16:02, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бәсекеге қабілеттілік ауқымды индексінің рейтингісінде Қазақстанның ұстанымдарын арттыру мәселелері талқыланды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен «Дүниежүзілік экономикалық форум - бәсекеге қабілеттілік ауқымды индексінің рейтингісінде Қазақстанның ұстанымдарын арттыру» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжіліс жұмысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры Болат Төкежанов, С.Асфандияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Айқан Ақанов, Педиатрия және балалар хирургиясы Ғылыми орталығының директоры Сәуле Диқанбаева, Туберкулез проблемалары орталығының директоры Шахимұрат Исмайлов, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, Елбасының халыққа жолдауында айтылған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру жолындағы тұрақты дамудың аса маңызды индикаторының бірі болып халық денсаулығы саналады. Сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форум - бәсекеге қабілеттілік ауқымды индексінің рейтингісінде мемлекеттегі халықтың болжалды өмір ұзақтығын өсіру де басты орында саналатын индикатор. Сондықтан бұл көрсеткішті өсіру үшін біздің елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру, сәби тууды арттыру, туберкулез бен АҚТҚ/ЖҚТБ таралуы көрсеткіштерін төмендету бағытында жұмыстар істелуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстандағы жалпы аурулар ауыртпалығының 64,5 пайызы темекі, алкогольді көп мөлшерде тұтыну, қан қысымының жоғарлығы, дене шынықтырудың төмендігінен деп көрсетілген. Отырысқа қатысушылар осы бағыттағы қателіктердің алдын-алу үшін денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында үкіметтік емес ұйымдарға көбірек көңіл бөлінуі тиіс дейді. Бұл бағытта биылғы жылы салауаттты өмір салтын қалыптастыруға бөлінген бюджеттен 1 миллиард 050 миллион теңгенің 10 пайызы үкіметтік емес ұйымдарға берілмек. Елдің денсаулық сақтау рейтингін көтеру мақсатында ақпарат құралдарында да насихатты күшейту керек дейді маңызды шараға қатысушылар.