Батыс Қазақстанда ауланған киік саны 85 мыңға жуықтады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киікті аулау жұмыстары жалғасып жатыр.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін облыс бойынша 85 мыңға жуық киік ауланған.
Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 35,5 мыңы атылып алынса, 49,5 мыңы кораль арқылы ұсталған.
— Қазіргі уақытта облыс аудандарында 14 бригада өз жұмыстарын атқаруда. Соның ішінде 8-і ату, қалған алтауы кораль әдісін қолдануда. Қаулыға сәйкес жұмыстар 30 қарашада аяқталады, — деді Нұрлан Рахымжанов.
Инспекция басшысының айтуынша, «Кублей» ЖШС-да консерві жасау үшін киік еті жинақталып жатыр. Басқа кәсіпорындар киік етін облыстан тысқары жерлерге өткізіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында киік еті жұмыстар атқарылып жатқан аудандарда, сондай-ақ Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында, Оралға қарасты Круглоозерный кентінде, облыс орталығында депо базарында сатылып жатыр.
Өңірде биылғы көктемде 2,3 млн киік санаққа іліккен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда консервіленген киік еті сатылымға шығатынын жазған едік.