Батыс Қазақстанда киік етін өңдеу кешенін салу көзделіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киік еті мен оның дериваттарын өңдеу үшін инвестиция тартылмақшы.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін облыс көлемінде 90,7 мың киік ауланды.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, киікті қабылдау үшін 15 сою нысаны бекітілген. Соның ішінде «Кублей» ЖШС ғана киік етін өңдемекші. Мұның жеткіліксіз екендігі түсінікті.
Осы мақсатта биыл БҚО әкімінің Қытай Халық Республикасына сапары кезінде киік етін және дериваттарын өңдеуде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында бірқатар келіссөз жүргізілді. Соның барысында «Киік дериваттарын қайта өңдеу жобасы» бойынша ҚХР-ның Чэнг Тиан Ран Кэнг Фармацетикал (Chang Tian Run Kang Medical Limited) компаниясы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
— Бұдан кейін компания өкілдері өңірімізге келіп, Казталов немесе Ақжайық ауданы аумағында киік еті мен дериваттарын өңдеу үшін ет өңдеу кешені құрылысын салуды жоспарлады. Соған сәйкес 7 млн еуро көлемінде инвестиция тартылса, кешен қуаттылығы ауысымына 2 мың бас киік етін өңдеуге жететін болады. Құрылысты 2026 жылдың 1 сәуірінде бастап, 2027 жылы 1 қазанда аяқтау көзделуде. Кешенде киік етін өңдеу, ет-сүйек ұнын, ақуыз ұнтағын өндіру, киік мүйізінен дәрілік заттар өндіру қолға алынбақ. Сонымен қатар ақбөкенді ауламайтын мезгілде сиыр, жылқы, қой сияқты ауыл шаруашылығы жануарларының етін де өңдемекші, — деді Р.Зұлқашев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауланған киік саны 85 мыңға жуықтағанын жазған едік.