Басқа жаққа қоныс аударғандардың зейнетке шығу құқығын шектеу қаншалықты заңды
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық Сот Қазақстаннан тысқары елге қоныс аударған азаматтардың зейнетке шығу құқығын шектеудің Конституцияға сәйкестігін тексереді.

Конституциялық Сот таратқан мәліметке сенсек, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының Әлеуметтік кодекстің 196-бабы 1-тармағының, 202-бабы 2-тармағының, 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының және Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларының (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығы) 5-тармағы бесінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдаған.
— Өтініш беруші Кодекстің және Қағидалардың дауланып отырған ережелері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтардың зейнетақы құқығын Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтардың құқықтарымен салыстырғанда кемсітеді деп есептейді, өйткені азаматтардың екі санаты да еңбек қызметін жүзеге асыра отырып және салықтарды төлей отырып, мемлекет пен қоғам алдындағы өз міндеттемелерін орындады, — делінген хабарламада.
Тексеру барысы мен нәтижелері туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланатыны хабарланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуын бақылауды күшейткенін жазған едік.