«Бас тартудан бас тарту қазақылығымыздан қашу емес пе?» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 11 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Естімеген елде көп». Жуырда «Бас тарту жоралғысы патенттелді» деген жаңалықты естіп, таңғалдық. Медицина ғылымдарының докторы Сағит Иманғазинов қонақтың алдына малдың басын тартудың орнына, қойдың басына ұқсас фарфордан жасалған ыдысты «тартуды» ұсыныпты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Бас тартудан бас тарту қазақылығымыздан қашу емес пе?» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының жазуынша, ғалым ұсынысы бойынша, әлгі ыдысқа құйқа, ет және тіл салынады. Ал бастың қос құлағы, екі көзі, таңдайы табаққа айналдыра қойылуы тиіс. Құрметті қонақ, міне, осы «фарфор ыдыс - бастың» қақпағын ашып, дәм татады да ары қарай жөн-жобасымен үлестіре бастайды. Міне осы мәселеге қатысты өз ойымен бөліскен автор: «Атақты Әл-Фараби мен бүгінде «Алтын адам» аталып кеткен сауытты жасаған шеберлер мен оны тұтынған хандар мен ханзадалар, шын мәнінде біздің ежелгі ата-баларымыз болса, онда халқына бас асып жеудің зиянын ұрпақтарымыз ешқандай «модернизацияға», «реформаға» ұрынып, әуре болмасын деп, сол кезде-ақ айтып, жазып кетпес пе еді? Қазақ халқына гигиеналық тазалықты сақтауды үйретудің қажеті жоқ. Қайта қазақтан үйрену керек. Өйткені, олардың өмірі мен салт-дәстүрінің өзі тұтастай гигиена ғылымынан тұрады», - дейді.
Үстіміздегі жылы Алаш арыстары - Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың толық ақталып, халқына қайта оралғандарына ширек ғасыр толады. Кезінде олардың әдеби мұраларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында қоғам қайраткерімен өрбіген сұхбат «Алаш арыстары қалай ақталды?» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Атыс-шабысқа, қуғын-сүргінге толы болған жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқы небір асыл ұлдарынан айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Сол кезде елді үрей биледі. Зорлық-зомбылық елесі қазақтың кең даласын бертін де кезіп жүрді. Дегенмен, халық Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек сияқты ұлы адамдарын ұмытқан жоқ. Олардың өлеңдері мен поэмаларын жаттап алып, айтып жүрді. Көбіне халық шығармасы дейтін. Сол жүректерді баураған жырлардың шын авторлары кімдер екенін, мүмкін, жастар жағы білмеген шығар, ал, үлкендердің іштері сезетін», - дей келе, бес арысты ақтап алу жолында көрген қиыншылықтарын кеңінен әңгімелеп берген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ақын Олжас Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ақын «Қазақстан үшін басты қауіп не?» деген сауалға: «Ең басты қауіп - жемқорлық. Бізде ағаш өңдеу саласы әлдеқашан ұмыт қалса да жемқорлық арасының дауысы бұрыш-бұрыштан естіледі. Мемлекеттік деңгейде де, ұжымдық деңгейде де. Бюджетті жан-жақтан кескілеп, аралап жатыр. Алтын ұнтақтары шенеуніктердің қалтасын ғана емес, офшорларда қазаққа тиісілі тесіктердің бірін толтырып жатыр», - дейді.
***
«Экспресс К» газетінің бүгінгі санында жарияланған «А вместо сердца - пламенный мотор» деген тақырыптағы мақалада оралдық медиктердің өз жұмыстарына енгізген жаңалықтары жайында кеңінен тарқата баяндалған. Басылымның атап өтуінше, қаладағы жедел жәрдем стансасы ендігі уақытта көліктерді жөндеу жұмыстарымен айналысу құқығын жеңіп алыпты. «Дәрігерлердің негізгі қызметтеріне нұқсан келтірмей отырып, халыққа ақылы қызмет көрсетуді жақсы өмір мен жеткілікті жалақының болғандығынан енгізбегендігі анық. Әйтпесе, сервистік тізбеге УЗИ мен емдік массаждан басқа токарлық жұмысты, арнайы жабдықтаған цехта көлік жөндеуді қоспас еді ғой», - деп жазады мақала авторы. Жедел жәрдем стансасы шаруашылық жүргізу құқығында болғандықтан ақылы қызметтер тізбесін кеңейтуге мүмкіндіктері бар әрі оны олар қаперлерінен де шығарған емес. Мәселен, оралдық «жедел жәрдем» ендігі уақытта науқастар мен мүрделерді қалаішілік тасымалдау қызметімен де айналысатын болады.
Алматылықтар темекіні бір талдап сататындарды түрмеге отырғызуды ұсынуда. Бұл жайында «Литер» газетіндегі «Опасная доступность» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Жарияланымда қазақстандық жастардың арасындағы шылымқорларға қатысты жаңа статистикалық деректер берілген. «Алматылық жасөспірімдер арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу Қазақстанда бозбалалардың, әсіресе, қыздардың арасында темекіге бой алдырғандардың саны жылдан жылға артып бара жатқандығын анықтауға мүмкіндік берді», - дейді басылым. Сондай-ақ мақалада келтірілген дерекке қарағанда, әлеуметтік зерттеуге қатысқандардың, яғни 7,11 сынып оқушыларының шамамен 24 пайызы шылымқор көрінеді. Ал темекі шегетіндер арасында қыздардың үлесі басым.