Батыс Қазақстанда 43 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Отбасы банк» АҚ ресми сайтының деректері бойынша биылғы 1 наурыздағы мәліметке сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны – 43 663 адам.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 28 812-сі Орал қаласы, 14 851-і облыс аудандарының үлесіне тиеді. Жеңілдікке ие санаттар бойынша әлеуметтік жағынан осал топтарға жататындар – 11 424 адам.
Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы және биылғы үш айда коммуналдық тұрғын үй қорынан 431 отбасы баспанамен қамтылса, соның 326-сы халықтың әлеуметтік осал топтарына кіреді. Сондай-ақ 2025 жылы құрылысы аяқталған 580 жалдамалы тұрғын үй қолданысқа берілды. Қазіргі таңда «Отбасы банк» АҚ тарапынан 512 тұрғын үйді бөлу рәсімдері жүргізіліп жатыр.
- Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 2025 жылы 50 млн теңге бөлініп, 190 азаматқа көмек көрсетілді. 2026 жылға да облыстық бюджеттен 50 млн теңге қаралды. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру бойынша «Отбасы банк» АҚ арқылы 2025 жылы «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалар аясында Орал қаласында 5 көпқабатты тұрғын үй беріліп, 390 отбасы пәтермен қамтылды. Сонымен қатар биыл «Отбасы банк» АҚ арқылы 630 пәтерді бөлу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр, - деді Қ.Өмірәлиев.
Оның айтуынша, баспана сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін ақшалай міндеттеме бойынша облыстық бюджеттен өткен жылы 290 млн теңге бөлініп, 195 азаматқа көмек көрсетілді. 2026 жылға 480 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылды.
- Тұрғын үйді бөлу үдерісінің ұзаққа созылуының негізгі себебіне тоқталсақ, түгендеу барысында кейбір адамдар мұны алаяқтық әрекет деп қабылдап, уақытында жауап бермейді, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын жазған едік.