«Батырларға тағзым»: Жетінші арна Жеңіс күніне арналған арнайы жобаны іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Жетінші арна ардагерлерге деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде «Батырларға тағзым» атты кең ауқымды жобаны іске қосты.

8 және 9 мамыр күндері арна эфирінде күні бойы соғыс ардагерлерінің фотосуреттері көрсетіледі. Жоба үздіксіз эфирде жүзеге асады — әсіресе ең жоғары рейтингті бағдарламалар кезінде батырлардың бейнесі экраннан түспейді. Осылайша жобаны кең аудиторияға, соның ішінде жас ұрпаққа жету көзделген.
Аталған күндері арна экранның төменгі тұсында көрсетілетін жарнамалық және промо-графиканы мүлде көрсетпейді — эфирлік кеңістік ардагерлерге арналмақ.

«Әрбір экранда көрсетілген келбет — бейбітшіліктің қандай маңызды құндылық екенін еске салады», — деп атап өтті Жетінші арнаның баспасөз қызметі.
«Батырларға тағзым» жобасы — бұл тек құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қатар соғыссыз әлемнің естелік пен алғыс арқылы басталатынын еске салу.
Айта кетейік, елімізде екінші дүниежүзілік соғыстың 105 ардагері қалған.