15:39, 20 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Бас прокурор Асхат Дауылбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды. Облыс әкімдігінде ол облыс әкімі Қ.Көшербаевтың, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен азаматтардың конституциялық құқытарын қорғау, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиналыс өткізді.

Мұнай өндіруші кәсіпорындардың еңбек ұжымдарының басшылары және өкілдерімен кездесуде Бас Прокурор еңбекшілердің өзекті мәселелерін, соның ішінде жұмысшылардың наразылықтары және жұмыстан босатылғандарды жұмысқа орналастырумен байланысты мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар А.Дауылбаев облыс прокуратурасы ұжымымен жедел кеңес өткізіп, соның нәтижесі бойынша басым бағыттарға, атап айтқанда діни экстремизмге тосқауыл қою, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және бизнеске әкімшілік қысымды азайту бойынша қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Бас Прокурор сондай-ақ облыстық прокуратураның жаңа ғимаратының ресми ашылуына қатысты, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі