Бас қаланың үш анығы

«...Ірі мемлекет басшысының өз астанасына жақсы жер таңдауы маңызды болып табылады. Астананы оңтүстіктен орналастырған басшы солтүстіктегі билікті жоғалтуға тәуекел етеді, ал оны солтүстікке орналастырған басшы оңтүстіктегі билікті де оңай сақтап қалады.
None
None

Мен жеке оқиғалар жайында сөз қозғап отырған жоқпын: механикада үйкеліс күшімен жиі кездесуге тура келеді; ол күш теорияның қорытындыларын өзгертеді немесе жоққа шығарады; осыған ұқсас үйкеліс күші саясатта да кездеседі».

Шарль Луи Монтескье,
Францияның мемлекеттік қайраткері.
«Заңдар рухы туралы» трактат. 314-бет.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халқымыздың дәстүрiнде Шығыстық, Батыстық сәулет өнерiнiң небiр үлгiлерiн меңгеруде ежелден тәжiрибесi бар. Оның құлан түзде шатыр көтергенi бүгiн емес. Адам ата ең бiрiншi үйдiң қадасын қаққаннан бастап өзiн сәулетшiмiн деп санаған екен. Кезiнде қазақ даласында мейлiнше гүлденген Тараз, Құлан, Сауран, Отырар, Құмкент, Атакент сияқты небiр шаһарлар болған. Өкiнiшке орай, олардың бәрi аумалы-төкпелi замандарда қирап, үйiндi астында қалған. Рас, қазақ жерiндегi қазiргi қалалардың көбi Кеңес заманында бой көтердi. Оларды тек жергiлiктi ұлт өкiлдерi ғана емес, әртүрлi ұлт өкiлдерi тұрғызды. Сондықтан олардың бәрi қазақы болмысқа сай келмейдi деу дұрыс бола қоймас.
Бiз шаһар салсақ та, оны нақты дәлел-айғақтармен көрсете алмай келдiк. Содан келiп, қазақ жерiнде қала да, кент те, өркениет iздерi де болған жоқ. Бұл өлкенi мекендеген халық ғасыр­лар бойы көшiп-қонумен ғұмыр кешкен деген байлам жасатып алдық.
Әлемдегi көптеген халықтар жерасты үңгiрiн мекен еткенде кең даланы жайлаған қазақтар жер бетiнде қыстаулар салды. Бұл болашақ шаһар салудың алғашқы факторы. Алтай мен Едiл аралығындағы қыстаулар орнында кейiн алып шаһарлар салынды. Бiз iргелi қалалар салып жатқанда да, қыстаулардың орны айрықша болып, ол елдiк, тұтастықты ту етуге баянды қызмет еттi.
Ескi тарихқа үңiлсек, Әмiр-Темiрден кейiнгi Самарқанд әмiршiсi Жалаңтөс баһадүрмен қатар, Азияның тау-тастарын, ұлан-ғайыр далаларын, тұлпар тұяғымен таптаған моңғол империясы өзiнiң алып күшiнiң айбынын асыру үшiн Құбылай ханның жарлығымен жазық пен үстiрттiң ортасынан ойып отырып, Астана салуды қолға алыпты.
Көне жәдiгерлерден бiзге «Ханбалақ» деген атымен мәлiм қаланың жобасы, тарихи деректерге сүйенсек, 1266 жылы тамыз айынан - 1274 жылдың желтоқсанына дейiн созылыпты. Осы жобаны жасап шығу қазақ ұлтының өкiлi - Елқыдырға тапсырылыпты.
Бұл - бүгiнгi Бейжiң қаласы. Құ­бы­лай ханнан кейiн де, дүние неше шай­қалып өзгерсе де, ұлы сәулетшi Елқыдырдың салып кеткен шаһарының жобасы толықтырылып отырылғаны болмаса, үлкен өзгерiске ұшырамаған. Демек, миллиардтан астам халқы бар аспан асты елiнiң астанасының iргетасы мен алғашқы қазығы қазақ ұлтының қолымен қаланғанын бүгiнгi күнi мақтаныш етуге болады.
Сәулет өнерiнiң бүгiнi мен ертеңi бағзы көне замандардан бастау ­алады. Оның қазақ даласындағы жарқын дәлелi ретiнде Түркiстандағы Қожа ­Ахмет ­Ясауи кесенесi, Жаркенттегi Уәли мешiтi, Тараздағы Айша бибi кесенесi сияқты сәулет өнерiнiң таңғажайып туындыларын айтуға болады.
Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi бiрiншi ғасырдың соңында өмiр сүрген даңқты сәулетшi Марк Поллион сәулет өнерi туралы: «Түрлi саланың қатысуы арқылы пайда болған жұмыстардың ең соңында сәулетшiнiң елегiнен өтетiндiгi тегiн болмаса керек.

Сәулетшi ғылымды қабылдай алатындай табиғатынан талантты адам болуы керек» деп ой түйген едi. Ал ХХ ғасырдың ұлы сәулетшiсi Ле Корбюзье: «Сәулетшi сезiмтал әрi өнердiң тәжiрибелi бiлiмпазы болуы керек. Ол тек қана инженер, құрылысшы емес, дәрiгер, психолог және мiндеттi түрде суретшi әрi ақын болуға тиiс» деп жазады. Астананың алғашқы сәулетшісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы талап биiгiнен табыла бiлген қайраткер.
Әлемдегi ең iрi қалалар Шанхай, Токио, Мәскеу, Каир бiр-бiрлерiне тiптi ұқсамайды. Себебi бұл қалалар бiрер ғасыр iшiнде бой көтермеген. Олар әртүрлi тарихи, мәдени жағдайда бой түзеген.
Бүгiнгi бiздiң салып жатқанымыз әлемдегi өзге қалаларға ұқсамайтын сәулет өнерiнiң адамзат ой-қиялынан туындаған ғажайып туын­дысы. Оны бiз айтқан жоқпыз. Әлем мойын­дады.
Анабір жылы Мәскеу үкiметi және халықаралық астаналар мен iрi қалалар Ассамблеясы (ХАҚА) «Мегаполис: ХХI ғасыр» атты халықаралық форум ұйымдастырды. Оған ТМД мемлекеттерiнiң 100-ге жуық iрi қалалары қатысты. Форум бағдарламасы бойынша «ТМД-ның ең озық қаласы» атты көрме өткiзiлдi. Бай­қауда Ресей, Қазақстан, Украина, Молдова, Бе­ларусь, Қырғызстан және Грузия астаналары бақ сынасты. Байқау қорытындысы бойынша Ас­тана қаласы тоғыз аталымда жеңiмпаз атанды.
Сәулет өнерi тұтас бiр ансамбльдi құрайды. Оның жұмысына басқару функциясымен бiрге әлеуметтiк жауапкершiлiгi зор әлеуеттi күштердiң бәрi қатысады. Сондықтан оны айналып өту мүмкiн емес. Форумда Астана қаласы, «Қаланы қарқынды және тұрақты дамыту үшiн», «Тиiмдi басқару үшiн», «Озық технологияларды дамытқаны үшiн», «Мәдени-тарихи ескерткiштердi сақтағаны және қорғағаны үшiн», «Серiктестiк қатынастарды дамытқаны үшiн», «Мемлекеттiң жаңа астанасы ретiндегi қаланың стратегиялық жобаларын жасағаны және дамытқаны үшiн», сондай-ақ «Қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жетiстiктерi үшiн» жүлдегер атануы бүгiнгi Астанамыздың жан-жақты дамуын айғақтайды. Бұл - бүгiнгi Астанамыздың аз ғана уақыттың ішінде қол жеткен табыстары. Ұлттық менталитетiмiзге сай келетiн аса бай композицияны, қалалық ансамбльдердi құрау бiр күннiң емес, ондаған жылдардың жұмысы екендiгi айқын. Мұндай жобаны Астана қаласында бой көтерiп жатқан кез келген ғимараттың бойынан көруге болады.
Немiстiң ұлы ақындарының бiрi: «Архитектура - таспен жазылған құдіреттi музыка» деп айтпақшы, Астанадағы «Бәйтерек», «Салтанат сарайы», «Пирамида», «Хан шатыр» сияқты ғажайып ғимараттар адамзаттың биiк ой-толғамынан шыққан туындылар.
Астана - Бәйтеректен бастау алады. Ол - Астананың символы десек те, оның бойынан ұлтымыздың ұстынын көремiз. «Бәйтерек» пен «Мебиус лентасы» Еуразиялық бiрлiгiмiздi, жалпы, «Бәйтерек» монументi - жер, өмiр және көк аспанның үйлесiмiн бiлдiредi. Қос құрлықтың үн қатысуын айшықтайды. Бұл - Астананың бiрiншi анығы.
Даналықтың сыры - ел мұқтажын өзгелер­ден тереңдеу ойлап, оның қажеттiлiгiн айшы­лық жерден көре бiлуде жатыр. Астананың Сарыарқаның қақ жүрегiнде бой көтеруiнiң мәнi болашақ дамуымыздың көкжиегiн көрсетедi. Бұл шара геосаяси, стратегиялық жағынан да дұрыс саяси шешiмi болатын.
Құрылыс iстерi қай дәуiрде де сәулет өнерiне иек артқан. Сондықтан да оның араласпайтын саласы жоқ. Соңғы жылдары Бразилия қаласы сәулет өнерiне басыбайлы бағыныста болып, соның ықпалымен бой көтердi. Қаланың бас жоспарында көлiк мәселесi өте үлкен шеберлiкпен және уақыт талабына сай шешiмiн тапқан. Онда тоқтаусыз жүретiн машиналар жолдары бiрнеше деңгейде өтедi, жеңiл машина мен жүк машиналары жүретiн жолдар бөлек, автокөлiк тұратын орындар ыңғайлы жерге орналасқан, жаяу жүретiн адамдар үшiн де жол қауiпсiз. Астанада қазiр және болашақта жүргiзiлетiн жұмыстар осы талап биiгiнен көрiнетiнi анық.
Елбасының 1998 жылғы наурызда республикамыздың шығармашылық, ғылыми зиялы қауым өкiлдерiмен кездесуiнде айтқан сөзi қоғам өмiрiне үлкен серпiлiс әкелгенiн мойындағанымыз абзал.
Президент өз сөзiнде: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз мекен еткен қасиеттi қазақ жерiнiң бiр бөлiгiн - аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетiндер бар кезде, солтүстiктегi шұрайлы өңiрге суық көзiнiң сұғын қадайтындар бар кезде бiз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едiк» деген едi. Мемлекет басшысының осынау ой байламында үлкен көрегендiк жатқан болатын. Мұның өзi сол кездегi жат пиғылдылардың арам ойына бұғаулық салудағы бiрден-бiр тегершiк болатын.
Қала құрылысының салу мәдениетiнде болашақ шаһардың бой көтеретiн географиялық аумағы оның халық тұруға жайлылығы, қаланың басқа аумақтармен қарым-қатынас жасауға қолайлылығы ескерiледi. Бұл ретте, Астана жоғарыдағы барлық талаптарға жауап бере алады.
Ескi бiр аңыздарда көне грек елiнде қала салатын жерге байланысты мынадай бiр әпсана сақталыпты дейдi сәулет өнерiнiң профессоры Шота Уәлихан ағамыз.
«Ескендiр Зұлқарнайдың аты әлемге жайы­лып тұрған кезi болса керек. Динократ атты сәулетшi онымен тез арада кездескiсi келсе де, сәтi түспей қояды. Сәулетшi Ескендiрдiң шатырына жақындап барады. Өзi ұзын бойлы, көз тартарлықтай сұлу жiгiт болса керек, үстiндегi киiмiн шешiп тастап, денесiне жылтыратып май жағып, иығына арыстан терiсiн жамылып, қолына гүрзi алып, патшаға қарай ұмтылыпты. Диуаналау жiгiтке назар аударған Ескендiр оны шақырып алып, оның кiм екенiн сұрапты. «Мен, Македониядан келген сәулетшiмiн» деп бастапты сөзiн Динократ. «Сенiң даңқыңа сай жоба әкелдiм. Афон тауынан сенiң мүсiнiңдi қашамақ ойым бар. Сол қолыңның алақаныңа үлкен қала салмақшымын, ал оң қолыңда таудан құлаған бұлақтардың суы жиналатын үлкен кесе болады. Кеседегi суды кейiн теңiзге ағызамын» дептi. Тамаша жобаға таңғалған патша: «Құрылыс салынатын жердiң айналасында қала халқын астықпен қамтамасыз ететiндей егiстiк алқап бар ма екен?» деп сұрапты. «Ондай жер жоқ» деген жауап алғаннан соң, сәулетшiге: «Динократ, сенiң жобаңның көркемдiк шешiмiн жоғары бағалаймын және оған таңғалып тұрмын, бiрақ жаңа туған бала емшектен айырылса, күнi қараң болатыны сияқты, қала халқын аш ұстай алмаймыз, дәл мына жерге құрылыс салуға болмайды екен» дептi. Осы бiр аңызда шындық жатыр! Иә, аңызда да шындық бар. Бүгiнгi Астананың айналасы халықтың өз нәпақасын айыруға толық қауқары жетедi. Ол астықты өлке. Бұл - Астананың екiншi анығына саяды.
Қазақ елiнiң тарихында үш астанасы болды. ХХ ғасырдың еншiсiнде қалған астаналар көшi өз заманына қарай тиесiлi мiндеттерiн атқарды. Уақыт тұтқынында қалған ол қалалар әр кездерде түрлi атаулармен аттарын өзгертiп отырды. Ор өзенiнiң бойындағы алғашқы астанамыз - Орынбор аталса, орталықтың 1925 жылы Ақмешiтке көшуiне байланысты оның аты Қызылордаға өзгертiлдi. 1929 жылы астана Алматыға көшiрiлгенде оның аты көштен бiраз бұрын Верный атауынан өзгертiлген екен.
Астанасын да, оның бастапқы атын өзгерткен де жалғыз Қазақстан емес. 1868 жылы Жапонияның императоры Муцухито ел астанасын Киотодан Эдоға көшiрiп, кейiн ол атау Токио болып өзгертiлген. Норвегияның астанасы - Осло 1614 жылы түбiрiне дейiн жанып кеткен. Оның орнына салынған жаңа қаланың аты сол тұстағы монахтың құрметiне Кристания деп аталып, 1925 жылы Осло (орман iшiндегi алаңқай) деген атын қайтарып алыпты. Канада мемлекетiнiң астанасы - Оттава («үлкен өзен» дегендi бiлдiредi) ХIХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бой көтерген. Оның бұрынғы атауы Ридо каналын салушы, полковник Байтаунның атында болған. Финляндияның астанасы - Хельсинки қаласының аты картада 1917 жылы пайда болған. Ол - 1550 жылдан берi Гельсинчфорс деген атпен аталған. Данияның астанасы - Копенгаген бұрын Хавн қаласы деп аталған. Испанияның астанасын араб әмiрлерiнiң бiрi - Маджерид деген кiсi тұрғызған. 1561 жылы король ІІ Филипп ел астанасын Вальядолидодан - Жаңа Кастильоға көшiрген. Кейiн ол Маджеридке ауысып, соңынан Мадрид деп аталып кеткен. Португалия астанасы - Лиссабонның бастапқы атауы Олисипо болған. 711 жылдары бүкiл Пириней түбегi арабтардың билiгiнде болуының арқасында ол Аль Ошбуни, Лишбуна аталған. Кейiн қала немiстердiң ықпалында қалып, ол Лисбоа деп өзгертiлген. Бүгiнгi адамзат баласының көз құртын жейтiн Париж қаласы ежелгi Кельт тайпасының астанасы болып, кейiн Цезарь тұсында Лютенция (балшық қала) аталған. 1325 жылы ацтектердiң жалаң қолымен бой көтерген Мехиконың астанасы - Теночтитлан (ұйқыдағы ару немесе темекi шеккiш еркек) испан жаугершiлiгi заманында жермен-жексен етiлiп, 1535 жылы қайтадан бой көтерген. Бертiн келе, қала Мехико атауына ие болған. Куба мемлекетiнiң астанасы - Сан-Кристобаль-де-Абана деп аталған. Кейiн ол Кариб теңiзiнiң батыс жағалауына көшiрiлiп, 1519 жылы Гавана деген атпен аталған. Тайланд елiнiң астанасы - Сиам, Индонезияның астанасы - Ботавия аталған, кейiн олар Бангкок, Жакарта деп өзгертiлген көптеген мысалдар бар.
Бұл жайттер бiзге де үлкен ой салғаны анық. Патша үкiметi әйгiлi Қараөткелдi Ақмолаға өзгертсе, Кеңес үкiметi оның өз саясатына қарай Целиноград деп өзгертуге мәжбүр болған. Үшiншi рет қазақ елiнiң астанасының орналасқан жерiн және оның атын өзгертудi қазақ елiнiң өз байламына қалдыруы тәуелсiздiкпен бiрге келген үлкен сыбаға деп бiлген жөн. Ол қоғамда үлкен талас тудырған жоқ.
Жалпы, Астана атауы - парсы ұғымында босаға, табалдырық, салтанатты орданың қақпасы деген байыпты ұғымды бiлдiредi екен. Бұл - Астананың үшiншi анығы.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

 

Соңғы жаңалықтар