Батыс Қазақстанда 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны санақтан өтпекші

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 10 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді санақпен қамту жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы санағының алғашқы күні санаққа 5 мыңға жуық респондент қатысты
Фото: Kazinform

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Мешеловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, санақтан өтетіндерге 28 шілдеден бастап sanaq.gov.kz порталында 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберіле бастады.

Болат Тілеуқабылұлының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда салалық бірлестіктермен – астық, сүт, ет және өзге де қауымдастықтармен ынтымақтастық орнатылған.

– Бұл – елдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шоғырланған бірлестіктер. Олар санақ нәтижелерін алуға мүдделі әрі бізге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алайда елде ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруа және фермер қожалықтары өте көп. Сондықтан біз үшін осы санаттағы респонденттерді де барынша кең көлемде қамту аса маңызды, - дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, Sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өту тетігі 1 тамыз күні сағат 00.00-де іске қосылды. Сауалдарға жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациядан өту қажет.

санақ
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Осы орайда барлық респонденттер мұқияттылық танытуы керек. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұратпайды. Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады: біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған, екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сауалдар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады.

Сайтта сауалнаманы толтыруға көмектесетін көмекші ақпарат, бейненұсқаулық болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар.

– Онлайн санақтың басты артықшылықтарының бірі – деректерді сақтау мүмкіндігі. Егер сауалнаманы толтыра бастап, аяқтай алмасаңыз, кез келген уақытта қайта кіріп, қалған жерінен жалғастыруға болады. Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Батыс Қазақстан облысы бойынша осындай 150 орын санақтан өтуге арналған қажетті техникамен қамтамасыз етілген, - деді Б.Мешелов.

Оның атап өткеніндей, тамыз айында 1446 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Онда ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы желі қарастырылған. Мамандар тіркеуден өту, техникалық ақаулар немесе сұрақтардың мазмұны бойынша кез келген сауалға жауап береді.

Онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайды. Сондай-ақ, 20 қыркүйекте басталатын офлайн кезеңі үшін ауылдық жерлерде интервьюерлер ретінде жұмысқа қабылдауға ниет білдіргендерді тіркеу жүріп жатыр. Жұмысқа орналасқысы келетіндер ауылдық әкімдіктерге хабарласа алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 92 мыңнан астам үй шаруашылығын қамту жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар