Бата беруді білеміз бе

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында батагөй ақсақалдарды таба алмайтынымыз рас. Ал той-домалақтарда батаның орнына тілек айтып, соңынан «Әумин!» деген сөздің орнына «Сол үшін!» деп шатасып жататынымыз тағы бар.
None
None

Оған күлеміз де қоямыз. Алайда оның астарында үлкен проблема - руханият, тіл мен тәрбие мәселесінің жатқанын ашық айтпасақ та, іштей жақсы түсінеміз. ҚазАқпарат тілшісі Наурыз мейрамы алдында зиялы қауым өкілдерінен батаның кейбір нұсқаларын жазып алып, қазақтың осы бір тәрбиелік мәні бар дәстүрін тағы бір мәрте еске түсіргенді жөн көрді. Айта кетер жайт, зиялы қауымның арасында батаны «ортағасырлық ақыл айту» деп санайтындар да кездеседі.   

Халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, профессор Серік Негимовтің айтуынша, қазақтың бата сөздерінде табиғат пен адамзаттың барлық құбылыстары қамтылған. Тіпті, үйде отырып қалған қыз немесе үйленбей жүрген сақа жігітке арналған бата сөздері де бар. «Бата адам баласына көркемдік сезім ұялатады. Бата әсерлендіреді, қанаттандырады, толғандырады, биікке жетелейді, парасаттың биігінде болуға үндейді. Тілдік ортаны жасайды. Сол арқылы жастар ұлт тілінің гармониясын, рухын қабылдайды. Осының барлығын бұрынғы ата-бабларымыз білген. Негізі, қасиетті, көркем бата сөздердің адам тағдырына да әсер ететінін ұмытпау қажет», - дейді Негимов.

 

Ғалымның ойынша, қазіргі кезде батагөй ақсақалдардың азайып кетуіне кеңестік саясат та өз әсерін тигізді. «Өйткені кеңестер кезінде «бата», «би», «Алашорда», «әмеңгерлік» деген сөздерді айтқызған жоқ. Бұл қазақтың қасиетті болмысының шарттары ғой», - деп атап көрсетті Серік Негимов.

Ал жазушы, драматург Төлен Әбдік адам заманына қарай тіршілік етуі керек деп санайды. «Қазіргі адамның көзқарасында өзгешеліктері бар. Бүгінгі адам өз тағдырын өзі жасауы қажет. Тілекті тек құдайдан тілеу ғана емес. Ол да керек. Бірақ бүгінгі адамның негізгі міндеті - өз тағдырына өзі қожа болуы, қоғамдағы орнын өзі анықтау, өз мәселесін өзі шешу. Осыған біз қол жеткізгенде ғана азаматтық қоғам құра аламыз, үлкен ұлт бола аламыз. Сондықтан негізгі мәселе - адамның өзінен талап ету, тек құдайдан ғана сұрау беру емес. Өйткені құдай бірдеңе тапсаң ғана саған болысады. Әйтпесе, құдай көктен ештеңе тастамайды. Сондықтан бүгінгі жағдайда көбіне тілек болуы керек. Тілек өмірге жақын болуы керек. Жалпы, бүгінгі заманның адамы болу керек. Меніңше, ортағасырда отырғандай ақыл айтудың қажеті шамалы қазір», - деді Төлен Әбдік ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.  

 

Соңғы жаңалықтар