Басты мақсат - егістік жерлерді әртараптандыру

АСТАНА. ҚазАқпарат - Егін шаруашылығында ағын суды үнемдеу, ағын су теуелділігін шешу мақсатында «Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы мақтаның егістік алқабын әртараптандырудың 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары" әзірленіп, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілуге ұсынылды. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Басты мақсат - егістік жерлерді әртараптандыру

Аталған қаулы жобасының іс-жоспарына сәйкес, егіс көлемін әртараптандыру бойынша егіс құрылымы бекітіліп, онда мақтаның егіс көлемін 28 мың га қысқарту қарастырылады. Ал оның орнына жеміс-жидек дақылдары, көкөніс және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайтылып, орташа есепен қосымша 32 млрд. теңгеге өнім өндірілетін болады.

«Облыста соңғы жылдары егістікті қажеттілікке қарай әртараптандыруға үлкен көңіл бөлінуде. Мал азығы дақылдарының көлемі 27 мың гектарға артып 206 мың гектарды құраса, тиісінше мақтаның егіс көлемі 7 мың гектарға кеміп 141 мың гектарды, майлы дақылдар 14,0 мың гектарға азайып 106 мың гектарды құрады» делінген баспасөз баянында. Бұдан бөлек, облыста тамшылатып суару әдісімен қосымша 6 мың гектар қамтылып, оның жалпы көлемі 27 мың гектарға жетті. Бұл республикадағы үлестің 72%-ын құрап отыр.