«Басымдықты пайдалана алмағанымыз өкінішті»: «Қайрат» бапкері «Пафосқа» қарсы матч жайлы пікір білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық «Қайрат» клубының бас жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында өткен «Пафосқа» қарсы тең аяқталған матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Уразбахтин жанкүйерлерге қолдау білдіргендері үшін алғыс білдіріп, ойын басында алған артықшылықты команда іске асыра алмағанын мойындады.
— Әрине, көңіліміз түсті, бірақ қарсыласқа да құрмет көрсету керек. «Пафос» осы турнирде біраз тәжірибе жинап үлгерді. Олар «Олимпиакоспен» тең ойнады. Бүгінгі кездесудің басым бөлігінде олар бір ойыншыға кем ойнады. Соған қарамастан бірнеше қауіпті сәт ұйымдастыра алды алды. Бізге кей сәттерде сәттілік серік болды, бұл ретте Темірлан Анарбековтің үлесі зор. Оған ойыны үшін алғыс айтамын. Иә, біз өз мүмкіндігімізді пайдалана алмадық, бірақ, бәлкім, солай болуы керек болған шығар. Біз кішігірім қадамдармен алға жылжимыз, алда әлі талай матч, жеңістер де келеді. Жігіттерге жанкештілігі, ойынға деген ықыласы мен дайындығы үшін алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар жанкүйерлерге де рахмет — стадион төңірегіндегі әңгімелерге қарамастан, олар келіп, бізге қолдау көрсетті. Жеңіспен қуанта алмағанымыз үшін сәл көңіліміз түсті, бірақ біз болашаққа сеніммен қараймыз, — деді Р.Уразбахтин.
Сондай-ақ жаттықтырушы матчтың басынан-ақ команда ойыншылар саны жағынан артықшылыққа ие болады деп күтпегенін айтты. Алайда бұл жағдай олардың шабуылға бағытталған ойын стиліне әсер етпеген. Оның айтуынша, «Қайраттың» бірнеше жақсы мүмкіндігі болды, бірақ қарсылас тас қамалдай тойтарыс беріп, жоғары деңгейдегі қорғаныс көрсетті.
Чемпиондар лигасындағы болашақ мүмкіндіктер жайлы айта келе, Уразбахтин бастысы — команда өз стилінде, батылдықпен, жанкештілікпен және мінезбен ойнауы керек екенін атап өтті. Сонда нәтиже де көп күттірмейді. Сондай-ақ ол мұндай деңгейдегі ойындарда тәжірибе жинау команда үшін өте маңызды екенін жеткізді.
Айта кетсек, «Қайрат» өз алаңында Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Пафоспен» өткен кездесуде тең ойнады.