Батыс Қазақстанда қандай жылу нысандары жаңартылып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл 6 жылумен жабдықтау жобасын жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. 

Батыс Қазақстанда қандай жылу нысандары жаңартылып жатыр
Фото: "Жайықжылуқуат" АҚ

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, соның ішінде № 18А кәріз-сорғы станциясы, № 2 жылу магистралі, Круглоозерный және санмектеп қазандықтарын реконструкциялау жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Бейімбет Мәлікұлының сөзіне қарағанда, Орал жер асты сулары кен орнының су жинау құрылыстары және диаметрі 1 мың мм су құбырларын қайта жаңарту, яғни екі жоба 2026 жылға ауысады. 

– Бұл нысандар өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға беріліп, содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бөлінген қаражат Орал қаласында 200 мыңға жуық абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды жылумен, су және су бұрумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді Б.Мусин. 

Оның айтуынша, сонымен қатар «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өз қаражаты есебінен Орал қаласының жылу-қуат орталығында 4 негізгі жабдық (№ 2 энергетикалық қазандығы, № 11 су жылытқыш қазандығы, № 2,3 турбиналары) және 5,5 км жылу желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Күні бүгін бұл жұмыстар 80 пайызға аяқталды.

Сол секілді «Батыс су арнасы» ЖШС есебінен 593 млн теңгеге 7,8 км су құбыры мен кәріз желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС 1,2 млрд теңгеге электр желілері мен қосалқы станцияларды ретке келтіріп жатыр.

– Күні бүгін облыс бойынша 1 422 әлеуметтік нысан мен 2 041 тұрғын үй болса, соның 85 пайызы жылыту маусымына дайын, - деп қосты Б.Мусин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жылу құбырының жөнделуіне байланысты 11 мекеме ыстық судан ажыратылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар