Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында не істеліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында азық-түлік тауарларының бағасы қандай? Бағаны тұрақтандыру бағытында нендей шаралар қолға алынды? Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовпен сұхбаттасқан еді.

қалияр айтмұхамбетов
Фото: БҚО әкімдігі

— Қалияр Шадиярұлы, биылғы тоғыз айда қандай азық-түлік өнімдеріне баға өсті немесе төмендеді, алдымен осыған тоқталсаңыз?

— Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша облыста жыл басынан бері ең көп өсім қырыққабат, күріш, сәбіз, сүзбе және сары май сияқты тағамдарда байқалды. Есесіне қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, картоп, күнбағыс майы, қант және тауық еті үшін бөлшек сауда бағасының төмендеуі тіркелді.
Бағаның өсу қарқыны 25 пайыздан 44 пайызға дейін, ал төмендеу 11 пайыздан 44 пайызға дейін.

— Ендеше айтыңызшы, облыс көлемінде бағаны қалыпты ұстау бағытында не істеліп жатыр?

— Ең алдымен бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенция механизмі, атап айтқанда, «айналым схемасы» және тұрақтандыру қорының тауарларын сату қолданылуда. Аталған бағыттар бойынша жалпы жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлініп, сәйкесінше жұмыстар жүргізілуде. «Айналым схемасы» тетігі жекелеген өнім түрлерінің белгілі бір көлеміне өндірушілер мен сауда желілеріне жеңілдетілген қарыздар беруді көздейді. Нәтижесінде бұл тауарлар нарықтық бағадан орта есеппен 15 пайыз төмен бағамен сатылады.

Осы тетікті іске асыру үшін 2,8 млрд теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 2023-2024 жылғы маусымаралық кезеңге 7 мың тоннадан астам азық-түлікке келісімшарт жасалды (көкөніс өнімдері, жармалар, күнбағыс майы және т. б.). Бұл көлем өз кезегінде облыс халқының 30 пайызын 3 айлық мерзімге толықтай қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тұрақтандыру қорының арзандатылған тауарларын сауда нысандарына белсенді сату жүргізілуде. Тауарларды сатып алу үшін 2,5 млрд теңге қарастырылған. Қазір тұрақтандыру қорында 300 тоннадан астам азық-түлік тауары бар. Бұлар қант, күріш, қарақұмық жармасы және күнбағыс майы.
«Айналым схемасы» тетігі және тұрақтандыру қорының тауарлары облыстың негізгі ірі сауда желілері арқылы халыққа жеткізілуде.

Сондай-ақ облыста делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс жасалуда. Мақсат — артық сауда үстемелерін белгілеу арқылы бағаның өсуіне әсер ететін тиімсіз делдалдарды жою. Жыл басынан бері тиімсіз делдалдардың 17 дерегі анықталып, әкімшілік шаралар қолданылды.

— Ал бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге қандай жаза бар?

— Бұл мақсатта 2023 жылы БҚО сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне сауда заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға өкілеттік берілді. Бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде департамент басшылыққа алатын заңнаманың негізгі нормасы — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15 пайыз сауда үстемесінен асып кетуге жол бермеу болып табылады. Жыл басынан бері департаментпен аталған заң нормасын бұзғаны үшін 10 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алда қандай жұмыстар атқарылмақшы?

— Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауы бойынша күні бүгін 6 азық-түлік тауарлары бойынша (бидай ұны, макарон өнімдері, сиыр еті, тауық жұмыртқасы және күнбағыс майы) 100 пайыздан астам, 5 азық-түлік тауары (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат және тауық еті) 50 пайыздан жоғары және 4 азық-түлік тауары (сары май, сүзбе, сүт және айран) 50 пайыздан аз қамтылып отыр. Қалған азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша өндірістің болмауына байланысты импортқа толық тәуелдіміз.

Облыс халқын жергілікті жеміс-көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін егіс алқаптарын жыл сайын ұлғайту көзделеді. Оларды сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 52 мың тоннадан асатын 32 көкөніс қоймасы бар. Сонымен бірге жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша қосымша 21 қойма салу жоспарланған.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда сүт және сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы іске асырылуда.

Онда мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, жаңа сүт-тауар фермаларын салу, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін кеңінен пайдалану, сүт бағытындағы ірі қара малдың асыл тұқымды мал басын және сүт өңдеу кешендерінің жүктемесін ұлғайту басым бағыт болып табылады. Ағымдағы жылдың өзінде облыста барлығы 11 мың тонна сүт өндіретін 4 заманауи сүт-тауар фермасын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы кешендер іске қосылғаннан кейін қажеттілік 32 пайызға дейін жабылады.

Жалпы, облыс бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында 2023-2026 жылдары іске асырылатын сомасы 166,4 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаның тізімі қалыптастырылды, оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 17 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 22 жоба және қайта өңдеу саласы бойынша 3 жоба.
Биыл 7 млрд теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарланып, қазіргі таңда 1,6 млрд теңгеге 6 жоба мәресіне жетті.

— Батыс Қазақстанның Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіні белгілі. Осы орайда көрші елден арзан тағам өнімдері келіп жатыр ма, бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кесірін тигізе ме?

— Иә, қазір облысқа арзан өнімдер импорты көлемінің ұлғаюы байқалады. Бұл шынымен де аймақтың ішкі нарығы үшін өте өзекті мәселе.
Биылғы жылдың маусым айынан бастап ЕАЭО елдерінің аумағынан өңірге азық-түлік тауарлары импортының көлемі өскені аңғарылады. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЕАЭО елдерінің аумағынан өңірге тауарлар импортының көлемі 18,1 пайызға өсті.

Қазір супермаркеттер ассортиментіндегі сүт, шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар, тауық еті, күнбағыс майы және т. б. тауарлардың басым бөлігі — импорттық тауарлар. Азық-түлік тауарларының негізгі бөлігі аймақтың географиялық жағдайына байланысты Ресей өндірісінің тауарлары болып табылады.
Сөрелердегі ресейлік тауарлардың көбеюінің басты себебі — рубльдің жазғы құнсыздануы. Рубль бағамының түсуі Ресей импорты бағасының төмендеуіне әкеледі, бұл жергілікті сауда желілерін арзан импорттық тауарды сатып алуға ынталандырады.

Отандық тауар өндірушілер бәсекелестіктің артуына тап болғанын мойындау керек. Ішкі нарықта арзан импорттық өнім санының өсуі тек соңғы тұтынушы үшін оң фактор болып табылады. Алайда ұзақ уақыт бойы импорттың төмен бағамен ағылуы жергілікті тауар өндірушіге теріс әсер етуі мүмкін.

Ресей рублінің құнсыздануы және осы фактордың біздің аймақтың экономикасына кейінгі әсері бұрын-соңды болмаған жағдай емес екенін атап өткім келеді. Мұндай жағдайлар 2014-2015 жылдары Ресей Федерациясындағы валюта дағдарысы аясында болды. Осыған байланысты қазіргі жағдай бұрынғыдай уақытша болады деп ойлаймын. 

Бұл ретте әкімдік шетелдік компаниялар тарапынан жоғары бәсеке жағдайында жергілікті тауар өндірушілерді қорғау жөнінде шаралар қабылдауда. Мәселен, 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласында тауар өндірушілерді қолдауға 30 448 млн теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласында — 1 405,7 млн теңге, мал шаруашылығында — 7 937,3 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға — 3 039,7 млн теңге, несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 3 358,1 млн теңге бөлінді.

Биыл басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 6 439 млн, бюджеттік инвестициялық жобаларды несиелеуге 6 млрд, басқа іс-шараларға 2 285,7 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган, тауар өндірушілер мен ірі сатушылар арасында отандық өндірістің тауарларын ілгерілетудегі ынтымақтастық туралы үшжақты келісімдерге қол қойылды.

 

Тақырыпты толықтырған БҚО сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова кәсіпкерлік нысандарының сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін белгілеу бойынша апта сайын сауда орындарындағы бағаларға мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

«Егер сауда желілерімен, көтерме компаниялармен осы мәселе бойынша өзара іс-қимыл пысықталса, көбінесе шағын бизнес нысандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшерін 15 пайыздан асырмау жөніндегі талапты сақтамайды. Сондықтан департамент мамандары кішкентай дүкендерді де қарап тұрады. Жыл басынан бері мамандар Бөрлі, Теректі, Тасқала, Ақжайық, Бәйтерек аудандарына барып, барлығы 39 сауда нысаны қамтылды. Ағымдағы жылдың өткен кезенінде Департамент мамандары Бөрлі, Теректі, Тасқала, Ақжайық аудандары мен Бәйтерек ауданының сауда объектілеріне барды. Барлығы 39 сауда нысаны қаралды. Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес сауда қызметі саласында жасалатын құқық бұзушылық фактілері бойынша қозғалған әкімшілік істерді қарау жөніндегі өкілеттіктер биылғы наурыз айында жергілікті атқарушы органдардан департаментке берілді. Сәуір айынан бастап жоспардан тыс 12 тексеру жүргізіліп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес 7 нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кодекстің 802-бабына сәйкес 3 шағын кәсіпкерлік нысанына қатысты іс қозғалып, сатушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс бойынша мониторинг тобының мүшелері де бағаның тұрақтылығына көз жеткізу үшін рейдке шығып тұрады» деді Э.Қиматова.