Бәтеңке лақтырушы ирак журналисі бір ғана нәрсеге өкінеді
Тәуелсіз «Әл-Бағдадия» телеарнасының тілшісі өзінің ол атышулы әрекетін Буш пен Ирак премьері Нури әл-Мәликидің Бағдадтағы бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде жасаған болатын.
«Мен Буштың менің халқымды қыруды бастап бергеніне өкініш білдіремін. Ол миллиондаған адамды өлтірді... көптеген әйелдер -жесір, балалар - жетім болып қалды», - деп мәлім етті әз-Зейди EuroNews телеарнасына берген сұхбатында. Әз-Зейди сондай-ақ, оны түрмеде қатты соққыға жыққанын айтты. Журналистің пікірінше, Буштың 2003 жылы Иракта басталған соғыс туралы айтқанының бәрі өтірік екенін жеткізді. «Иракта «демократия» немесе «адам құқығы» деген ұғымдар атымен жоқ. Қараңыздаршы, мысалы сайлау қалай өтеді, - бұл қамаудағы адамға өзін азаптайтын құралды таңдау құқығын берген сияқты ғой», - деп мәлім етті әз-Зейди өз сөзінде. Журналист қазіргі таңдағы өз елін «әркім өз үлесін алып қалғысы келетін тәтті тоқашқа» теңеді.
Әз-Зейди сондай-ақ, түрмеден шыққаннан кейін сыйлық ретінде лимузиндер, алтын әшекейлер, тіпті «қалыңдық» алғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттарын теріске шығарды. Керісінше, түрмеден шыққаннан кейін, кезінде телеарнадан алған баспананы да тартып алды, дейді ол. Қазір әз-Зейди Швейцарияға ауысып, саяси пана туралы өтініш берді. Жақын арада ол Ирактағы соғыстан зардап шеккендерге көмек қорын құрмақ, деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі.