Батыс Қазақстан университетінің ректорына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат тарады.
БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, университет басшысы лауазымдық міндетін асыра пайдалану дерегі бойынша қолға түскен. Оның жұмыс орны бойынша тінту жұмыстары жүргізілген.
Б.Ахметжанның сөзіне қарағанда, қылмыстық қудалауды ҰҚК БҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы сұрау жолдаған еді.
Ведомство ректорға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
— Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мемлекеттік сатып алу заңын бұзған шенеунікке айыппұл салынғанын жазған едік.