Батыс Қазақстанда әйелдер волейболын дамытуға не кедергі

Батыс Қазақстан облысында әйелдер мен қыздар волейболы қалай дамып отыр? «Грация KZ» клубы неліктен Ұлттық лига қатарына қосыла алмай келеді? Міне, осындай сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі мамандармен тілдесіп, олардың уәждерін тыңдап көрді.

спорт
Фото: Ғұбашевтар отбасының мұрағатынан

Оралдан ұлттық құрамаға дейін

Ұзақ уақыт бойы Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап келе жатқан «Грация KZ» клубының негізін белгілі волейбол маманы, марқұм Көлеңке Ғұбашевтің қалағаны белгілі. 

Білікті бапкер болашағынан үміт күттіретін жеткіншектерге көзі түссе, соны тәрбиелеп, қатарға қосуға тырысатын. Соның жарқын мысалы ретінде Сана Анарқұлованы (қыз кезіндегі тегі Жарлығасова) айтуға болады. Көршілес Орынбор облысы Соль-Илецкіде жүрген Сананы көзі шалып қалған Көлеңке Ғұбашев Оралға алып келеді. Тіпті бастапқы кезде үйіне де жатқызған.

Спорт ардагері Алдан Мырзағұловтың еске түсіргеніндей, К.Ғұбашев Соль-Илецкіден апалы-сіңлілі Евгения, Елена Фильковскаяларды да тауып әкелді.

«Жастар» стадионында волейболшы қыздардың жаттығып жүргенін көрдім. Солардың ішінде бойшаңы Сана еді. Сұрастырсам, сол кезде ол Соль-Илецкіде 8-сыныпта оқиды екен. Мен онда Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі едім. Санадан «Бір жылдан кейін колледжге келесің бе?» деп сұрадым. Көлеңкемен келісіп, 2004 жылы сол кездегі колледж директоры Қуанғали Қадыралиевтің қолдауымен қыздар оқуға түсті. Бұрын олар әр жерде жаттығып жүр екен, енді аптасына бес рет колледжде дайындалатын болды. Арнайы киімдерін де алып бердік. Батыс Қазақстанда әйелдер волейболының дамуына Көлеңке Ғұбашев көп еңбек сіңірді, қыздардың пәтер мәселесін де шешті. Соның нәтижесінде команда сол жылы-ақ Қазақстан чемпионатында екінші орын алып келді. Кейін 2006 және 2007 жылдары Қазақстан біріншілігін колледжде өткізген кезде «Грация KZ» жеңімпаз атанды. Колледжге Ақтөбе, Лисаковск қалаларынан да волейболшы қыздарды тарттық», - дейді Алдан Қазиханұлы.

2006 жылы Италияда өткен беделді халықаралық жарыста команда үздік үштіктен көрініп, Сана, Евгения Фильковская, Татьяна Иванова, Кристина Егорова, Әсел Ғұбашевалар жарқырап, көзге түсті.

спорт
Фото: Ғұбашевтар отбасының мұрағатынан

Осылайша, Қазақстан азаматтығын алып, «Грация KZ» командасында шеберлігін арттырған Сана Жарлығасова басқа клубтарға ауысып, 2008 жылы Бейжің олимпиадасы қарсаңында ел құрамасына шақырылды. Олимпиадаға қатысу бұйырмағанымен, 2010 жылы Қытайдың Гуанжчоу қаласында өткен Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал 2021 жылы Өскеменнің «Алтайы» сапында Азия клубтық чемпионатының жеңімпазы болды.

Сана Анарқұлова «Алтай» ғана емес, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны ретінде белді ойыншыға айналды. Биылдан бастап Түркістанның «Тұранына» ауысқан Сана әлі де тұғырдан түсе қойған жоқ.

Шыңғырлау ауданында өмір есігін ашқан Зарина Ситқазинова да дәл осындай жолмен Оралда шеберлігін ұштап, кейін басқа клубтарда спорттық жолын жалғастырып, Қазақстан құрамасына алынды.

Міне, осындай шебер волейболшыларды қанаттандыра білген Көлеңке Ғұбашевтің ісін қазіргі таңда зайыбы Нұрсұлу Ғұбашева мен оның қыздары жалғастырып келеді. 

отбасы
Фото: Ғұбашевтар отбасының мұрағатынан

Н.Ғұбашеваның айтуынша, «Грация KZ» жоғары лигада 15 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Содан бері команда бес рет қола, үш дүркін күміс жүлдегер атанса, 2021 жылы чемпион атанды.

«2013 жылға дейін демеушілердің қолдауымен тек ел ішінде ғана емес, Мажарстан, Польша, Италия, Болгарияда өткен халықаралық турнирлерге қатысып, жүлдегер атанып, оралып жүрдік. Осы мерзімде көптеген шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Олардың алды Қазақстан құрамасында ойнап жүр. Сана Анарқұлова мен Зарина Ситқазиновадан бөлек, Валерия Голованова, Айнагүл Айжарықова, Элина Надыршина, Мира мен Диана Ғұбашевалар – шеберлігі толысқан ойыншылар», - дейді бапкер. 

Тәжірибелі маманның сөзіне қарағанда, Алина Камалидинова, Дарья Авдеева, Күнбөбек Саясатова, Асылай Асылбекова, Дана Жомарт, Томирис Молдағали, Томирис Қайыржан, Айназель Кейнятова, Адиля Бапиева секілді жастар да бар. Яғни, жас ерекшелігіне қарай Қазақстан құрамасына іліге алатын қыздар жоқ емес. 

спорт
Фото: Ғұбашевтар отбасының мұрағатынан

«Грация KZ» Ұлттық лигада ойнай ала ма?

Нұрсұлу Ғұбашеваның пайымдауынша, «Грация KZ» клубының Ұлттық лигада ойнауы үшін ең алдымен волейболшыларға жалақы төленуі, олар жаттығатын зал, арнайы киіммен толықтай қамтылуы керек.

«15 жыл ішінде біз жоғары лигада тегін өнер көрсетіп келдік. Қазақстанда мұндай бірде-бір команда жоқ. Тек биылғы тамыздан жалақы төлене бастады. Біз мұны ұзақ күттік. Ендігі мақсат – жүлдегерлер қатарынан көріну. Чемпион болып жатсақ, тіпті жақсы болар еді. Өз отбасым жөнінде айта кетсем, үлкен қызымыз Әсел – облыс құрамасының аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші. Айнұр да балаларды жаттықтырады. Айна «Грация KZ» клубының бас бапкері болса, Мира – осында байланыстырушы, кенжеміз Диана – орталық ойыншы әрі балалар бапкері. Қысқасы, отбасымызбен бәріміз волейболдамыз», - дейді Н.Ғұбашева.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин «Грация KZ» командасының күні бүгінге дейін мемлекеттен кәсіби клуб ретінде қаржыландырылмағанын жеткізді.

«Тек биыл ғана жоғары лига командалары арасында 2023-2024 жылғы маусымға қатысу үшін клубқа қаржы бөлінді. Енді ойыншыларға жалақы төлеуге, сапалы спорттық экипировкалар мен құралдарды сатып алуға мүмкіндік тумақшы. Қыздарымыз 2021 жылы жоғары лига командалары арасында ел чемпионы болды. Жаңа маусымда осы нәтижені қайталайды деген үміттеміз», - деді Ж.Нығметуллин.

БҚО волейбол федерациясының президенті Тілепберген Каюпов жергілікті бюджет есебінен тиісті қаржы бөлінгендіктен, облыстың бас командасының республикалық деңгейде лайықты өнер көрсетуіне толық мүмкіндік бар екенін нықтады.

«Команда бюджеті 2024 жылы 175 млн теңгені құрайтын болады. Жергілікті волейболшылар есебінен құралған клуб Ұлттық лига деңгейіне жетуі үшін алдымен шеберліктерін ұштап, тәжірибе жинақтауы керек. Бұған да белгілі бір уақыт қажет. Қазір волейболшы қыздарымыз өсу үстінде», - дейді Т.Каюпов.

«Қай спорт түрі болмасын, меніңше, әр командада Сана Анарқұлова сияқты көшбасшы ойыншы болуы керек. Басқалары соған қарап бой түзейді. Содан кейін дұрыс жаттығуға көңіл бөлу керек. Сана жасөспірім кезінде Италиядағы жарыстан кейін қытайлық қыздардың әлдеқайда көп жаттығатынын, сондықтан шешуші бәсекеде есе жібергенін айтып келді. Сосын біздің клубтар әдетте Қазақстан чемпионатында ғана өнер көрсетеді. Ал Көлеңке Ғұбашев өз командасын Ресейге және басқа елдерге апарып, жарысқа қатыстыратын. Өз қазанымызда қайнай берсек, одан ештеңе шықпайды. Мықты командалармен тайталассақ қана шеберлік артады. Тағы бір айтарым, таланттарды іздеу керек. Соларды тауып, дайындай білсек, нәтиже болары анық», - дейді А.Мырзағұлов.

Орал қаласындағы №19 орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, волейболдан ұлдар және қыздар жаттықтырушысы, бірінші санаттағы төреші Қайрат Масанғалиев өз пікірін былай деп қосты.

«Волейбол қыздар үшін де ерекше спорт түрі болып есептеледі. Онымен айналысқан қыздардың дене сымбаты артады, артық салмағы болмай, бойлары өседі, жүріс-тұрысы өзгереді. Жалпы, қыздарға бөлек спорт залы мен жаттығу жабдықтарының молынан болғаны дұрыс. Сондай-ақ әр ауыл, ауданнан волейбол үйірмелері көптеп ашылып, жас жеткіншектердің қабілетін шыңдап, оларды іріктеп, қалаға қарай бағыттау керек. Бүгінгі таңда қыздар волейболының дамуы жоғары деңгейде. Бұған «Грация KZ» командасының жоғары лигада өнер көрсетіп, шеберліктерін паш етіп жүргені дәлел. Тек осы дәстүрді байыта білуіміз керек», - деді Қ.Масанғалиев.

спорт
Фото: Ғұбашевтар отбасының мұрағатынан

Мамандар «Грация KZ» Ұлттық лигаға өткен жағдайда командаға екі-үш легионер ойыншының алынуы қажеттігін айтады. Бұл да негізсіз емес. Әйтпесе Ұлттық лига клубтарымен бәсекеге түсу қиын.

Сонымен, Батыс Қазақстанда әйелдер волейболын дамыту бағытында пікірлер айтылды. Соңғы кезде қаржы бөліне бастағаны бұл саланың қолдаусыз еместігін көрсетеді. Қалғаны бапкерлердің біліктілігі мен ойыншылардың шеберлік деңгейіне байланысты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» волейбол клубының жүлделі орынға таласа ала ма, сол жөнінде жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар