Батыс Қазақстанда гонконг тұмауына шалдыққандар саны 150-ден асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бастап 48 639 адамның жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырғаны тіркелді.

СҚО-да тұмаудың қауіпті түрін жұқтырғандар көбейді
Фото: freepik.com

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 34 592-сі — 14 жасқа дейінгі балалар. Мұның 521-і 1 жасқа толмаған. Сонымен қатар 99 жүкті әйелдің ЖРВИ жұқтырғаны белгілі болды.

Осы кезеңде 154 адамнан тұмаудың А типінің H3N2 вирусы анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,02 есеге өскен. Бұлардың ішінде 109-ы — 14 жасқа дейінгі балалар, 12-сі — жүкті әйелдер.

— Қазіргі таңда облыс бойынша 12 мектепте 32 сынып қашықтан оқыту үрдісін жалғастырып жатыр. Соның ішінде соңғы аптада Сырым ауданы білім ордаларында қашықтан оқушылар саны көбейіп кеткені байқалады. Қазір мұнда 2 мектепте 7 сынып (140 оқушы) онлайн білім алып жатыр. Сондай-ақ Орал қаласында 2 мектепте 3 сынып (66 оқушы), Бәйтерек ауданында 2 мектепте 4 сынып (66), Ақжайықта 1 мектепте 3 сынып (59) қашықтан оқуға көшірілген, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 37 сыныптың қашықтан оқытуға ауыстырылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар