Баспананы тасқын мен өрттен міндетті сақтандырудың алғашқы шарттары белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы тасқыннан кейін тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігі көп айтылды. Биыл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталмыш тетікті Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы аясында екі негізгі заңды жаңарту арқылы енгізбек. Құжат қабылданса, тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен міндетті болады.

сақтандыру
Коллаж: Kazinform

2024 жылдың сабағы 

2024 жылғы бірнеше өңірді қамтыған тасқыннан кейін мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Үкімет дерегіне сүйенсек, үйлерді жөндеуге, жаңасын салуға және дайын баспана сатып алуға 251 млрд теңге бағытталған. Бұл ретте кейбір тұрғындар мемлекет ұсынған өтемақы көлемі баспананы қалпына келтіруге кететін нақты шығынға сәйкес келмегенін айтып шағымданды.

тасқыннан зардап шеккендерге мемлекет салып берген баспана
Фото: ҚР Үкіметі

Осы тәжірибе табиғи апаттан келген шығынды өтеудің қазіргі тәртібін қайта қарауға түрткі болды. Қазір мұндай жағдайда негізгі салмақ мемлекетке түседі: залал бағаланады, бюджеттен ақша бөлінеді, үй жөнделеді немесе жаңа баспана беріледі. Жаңа ұсыныс бойынша енді қаражатты апат болғаннан кейін іздемей, оны алдын ала жинау көзделіп отыр.

Ол үшін тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізіледі. Бағдарламада жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттерінен тұрғын үйлерді қорғау қарастырылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстандағы үй иелерінің небәрі 3,2 пайызы ғана баспанасын сақтандырған. Алматыда бұл көрсеткіш 7,7 пайызға жетеді.

Дегенмен соңғы жылдары елде сақтандыру нарығы айтарлықтай өсті. 2025 жылы сақтандыру компаниялары жинаған сыйлықақының жалпы көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда нарық 12,5 пайыз, ал соңғы бес жылда 3,3 есе ұлғайған.

Страхование жилья
Фото: Midjourney

Мүлікті сақтандыру да өсім көрсетіп отыр. Бірақ оның тұрғын үйге әсері әзірге шектеулі. Соңғы бес жылда ерікті мүліктік сақтандыру шарттарының саны 12 пайыз, сыйлықақы көлемі 51 пайыз өскенімен, баспанасын сақтандырғандардың үлесі әлі де өте төмен.

Сондықтан жаңа тәртіпте тұрғын үйді сақтандыру міндетті болмақ. Жалпы Қазақстанда міндетті сақтандырудың сегіз түрі жұмыс істейді. 2025 жылы осы бағытта 272 млрд теңге сыйлықақы жиналды. Сақтандыру төлемдері 157 млрд теңгеге жетіп, барлық төлемнің 34 пайызын құрады.

Тұрғын үйді міндетті сақтандырудың жылдық жарнасы алғашында 1 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болсын деп ұсынылған.

Ұлттық банк пен агенттік ұсынған нұсқада төменгі шек 2-20 мың теңге диапазонындағы жарна көзделіп отыр.

Бұл сома барлық тұрғынға бірдей болмайды. Жарна тұрғын үй орналасқан аумақтың табиғи қауіп деңгейіне қарай сараланбақ. Демек, табиғи апат қаупі жоғары жерде тұратын адам көбірек төлеуі мүмкін. Бірақ 2 мың теңгеден аз болмайды, 20 мың теңгеден аспайды.

Апаттан кейінгі төлем көлемінің де шегі бар. Қазіргі ұсыныс бойынша алғашқы кезеңде сақтандыру төлемі жарна мөлшерінің 500 есесіне дейін болуы мүмкін. Яғни жылына 2 мың теңге төлеген азамат 1 млн теңгеге дейін, ал 20 мың теңге төлеген адам 10 млн теңгеге дейін төлем алуы ықтимал.

2024 жылғы тасқын кезінде кейбір азаматтар мемлекет ұсынған өтемақының үйді қалпына келтіруге кететін нақты шығынға жетпегенін айтқан еді. Сондықтан жаңа жүйеде де төлем мөлшерінің нарықтағы құрылыс құнымен арақатынасы маңызды болады.

Құжаттағы ұсыныс бойынша алғашқы кезеңдегі төлем қираған үйдің толық құнын жабуға емес, зардап шеккен адамның бірінші кезектегі қажеттіліктерін өтеуге бағытталмақ. Ал қордың қаражаты көбейген сайын төлем көлемін ұлғайтып, кейін үйді қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға жеткілікті деңгейге жеткізу көзделген.

Жарнаны жинап, төлемдерді ұйымдастыру үшін бірыңғай оператор құру ұсынылады. Оның міндеті тек ақша жинаумен шектелмейді. Оператор зардап шеккендерге төлем жасауға және ірі шығындарды қайта сақтандыруға қатысады.

Мұндай тәсіл табиғи апаттың ерекшелігіне байланысты қажет. Бір тасқын немесе жер сілкінісі кезінде мыңдаған үй қатар зардап шегуі мүмкін. Сондықтан мұндай шығынды сақтандыру компанияларының жеке-жеке көтеруі қиын. Ортақ қаражат жинап, қор қалыптастыру және ірі шығындарды қайта сақтандыру арқылы жабу тиімдірек.

Бұл тәсіл басқа мемлекеттерде де қолданылады. Мысалы, Түркияда 1999 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жүйесі енгізіліп, арнайы қор құрылды. Жарна өңірдегі қауіп деңгейіне қарай белгіленеді, ал тәуекелдің бір бөлігі халықаралық қайта сақтандыру арқылы жабылады.

Испанияда табиғи апаттардан келген шығынды өтеуге арналған мемлекеттік қор бар. Францияда мемлекет жүйеге қайта сақтандыру арқылы қатысады.

Жылына 20 мың теңге аз ба, көп пе?

Қазақстандағы жаңа жүйенің ауқымы да аз емес. «Сақтандыру нарығы туралы» Заң мен ілеспе заңдарды жаңаша редакциялау саясатының консультативтік құжатында ел аумағының шамамен 75 пайызы табиғи апат қаупіне бейім екені көрсетілген (ЮНИСЕФ бағалауы). Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сәйкес, 16 өңірде жер сілкінісі мен су тасқыны қаупі бар. Бұл аумақта 3 миллионнан астам тұрғын үй және шамамен 15 млн адам тұрады.

Сайып келгенде, жаңа жүйенің басты өзгерісі – мемлекет табиғи апаттың бүкіл шығынын апат болғаннан кейін бюджеттен өтеудің орнына, оның бір бөлігін алдын ала жинақталған қаражат есебінен жабуға көшпек.

Сколько стоит застраховать недвижимость в Казахстане
Коллаж: Kazinform; Midjourney

Ал азамат үшін ең маңызды сұрақ қарапайым: жыл сайын 2-20 мың теңге төлегенде, апат болған жағдайда шынымен қанша ақша алады және сол ақша үйін қайта қалпына келтіруге жете ме?

2025 жылдың соңында сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,9 трлн теңгеге, меншікті капиталы 1,1 трлн теңгеге жетті. Сол жылы барлық сақтандыру түрлері бойынша 461,4 млрд теңге төлем жасалды. 2025 жылы мүліктік сақтандыру бойынша 302,7 млрд теңге сыйлықақы жиналды. Бұл жалпы сақтандыру сыйлықақысының (1,7 трлн теңге) 17,8 пайызына тең. Алайда осы соманың ішінде тұрғын үйді сақтандырудан бөлек ғимараттар, кәсіпорын мүлкі, көлік емес басқа мүлік сияқты басқа бағыттар бар екенін ескеру керек.