Батыс Қазақстан облысында малдан ішінара шығын бар

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 2 292 қыстақта мал қыстатылып жатыр.

жылқы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аян Халауедин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Kazinform тілшісінің «Облыстың Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында малдан шығын бар деген ақпараттар түсіп жатыр. Ол қаншалықты рас?» деген сауалына жауап берді.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, шаруа қожалықтарында ішінара мал шығыны, жылқыдан төл тастау бар.

«Мұның себебі малдың қыстаққа қоңсыз кіруіне байланысты. Өйткені 2023 жылы Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары қолайсыз болды. Шабындық, жайылымдар ойдағыдай жақсы болған жоқ. Оған қоса қараша, желтоқсан айлары жаңбырлы, өте желді, боранды болды. Соған байланысты мал қыстаққа өте қоңсыз кірді. Аудандардың беріп отырған мәліметіне сәйкес жем-шөп жеткілікті. Мысалы, Жәнібек ауданы жемді Ресей Федерациясынан тоннасын 75 мың теңгеден алып отыр. Бөкей ордасы ауданына Орал қаласынан 80-85 мың теңгеден жеткізілуде. Жалпы жағдай бақылауда», - деді А.Халауедин. 

Соңғы жаңалықтар