22:25, 25 Тамыз 2014 | GMT +5
Баскетболдан Еуропа-2015 чемпионаты өтетін ел қыркүйекте белгілі болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 5-20 қыркүйек күндері өтетін баскетболдан Еуропа чемпионатын ұйымдастыратын ел осы жылдың 8 қыркүйегінде белгілі болады, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

2015 жылғы Еуропа чемпионаты Украинада өтуі тиіс еді. Алайда Украина елдегі орын алып отырған саяси дағдарысқа байланысты турнирді өткізуден бас тартты.
Қазіргі уақытта чемпионатты өткізуге сегіз ел, атап айтқанда, Франция, Хорватия, Финляндия, Германия, Израиль, Латвия, Түркия және Польша үміткер болып отыр.
2015 жылғы Еуропа чемпионатында 24 команда қатысады. Турнирдің ақтық кезеңінің жолдамасына қазірдің өзінде осы жылғы әлем чемпионатына өнер көрсеткен Испания, Франция, Литва, Хорватия, Словения, Украина, Сербия, Грекия, Түркия мен Финляндия, сонымен бірге алғашқы іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен Эстония командасы иелік етіп үлгерді.