Батыс Қазақстанда коммуналдық желілер 60 пайызға тозған

су құбыры
Фото: Pexels

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылуда.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында монополияның пайдасын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екендігін атап көрсеткен болатын. Президент елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткендігін, соған байланысты монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін айтқан еді.

Гүлжаз Жәнібекқызының сөзіне қарағанда, осы тапсырманы орындау мақсатында 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты жетілдіру аясында «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізіліп, онда бірқатар жаңалықтар белгіленді.

«Биыл Батыс Қазақстан облысында коммуналдық қызметтер тарифінің айтарлықтай өсуі байқалған жоқ. Өңірдегі тарифтер соңғы жылдары инфляция индексінің ең төменгі деңгейінен асқан жоқ, бұл шамамен 6-8 пайыз. Атап айтқанда, 2023 жылмен салыстырғанда, тұрғындар үшін жылыту бағасы 6, су 1,7, кәріз 1,5, электр қуаты 7,3, газбен қамту 0,89 пайызға артты», деді Г.Қазбекова.

Департамент басшысының айтуынша, облыс бойынша коммуналдық желілер орта есеппен 60 пайызға тозған. Соның ішінде Орал қаласында жылумен жабдықтау желілері 50,4 (жылу-қуат орталығы жабдығы 87,8 пайыз), сумен қамту желілері 61,3, су құбырларын бұру 60,48, электр желілері 80,67 пайызға тозып отыр.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы тарифтердің, оның ішінде орташа бағаның өсуі есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендетуді көздейді.

«Осыған байланысты уәкілетті орган тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, Президент тапсырмасын жүзеге асыру әдістерін әзірлеуде. Нұсқалардың бірі – инвестиция көлемін бірнеше жылға, яғни 2030 жылға дейін тариф құрамына бөлшектеп қоса отырып, желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін төмендету. Тарифтің деңгейі табиғи монополия субъектісі ұсынған өтінімге байланысты болады, ұсынылған өтінім мұқият, жеке тәртіпте, жұртшылық өкілдерін, сарапшыларды және басқаларды қатыстыра отырып қаралады. Жалпы, тарифтер кезең-кезеңмен көтерілетін болады», дейді Г.Қазбекова.

Бұл ретте жоспарланған тарифтің құрамына аталған желілердің тозуын азайтуға бағытталған инвестициялар ғана емес, сонымен қатар табиғи монополия субъектісі қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, сондай-ақ субъектілерге балансқа берілген жағдайда иесіз желілерді ұстауға және соларға қызмет көрсетуге арналған шығындар да енгізіледі.

«Биыл коммуналдық желілердің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің электр энергиясын беру және бөлу қызметі бойынша 2024 жылға арналып бекітілген 602,3 млн теңге мөлшеріндегі инвестициялық бағдарламасы бюджет қаражаты есебінен 272,04 млн теңгеге толықтырылды. Осылайша, жалпы сомасы 874,4 млн теңгеге ұлғайтылып, өзгерістер енгізіліп, қайта бекітілді. Сондай-ақ «Батыс су арнасы» ЖШС-нің сарқынды суды бұру және тазарту қызметі бойынша бекітілген 198,93 млн теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламасы бюджет есебінен 67,95 млн теңгеге (жалпы сомасы – 266,89 млн теңге) көбейтілді. Мұның бәрі желілердің тозу деңгейін төмендету бағытында жүзеге асырылуда», деді Г.Қазбекова.

Соңғы жаңалықтар