Баспана бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін – сарапшы себебін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты алдағы уақытта пайдалануға берілетін баспана бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Мұндай пікірді Салық кеңесшілері палатасының сарапшысы Ұлан Бәтенов білдірді.
- Қазіргі таңда құрылыс компаниялары жеңілдетілген декларция негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын тұлғаларға жұмсалатын шығындарын шегерім ретінде қолданыла алмайды. Нақты айтқанда, олардан тауар сатып алғанда табысы бойынша шегерім болмайды және оған 20 пайыз корпоративтік табыс салығы салынады. Осы мәселені шешу үшін арнайы ұсыныстарымыз бар, - дейді ол Қазақстан құрылысшылар одағында өткен баспасөз мәслихатында.
Осы ретте палата сарапшысы құрылыс компанияларының арнайы салық режимін қолданатын тұлғаларға жұмсалатын шығындарын корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім ретінде қолдануы керек деп есептейді. Сонымен қатар ол құрылыс компаниясы жариялаған тендерде жеңімпаз атанған мердігердің ұсыныстарын 20 пайызға көтеруге мүмкіндік беру керектігін айтады.
- Тендерге арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер, жалпыға ортақ салық режимін қолданатын заңды тұлғалар қатыса алады. Бірақ, арнайы салық режимін қолданатын мердігерден тауар сатып алғанда салық қиындықтары туындайды. Сатып алушы шығынды шегерім ретінде қолдана алмайды. Сондықтан тендерде жеңімпаз деп танылған салық режімін қолданатын мердігердың ұсыныстарын құрылыс компаниясының 20 пайызға көтеруіне мүмкіндік беру қажет. Сонда сатып алушы құрылыс компаниясына экономикалық тұрғыда тиімді болар еді. Ал қазір салық төлеуші корпоративтік салықтан ұтылып отыр. Ол 100 мың теңгеге тауар сатып алса, оның үстіне 20 мың теңгені салық ретінде төлейді. Демек, 100 мың теңгені өзінің шығыны ретінде пайдалана алмайды,- деді Ұлан Бәтенов.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта елімізде баспана бағасының 20 пайызға көтерілуі мүмкін екенін жасырмайды.
- Жаңа Салық кодексі биыл ғана енгізіліп, соған орай жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер пайдалануға берілген жоқ. Бірақ, құрылыс компаниялары жеке кәсіпкерліктен сатып алған тауарлары үшін кеткен шығындарын табысынан шегере алмаса, онда жылжымайтын мүліктерін 20 пайызға қымбаттатуы әбден мүмкін, - деді сарапшы.
Жеке кәсіпкерлердің жалпыға бірдей салық режимін қолдануына не кедергі?
Салық кеңесшілері палатасының басқарма төрағасы Андрей Хорунжийдің пайымынша, жеке кәсіпкерлер үшін жалпыға бірдей белгіленген салық режимі айтарлықтай тиімді. Себебі, жеке кәсіпкерліктің алып отырған маржасы 10 пайыз болса, осы 10 пайыздан төлейтін 10 пайыз салығының мөлшері 1 пайызды құрайды. Бұл тіпті жеңілдетілген салық режимі үшін белгіленген ең төменгі мөлшерлемеден де аз.
- Дегенмен, олардың жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолдануына кедергі келтіретін мәселелерге назар аудару қажет. Біздің ойымызша, жеке кәсіпкерлер үшін негізгі проблемалардың біріншісі – корпоративтік табыс салығын есептеудің күрделілігі. Екінші маңызды мәселе – бухгалтерлік есеп жүргізу міндеттілігі. Көптеген жеке кәсіпкерге бухгалтерлік есеп жүргізу тіпті қажет емес. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге негізделген нұсқалардың бірі ретінде арнайы жеке салық режимін енгізуді қарастыруға болады. Ол іс жүзінде жалпыға бірдей белгіленген салық режимінің оңайлатылған нұсқасы болар еді. Осылайша, егер салық режимінің өзі кірістер мен барлық шығыстарды қарапайым түрде есепке алуды көздейтін болса, онда мұндай кәсіпкерлердің салықтық есептілігі бар болғаны екі көрсеткіштен – кірістер мен шығыстардан тұрар еді. Олардың арасындағы айырмашылық не пайда, не шығын болады. Тиісінше, пайдаға 10 пайыз мөлшерінде салық салынады. Жоғарыда айтып өткенімдей, экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл салық салу шарттарының анағұрлым тиімді болуына алып келуі мүмкін, - деді ол.
Оның атап өтуінше, жеке кәсіпкерлерге бухгалтерлік есеп жүргізуді міндеттемей, олар қарапайым салық тіркелімі негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік берілген.
- Мұның үстіне кірістер мен шығыстардың барлығы электрондық мүмкіндіктер арқылы, яғни электрондық шот-фактуралар арқылы тіркелетін болса, онда кәсіпкерге өзінің салықтық есебін жүргізу жеңіл әрі қарапайым болар еді. Сонымен қатар мемлекет кәсіпкердің қызметі туралы толық ақпаратқа ие бола отырып, алдын ала декларациялау жүйесін енгізе алады. Негізінде мұндай мүмкіндік қазірдің өзінде бар. Өйткені төлемдердің басым бөлігі цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылады, - деді Андрей Хорунжий.
Бұған дейін ел тұрғындары баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы төлемдерінен 27,5 млрд теңге жұмсағанын жазған едік.