Өңірлер орталыққа жалтақтамай, өз бюджетімен күнін көре ала ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бюджет қаржысы қаншалықты тиімді және мақсатты жұмсалып отыр? Үнемі орталыққа мойын соза бермей, өңірдің өзіндегі қазына қорын толықтырудың мүмкіндіктері қандай? Шағын және орта бизнестен түсетін қаржы қалай пайдаланылуда? Міне, осы сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі мамандармен сөйлесіп, саладағы маңызды мәселелерді саралап көрді.

аймақтар
Коллаж: Kazinform

Өңірде қандай бағыттарға қаражат керек?

БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің мәлім еткеніндей, өңірде инфрақұрылымды дамыту мәселесі өзекті болғандықтан, республикадан бірнеше бағытта қаражат сұралады. 

Бірінші кезекте, әрине, бұл тұрғын үй мәселесі деп айтуға болады. Өйткені қазіргі таңда облыс бойынша 31 318 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Осы жылы республикалық бюджет есебінен 49 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, мемлекеттік тұрғын үй қорына 758 тұрғын үй сатып алу қажет, барлығы — 2 776 пәтер. 

Ел бюджетінен бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтпайынша кезекте тұрған 31 мың адамды баспаналы ету мүмкін емес. 

басқарма басшысы
Фото: БҚО қаржы басқармасы

«Тағы бір мәселе — ауылдарды сумен қамту. Облыс бойынша 301,4 мың ауыл халқының 288,7 мыңы немесе 95,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл 35 мыңнан астам тұрғыны бар 22 ауылға орталықтандырылған ауыз су желісін тарту жоспарланды. Оған қоса 2 мыңға жуық тұрғыны бар 22 елді мекенге кешенді блок модуль орнату көзделуде. Осы жұмыстар нәтижесінде ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамту көрсеткіші жыл соңында 97 пайызға (292,3 мың адам) жететін болады. Ал 2025 жылдың соңына дейін қалған 9 мың тұрғыны бар 99 ауылды таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету ойластырылуда», дейді Нұрлан Мұхитұлы. 

Қаладағы мәселелерді сөз еткенде алдымен жылу және сумен жабдықтау нысандары ойға оралады. Өйткені жылу жүйелері 50,4, сумен жабдықтау — 60,5, су бұру желісі 61,3 пайызға тозған. 

Биыл бұл мақсатқа барлық қаржы көздерінен қаражат қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Алайда мұны да республикасыз, тек жергілікті бюджет есебінен шешу өте қиын.

Сонымен қатар күні бүгін өңірдегі электр желілерінің тозуы — 80,6 пайыз. Бұл — өте төмен көрсеткіш, соның себептерінен жыл сайын ауа райы бұзылған кезде тұрғындарымыз жарықсыз қалады. 

Энергосети в ВКО и области Абай изношены на 97%
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Бұл мәселені шешу үшін «Электр желілерін қайта құруға, салуға және жаңғыртуға несие беру» бағдарламасы аясында 12 жобаға республикалық бюджеттен қаражат сұрау жоспарда бар.

Ауыл тұрғындарының мәселесін шешу үшін елімізде «Ауыл — ел бесігі» жобасы жүзеге асып жатқаны мәлім.

«Батыс Қазақстанның бір ерекшелігі — батыс өңірлері арасында ең ауыл саны көп облыс. Жалпы, қазіргі таңда бас-аяғы 413 елді мекен бар. Соның ішінде 223-і „Ауыл — ел бесігі“ жобасы бойынша перспективасы бар ауыл ретінде іріктелген. Бұл ауылдарда 275 мың адам (жалпы ауыл халқының 88 пайызы) тұрады. Аталмыш жобаның негізгі мәселесінің бірі — қаржыландырудың жеткіліксіздігі болып отыр. Бұл ретте ауылдардың көптігін ескере отырып, қаржыландыруды өңір халқының санына емес, ауыл санына пропорционалды түрде бөлу қажет деп есептейміз. Осы мәселе жөнінде біз облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, тиісті орталық атқарушы органдарына бірнеше рет ұсыныс берген болатынбыз», дейді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, ағымдағы қаржыландыру қарқыны соңғы бес жылда ауылішілік жолдардың тек 11 пайызын (234 км) жаңғыртуға ғана мүмкіндік берген.

елдімекен
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Шынтуайтына келгенде жол — ауылдардағы күрделі мәселелердің негізгісі. Өкінішке қарай, 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі — 52 пайыз ғана. Бұл — республика өңірлері арасындағы ең төмен көрсеткіш.

Ал облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 4 762 км. 

Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес жергілікті жолдардың нормативті жағдайдағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай 95 пайызға дейін жеткізу үшін арнайы жол картасы дайындалып, бекітілді.

Ол үшін 2024 жылы 1 мың шақырым жолды жөндеу қажет. Күні бүгін 271 шақырым жолды жөндеу жоспарланды. Қалған 729 шақырым жолды жөндеу қосымша қаржыны қажет етеді. 

Шағын және орта бизнестің қазынаға қосар үлесі қандай? 

Қаржы басқармасы басшысының келтірген мәліметіне қарағанда, шағын және орта бизнес тұлғаларынан жергілікті бюджетке биылғы 1 қыркүйекке дейін 66,4 млрд теңге (өткен жылдың сегіз айында — 39,7 млрд теңге) түскен.

Түсім көлемінің өсу қарқыны — 167,1 пайыз немесе өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 26,7 млрд теңгеге көп. 

Шағын және орта бизнестен түсетін салық көлемінің жергілікті бюджеттегі үлесі 2023 жылы 33,9 пайыз болса, биыл 49,1 пайызға жеткен. Яғни тең жартысына жақын деген сөз. 

басқарма
Фото: БҚО қаржы басқармасы

«Жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын (19,6 млрд теңге) беру де олардың салықтық түсімдері үлесінің артуына өз әсерін тигізді. 2020-2022 жылдары шағын және орта бизнестің оңайлатылған салық режимін қолданатын тұлғалар табысынан салық төлеуден босатылғандықтан, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында төлемдер болмағанын ескеру қажет. Ал енді шағын және орта бизнестен түскен қаражат қалай пайдаланылады дегенге келсек, ол қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес нақты бір мақсаттарға жұмсалмайды, барлық түскен сұраныстарды қаржыландыруға бағытталады», деді Н.Есенғалиев. 

Жуырда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болашақта әкімдіктер жұмысы бюджет қаржысын тиімді игеру және кіріс бөлігін арттыруға байланысты бағаланатыны жөнінде айтқан болатын. 

Осыған орай БҚО қаржы басқармасының басшысы жалпы қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттік қаражаттар нәтижелілік, негізділік, тиімділік, жауапкершілік, бюджет қаражатының атаулылығы мен нысаналы сипаты қағидаттарына сәйкес келмесе, тиімсіз атқару болып саналатынын атап өтті.

Оның түсіндіруінше, тиімсіз жұмсау көбіне бюджеттік бағдарламаларда көзделген нәтижеге әртүрлі себептерге байланысты қол жеткізілмеуіне байланысты болады.

Себептердің ішінде жиі кездесетіні — мердігерлердің өздеріне қабылдаған міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамауы. Атап айтқанда, мердігерлердің жұмыс кестелерінен кешігуі, жұмысты немесе қызметті сапасыз жасауы, қажетті технологияларды сақтамауы және тағы басқа да себептер.

Түптеп келгенде, мердігерлердің тапсырылған жұмыстары тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес келмейді. Кейін осыған байланысты сот рәсімдері болып, нәтижелерге уақытылы әрі тиімді қол жеткізуге кедергі болады. 

үй
Фото: ҚТК баспасөз қызметі

«Қаржыны тиімді игеруді әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші ретінде енгізу басқару сапасын көтеруге, бюджеттің ашықтығы мен есептілігін жақсартуға мүмкіндік береді. Әкімдердің жұмысын қаржылық көрсеткіштермен бағалау халықтың әкімшілік басқаруға деген сенімін арттырады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді. Себебі, ашық және есеп беретін жүйе қаражатты халық игілігі үшін пайдалануға ынталандырады», дейді Н.Есенғалиев. 

Түсімді молайтудың жолдары бар ма?

Бюджет мәселесінде қаражатты үнемі орталықтан сұрай бермей, жергілікті мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа деген бағытта пікірлер айтылып қалып жатады.

Қаржы басқармасының басшысы өңірдің салық түсімін арттыру бағытында әлі де әлеует бар деп есептейді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес Батыс Қазақстан облысында бақыланбайтын экономиканың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ — 5,32 трлн теңге) үлесі 2023 жылы 12,31 пайызды (2022 жылы — 13,34 пайыз, 2021 жылы — 14,49 пайыз) құрағаны байқалған.

Жыл басынан бері 23 млрд теңге субсидия төленіп, 18 млрд теңге несие берілді. Мемлекеттен алған агроөнеркәсіптік саласы мен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қолдау алған тұлғалардың салық төлеуіне ұдайы түрде мониторинг жүргізіледі. Аталған кәсіпкерлердің бәрі бірдей толықтай салық төлеп отыр деп айту қиын. 

Салық базасын кеңейту мақсатында салық мәдениетін арттыру бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салық міндеттемесін орындаудың толықтығын қамтамасыз ету үшін еңбек келісімінсіз жұмыс жасап жүрген тұлғаларды анықтауға кәсіпкерліктің барлық салаларына талдау мен мониторинг жасау қажет.

Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі мұнай-газ саласы екені белгілі.

салық
Фото: Kazinform

Алайда облыс аумағында осы салада жұмыс істейтін бірқатар компаниялар заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша басқа өңірлердің бюджеттеріне салық (жеке табыс салығы және әлеуметтік салық) төлейді.

Соның салдарынан жергілікті бюджет миллиардтаған теңге ала алмайды.

Сонымен қатар облыста жұмыс істейтін квазимемлекеттік компания бөлімшелері де («ҚТЖ» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ және басқалар) филиалдың орналасқан орны бойынша басқа өңірлерге төлеп отыр.

«Жер қойнауы мен инфрақұрылымын пайдаланудан кіріс алатын барлық компаниялар әлеуметтік жауапты бизнес жүргізуі керек. Бұл ретте компаниялар негізгі кірістерді алатын өңірдің бюджетіне жергілікті салықтарды төлеуі тиіс деп есептейміз. Осы аталған норманы қабылдау өңірлерді әділ бюджеттеу бағытында қалыптасқан сеңді бұзып, проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша дербес шешімдер қабылдау мүмкіндігі артады, тиімділік жақсарады. Оған қоса жалпы ішкі өнімнің өсімін қолдау, яғни оның тұрақты өсуі бюджет кірістерінің де тұрақты түрде артуына жағдай жасайды. Бұл үшін өндірісті дамыту, экспортты арттыру және инновацияларды енгізу бойынша шараларды қолдау қажет», дейді Нұрлан Есенғалиев.

Бюджетті бағалай білу маңызды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Айжамал Айдаралиеваның пайымдауынша, Қазақстан бюджеті бойынша ресми есептілік барлық мемлекеттік сектордың бүкіл кіріс-шығысын түгел көрсетпейді.

Мемлекеттік қаржы саласын тиісті және толыққанды бақылаусыз Үкіметтің бюджеттік және стратегиялық жоспарларының сапасын жақсарту мүмкін емес. 

ғалым
Фото: Жәңгір хан университеті

«Сараптап қарағанда, мемлекеттік бюджеттен тыс шығындардың ұлғайғаны байқалады, олардың мөлшерін Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттермен салыстыруға болады. Халықаралық стандарттарға сәйкес келу үшін 2022 жылдан бастап Үкімет Қазақстан бюджеті бойынша талдамалық есепті жариялай бастады, ол барлық мемлекеттік сектордың қаржылық қызметін қамтуы тиіс. Қазақстан экономикасын тұрақтандыру міндеттерін іске асырудың қазіргі кезеңінде негізгі жүк өңірлік деңгейге көшіріледі, бұл республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы өзара қарым-қатынас тетігін жетілдіруді талап етеді. Осы орайда жергілікті және мемлекеттік қаржыландырудың қажеттілігін, оны жүзеге асыру нормаларын дұрыс бағалау маңызды», дейді экономист-ғалым.

Кейбір цифрларға көз жүгіртсек. Батыс Қазақстан облысы елдегі дамыған индустриялық-аграрлық өңірлердің бірі екендігі белгілі. 2023 жылы өндірілген жалпы аумақтық өнім көлемі 5 323,2 млрд теңге, физикалық көлем индексі 107,2 пайыз, республиканың жалпы ішкі өнім өндірісінде облыстың үлесі 4,4 пайыз болды.

Мемлекеттік бюджетке 2023 жылы 567,5 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер (болжамға 73 пайыз) жиналса, соның ішінде 377,4 млрд теңгесі (болжамға 61,9 пайыз) республикалық, 190,1 млрд теңгесі (113,6 пайыз) жергілікті бюджетке түскен.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте 358,6 млрд теңге (болжамға 76 пайыз) жиналса, соның 225,9 млрд теңгесі (60 пайыз) республикалық, 159,7 млрд теңгесі (122,3 пайыз) жергілікті қазынаға аударылған. Жалпы аймақтық өнім құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 50,4 пайыз болды. 

Өңірдегі индустриялық кешеннің негізі (өндіріс көлемінің 88,8 пайызы) — тау-кен өнеркәсібі, бұл саланың дамуы әлемдік мұнай нарықтарындағы баға конъюнктурасына және шикізат өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты.

«Орта мерзімді кезеңдегі фискалдық саясаттың басты мақсаты — облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға байланысты өңір экономикасының бәсекеге қабілетін көтеру. Осыған байланысты мынадай негізгі мәселелерді шешу қажет дер едім. Ең алдымен бюджеттік шығыстарды оңтайландыру және бюджеттік жоспарлаудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу жөнінде шаралар қабылдау, сосын әлеуметтік реформаларды, білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуды және қызметтің басқа да басым салаларын қаржылық қамтамасыз ету қажет», дейді А.Айдаралиева. 

Бюджетнинг асосий қисми ижтимоий соҳага йўналтирилади – Мажилис қонунни қабул қилди
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сонымен қатар бюджетті қалыптастыру мен орындау процесінің ашықтығын басты назарда ұстап, қазына қаражатын өңірдің бағдарламалық құжаттарымен өзара байланыстырып, оны басым секторларға бағыттай отырып, экономика салаларын әртараптандыру маңызды. 

Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, салық базасын кеңейтіп, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, бюджеттік шығыстарды әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына жұмсау, қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру естен шықпауы керек.

Негізгі назар бизнес-климатты ынталандыруға, инвестицияларды тартуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге аударылуы қажет.

Экономистің ойынша, көп нәрсе кірістің өсуіне байланысты. Ел экономикасының даму болжамында сыртқы жағдайларды және 2025-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын ескере отырып, облыс бюджетінің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 2024 жылғы 146,5 млрд теңгеден 2027 жылы 167,9 млрд теңгеге дейін өсуі көзделген.

Бюджет кірістерінің өсуі мемлекеттік бюджет кірістерінде 97,29 пайызды алатын салық түсімдерінің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады.

Болжам бойынша өткен жылмен салыстырғанда, салық түсімдерінің өсу қарқыны 2025 жылы — 116,5 пайыз, 2026 жылы — 99,6 пайыз, 2027 жылы 101,1 пайызды құрайтын болады.

«Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы шығыстарының негізгі басымдықтарына тоқталсақ. Біріншіден, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін субсидиялау, екіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту, үшіншіден, тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық және көліктік инфрақұрылымды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту. Төртіншіден, „Ауыл — ел бесігі“ жобасы аясында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, ауылдық елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу, бесіншіден, білім беру саласында „Жайлы мектеп“ пилоттық ұлттық жобасы аясында мектептерді салу. Алтыншыдан, денсаулық сақтау саласында „Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту“ пилоттық ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау нысандарын салу және реконструкциялау. Осындай маңызды мәселелерді үнемі ескеріп отырсақ, ұтылмас едік», деді А.Айдаралиева.

Қоғам белсендісі мен депутат не дейді?

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Сәдір жергілікті бюджеттің мүмкіндігі шектеулі екендігін айтады. 

«Қалай болғанда да біз республикалық бюджетке тәуелдіміз. Республикаға кететін қаржының белгілі бір бөлігі ғана қайтып келеді. Батыс Қазақстан донор облыс бола тұра, оған бөлінетін қаржының аз екендігін кезінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан көтерген болатын. Яғни донор өңір ретінде алғашқы үштікке кіреміз, ақша бөлу жағына келгенде, соңғы үштікте екенбіз. Жергілікті бюджетте қалатын қаражаттың жыртық-тесікті толық жамауға жетпейтіні өзінен-өзі түсінікті. Сайып келгенде, жүзеге асырылуға тиісті жобалардың қай-қайсысы да маңызды. Білім, медицина, жол, тұрғын үй құрылысы болсын, бұлардың бәрін де елеусіз қалдыруға болмайды. Жергілікті қазынаны толтырудың бір жолы — облыс аумағында жұмыс істейтін кейбір ірі компаниялардың салықты жергілікті жерге төлеуін жолға қоюдың заңды тетігін қарастыру қажет. Әйтпесе олар басқа жерде тіркелгендіктен, салық та сонда кетіп жатады», дейді Н.Сәдір. 

қоғам белсендісі
Фото Нұрлан Сәдірдің жеке мұрағатынан

Жуырда Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған үшжылдық бюджет талқыланып, бекітілді.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Абзал Құспан алдағы жылдары елдегі қаржы жетіспеушілігіне байланысты жергілікті бюджеттерге айтарлықтай салмақ түсетінін жеткізді.

Оның пікірінше, бұл жағдай республикалық бюджеттен өңірлерге трансферттер бөлу мәселесін өзекті әрі күрделі етеді.

«Аймақтарға бөлінетін трансферт көлемі сол өңірден сайланған депутаттар үшін өте маңызды, өйткені бұл — депутат жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы жолы Батыс Қазақстанға Мәжілістен қосымша қомақты қаражат бөлу мүмкін болды. Бұл тұрғыда үшінші шақырылымда депутат болып сайланған және көпжылдық тәжірибесі бар Снежанна Имашеваның еңбегін ерекше атап өтуге болады. Облысқа бөлінген бұл қаражат инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен, өңірдің депутаттары тарапынан 1, 978 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуге қол жеткізілді», дейді А.Құспан. 

депутат
Фото Абзал Құспанның жеке мұрағатынан

Атап айтқанда, Жәнібек ауданы Борсы ауылындағы электр желілерін реконструкциялауға — 48 млн, Жәнібек ауылындағы кітапхана құрылысына — 269,233 млн, Казталов ауданы Қошанкөл ауылындағы ішкі жолдарды салуға — 370 млн, Казталов ауылындағы осындай жұмыстарға — 200 млн, Болашақта — 400 млн, Қараобада — 130 млн, Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы ішкі жолдарға — 453,75 млн, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында — 830 млн, Бәйтерек ауданында Щапов ауылдық клубын тұрғызуға 107,017 млн теңге қарастырылды. 

«Осы жерде Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы аудандары әкімдерінің белсенділігін атап өтер едім. Олар өз ауданына қатысты жобалардың қажеттілігін Астанаға дейін келіп дәлелдеді. Жалпы, бюджетті қорғау барысында атқарушы орган өкілдерінің депутаттармен бірге болуы маңызды», дейді Мәжіліс депутаты. 

Бюджет қаржысы неге игерілмейді?

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан бюджеттік қаржының кей жағдайда игерілмей қалуының себептерін атады.

Оның сөзінше, тендер жай ойнатылады немесе мердігерлер қатыспай, мемлекеттік сатып алулар өтпей қалады. Иә болмаса тараптар дауласуы немесе соттасуы мүмкін, тендер ұзаққа созылып кетеді.

Сосын келісімшарт жай жасалып, жұмыс орындалмай, келесі жылға қалады. Тіпті кейде жыл соңында жұмыс орындалмаса да, формалды түрде шарт жасалып, қаржысы төленіп, заңсыздыққа барып жатады. 

заңгер
Фото Бауыржан Ахметжанның жеке мұрағатынан

Соңғы жылдары бюджетті екіге бөліп тастау орын алып келеді. Яғни облыстық бюджеттен азын-аулақ қаражат бөлінеді де, тұрғын үй болсын, жол құрылысы болсын, жұмысты тек бастап қояды.

Ал республикалық бюджеттен қаржыны қарау келесі жылға белгіленеді де, арасында бес-алты ай уақыт өтіп кетеді. Заңда осындай сәйкессіздіктер бар.

Б.Ахметжанның екпін түсіруінше, орындалмай қалатын жобалар да болады. Өткен жылдарға талдау жасаған кезде облыста құрылыс, күрделі жөндеу, қайта құруға жарияланатын мемлекеттік сатып алу бойынша әрбір төртінші нысан орындалмай қалады екен.

Мұның себебі — тапсырыс берушінің тарапынан бақылау жоқ, мердігерлер дұрыс жұмыс жасамайды. Немесе бірнеше қосалқы мердігерді жалдайды да, соның салдарынан іс бітпейді. Тапсырыс берушілерге де, мердігерлерге де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Осы жерде заңнаманың кейбір тұстарын жетілдіру жөнінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан арқылы ұсыныс жасап, хат бергім келеді. Мысалы, Ақжайық ауданында бір кәсіпкер 500 мың теңгеге ауылға баннерді бір-екі айға кешіктіріп жасайды. Сол үшін оны жосықсыз қатысушы ретінде тану үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы бір ай ішінде сотқа беру керек еді. Олай жасалмаған. Біз қозғау салып, арыз жазғаннан кейін аудит тексерді де, оған 55 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді мына мысалды келтірелік. Өткен жылы „Айдана“ ЖШС 828 млн теңге қаралған Теректі-Ақсай жолын (28-43 км) салуды дәл солай кешіктірді. Ал тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сол кездегі басшысы сотқа арыз түсірмеген. Соның салдарынан мерзімі өтіп, „Айдана“ ЖШС жауапкершіліктен құтылып кетті. Ол басшыға да 55 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонда қараңыз. Баннерден гөрі жол құрылысының әлеуметтік маңызы зор екендігі белгілі, қаржысы да қомақты. Егер қаржы көлеміне қарай тапсырыс берушіге миллиондап айыппұл салынатын болса, ол мердігерге жұмысты мерзімінде бітіру жөнінде талап қояр еді. Міне, мердігерлер, әкімдіктер, тапсырыс берушілер заңның осындай осал тұстарын пайдаланып кетіп жатады. Сөз соңында айта кетер жайт, бірқатар мемлекеттік сатып алулар бойынша жұмыстардың уақытында бітпегенін анықтап, біз қоғамдық кеңесте де, Антикор арқылы да әлденеше рет көтердік. Сол сыннан жергілікті атқарушы органдар қорытынды шығарып, айталық, асфальт төсеу секілді жұмыстарды ерте қолға алатын болды», деді Б.Ахметжан.

Міне, бюджет қаржысын орнымен пайдалану, өңірде салық түсімдерін молайту бағытында мемлекеттік мекеме басшысынан бастап қоғам өкілдері де өз пікір-пайымын білдірді.

Облыстың қарқынды дамуы үшін әрбір тиынға дейін тиімді жұмсалуы керектігі дау туғызбайды. 

Ауыл бюджеті: қаржылық дербестікті жетілдірудің жолы қандай
Коллаж: Kazinform/Freepik

 

 

Соңғы жаңалықтар