Батыр Жүкембаевтің алдағы жекпе-жегі қашан болатыны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев өзбекстандық Шохжахон Эргашевпен кездеседі.
Бұл бокс кеші 9 мамырда Өзбекстан астанасы Ташкент төріндегі Хумо Аренада өтеді. Жекпе-жек All Stars Entertainment промоутерлік компаниясының қолдауымен жүзеге асады.
Батыр Жүкембаев 1991 жылы дүниеге келген. Бокспен кәсіби түрде Алматыда шұғылдана бастады. Батыр жастар арасында Қазақстан чемпионы, студенттер арасындағы Қазақстан чемпионы, Қазақстан, Украина, Финляндиядағы халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды. Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамын 2015 жылдан бастады.
Қазақстандық боксшы қазірге дейін 25 кездесу өткізіп, 24-інде жеңіске жетті. Оның ішінде 17-сін мерзімінен бұрын тәмамдады. Ал Шохжахон Эргашев 28 кездесудің 26-да жеңіске жетіп. 23 мәрте қарсыласын нокаутпен қапы қалдырды.
Айта кетсек, Батыр Жүкембаев соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астана қаласында өткізді. Онда төрешілердің бірауыздан шешімімен британиялық Кейн Гарднердің осал тұсын тапты.