Батыс Қазақстанда қар суы ауылға кіреберіс жолды шайып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында Төңкеріс ауылына кіреберіс жолды қар суының шайып кеткені жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Батыс Қазақстанда қар суы ауылға кіреберіс жолды шайып кетті
Фото: видеодан салынған скрин

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, олар мұндай тасқынның болу мүмкін екендігі туралы алдын ала дабыл көтеріп, аудан әкімдігіне хат жолдаған. Енді жолды су басқаннан кейін ТЖ қызметіне де хабарласқан.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Теректі ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Аудан әкімі аппаратынан түскен мәліметке қарағанда, аталған аудандық маңызы бар жолды жөндеу мен су өткізетін құбырлар орнатуға жоба жасалған.

Өткен жылы 28 тамызда бюджеттен қаржы бөлінгеннен кейін бірден конкурстық рәсімдер жүргізілген. Соның қорытындысына сәйкес 24 қыркүйекте «АСФА» ЖШС-мен 39 млн 965,1 мың теңгеге (2025 жылға – 1 мың теңге, қалғаны – 2026 жылға) келісім-шарт жасалған. Кейін қосымша келісім-шартқа да қол қойылған. 10 қазанда аванстың 30 пайызы – 11 млн 989,8 мың теңге төленген.

Әкімдіктің хабарлауынша, жер жұмыстарын жүргізу үшін қолайсыз ауа райының туындауына байланысты мердігер ұйымның жазбалай хаты негізінде құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. 12 желтоқсанда қаржы көлемін азайтуға қосымша келісім-шарт жасалып, нысан бойынша міндеттемелер 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды.

- Қазіргі таңда жағдай қалыпты, кезекшілік ұйымдастырылды. Көлік қатынасы үзілген жоқ. Алайда көктемгі жайсыздыққа байланысты трассаның ұзына бойында көлік қатынасы қиындады. Жоба бойынша жөндеу жұмыстары қолайлы ауа райы қалыптасқаннан кейін жүргізіледі, - делінген ресми жауапта.

Долин ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінде 156 үй, 3 әлеуметтік нысан бар, 388 адам тұрады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда еріген қар суы жолдың үстіне шығып кеткенін жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қар күрт еріп, жолды бұзып кетті.

БҚО-да Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейі көтеріліп жатқаны хабарланды.