 210 мың теңге көлеміндегі шығынды жеке капитал өз есебінен жабуға құлықты болмайтыны белгілі емес пе?-дейді мақала авторы. *** Соңғы үш жылдың ішіндегі статистикалық деректер динамикасы жол-көлік оқиғалары (ЖКО) салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер санының күрт өскендігін көрсетіп отыр, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жол апатын қалай азайтамыз?» деген мақаласында. Басылымның жазуынша, Республика бойынша жол апаты көрсеткішінің жалпы мәліметі мынандай: 2010 жылы - 12008 ЖКО орын алып, 13878 адам жарақат алған, қаза болғаны - 2797. 2011 жылы - 12019 ЖКО, 14000 адам жарақаттанған, қаза болғаны - 2707. 2012 жылы - 14168 ЖКО, 11951 адам жарақат алған, қаза болғаны - 3022. Ал биылғы жылдың 9 айында - 15397 ЖКО орын алды, 19964 адам жарақат алған, қаза болғаны - 2138. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік органдарды ғана емес, бүкіл қоғамды қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты Бас прокуратура ЖКО санының артуына мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларға талдау жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды. ЖКО салдарынан қаза болғандар санының өсу себептерін талдау нәтижесіне қарағанда, олардың саны соңғы жылдары күрт өскендігін байқауға болады. Бұл оларды есепке алу тәртібінің өзгеруіне байланысты. Бұған дейін «қаза болғандар» ретінде ЖКО салдарынан 7 тәулік ішінде қайтыс болған адамдар есепке алынатын. Жаңа талаптар бойынша бұл мерзім 30 тәулікке дейін ұзартылды. Екіншіден, 2010 және 2011 жылдарға келтірілген статистикалық деректерді жол полициясы органдары қалыптастырған, ал 2012 жылдан бастап оларды есепке алуды Бас прокуратура жүргізетін болды. ЖКО есепке алу функциясын жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауапты органның құзыретінен алып қою шынайы статистикалық есеп жүргізуге мүмкіндік берді. Осыдан бастап ЖКО көрсеткіштері өсе бастады. Шын мәнінде, жол апаттары да, одан зардап шеккендердің саны да жарияланып жүрген шамадан көбірек екен. Бас прокуратура жол апаттарына себеп болатын Жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) бұзушылықтарға да талдау жасаған. Олардың ішіндегі ең негізгісі және ең қауіптісі - жылдамдықты асыру деп танылды. Үстіміздегі жылы осындай себептен 3699 ЖКО орын алып, онда 822 адам қаза болыпты. Жылдамдықты асырудан қаза тапқандар саны көрсеткіш бойынша ең жоғары тұр. Одан кейін мас жүргізушілердің апатты жағдайларға ұшырауынан көп адамдар қайтыс болады екен. Алкогольден және есірткіден мас күйінде 666 ЖКО орын алып, 51 адамның көз жұмуына себеп болды. Бас прокуратураның бөлім бастығы Азамат Дүйсембековтің айтуынша, қайғылы жағдайлармен аяқталған ЖКО орын алуының тағы бір аса маңызды себебі шаршау, көлік тізгінінде ұйықтап кету болып табылады. Биыл осындай жауапсыздықтың салдарынан 48 адам қаза болған. Тексеру нәтижесі жүргізушілер арасында еңбек және демалыс режимін бұзушылықтың кең таралғандығын көрсетіп отыр. Жүргізушілердің еңбегі мен демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды пайдалану ережелерінде тұрақты бағыттарда жүргізушілердің күнделікті көлік құралдарын басқару ұзақтығы 9 сағаттан аспауы тиіс екендігі көзделген. Осыған байланысты жүргізушілердің еңбек және демалыс режимдерін бұзғандығы үшін олар жұмыс істейтін ұйымдардың міндетті жауапкершілігін енгізу ұсынылды. Бұл жұмыс берушіден заңнаманы сақтау бойынша нақты шаралар қабылдауын талап етеді. «Бұл ретте Жол полициясы қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқаруы жол қозғалысына қатысушылардың құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Осындай жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, бұған дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнама кешенді түрде реформаланбағанын назарға ала отырып, Ішкі істер министрлігіне бірлесіп ұсыныстар әзірлеу және оларды жүйелі деңгейде және ұзақ мерзімді түрде әрі қарай іске асыру үшін жұмыс тобын құруды тапсыру ұсынылды, - дейді Бас прокуратураның Әлеуметтік саладағы заңдылыққа қадағалау жасау жөніндегі бөлімінің бастығы Азамат Дүйсембеков. Шынын айтқанда, ипотека қарызын кешіру - өте күрделі мәселе. Сырттан 4-5 пайызбен жеңіл қарыздарды күреп тұрып алған банктер, оны елдің ішіне 20-25 пайызбен жұртқа үлестіргені бүгінгідей көз алдымызда. Солай олар байыды да. Бұл туралы «Айқын» газеті жазып отыр. «Жалғыз баспанасын ипотекалық несиеге алғандардың басым бөлігі оны жаба алмай, зар илеуде. Олар екінші деңгейлі банктердің есік алдын тоздырып, алған несиелері бойынша негізгі қарыздың 50-70 пайызын, сонымен қатар өсімақы мен сыйақылық пайызды жауып тастауды сұрауда», - дейді басылым. Заман өмір бойы осылай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандай» болып тұрады деп ойлап қалған жұрт та ертеңін ойламай, оңды-солды таратылған несиеге суатқа бас қойған жылқылардай лап берген болатын. Алды-артын ойламай, алдағы он-он бес жылына шолу жасап, өздеріне-өздері есеп бере алмаған жұрт бүгінде жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупімен күн кешуде. Яғни, ішкендері ірің, жегендері желім. Бұған кім кінәлі, қарыз алушының болашақтағы төлем қабілетін зерттемей несие берген банктер ме, әлде өзінің шамасын білмей, басын қамытқа тыққан жұрт па? Бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. - Бұл жерде ипотекалық несиесін жаба алмай, қарызы басынан асып кеткендерге дұрыс ақыл айтып, жөн көрсете қою мүмкін емес. Себебі ипотекалық несиенің негізгі қарызының жартысына жуығын жауып тастауға банктердің құлықты емес екендігін түсіну де керек. Кезінде берілген қарыздарды бүгінгі банктердің акционерлері не үшін біз жабуымыз керек деп те ойлайды. Өздеріңіз білесіздер, 2006-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін банктердің акционерлері де өзгерді. Бұл мәселеде бір ғана болар-болмас үміт бар, Үкімет кепілдікке қойылған жалғыз баспанасы барларды сол отырған пәтерінен шығарып тастамаудың амалын қарастыруы тиіс. Ал қарыздарының 50-70 пайызын жапқызып тастауға Үкімет те, басқа да бұйрық бере алмайды. Өйткені ол банктердің өзінің қожайындары бар. Егер банк қожайындары қарыз иелерімен ортақ бір келісімге келіп, мәселені шешіп жатса жақсы, олай болмаған күнде ешкім де араға түсе алмайды, - дейді белгілі қаржыгер, экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров. Мақала «Ипотека қарызын кешіру заңды ма?» деген тақырыппен берілген.