Батыс Қазақстанда көне кітап, қолжазбаларды жинау қолға алынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен «Көне кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттерді жинау» жобасы жүзеге асырыла бастады.

Музей директоры Жантас Сафуллиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, жобаның мақсаты – тарихи-мәдени мұра болып саналатын көне кітаптар мен қолжазбалар, оған қоса фотосуреттерді жинақтау, сақтау және зерттеу.
Жантас Набиоллаұлының сөзіне қарағанда, қағаз құжаттардың мерзімі шектеулі, уақыт өте келе тозады, жарамсыз болып қалады.
- Қазақстан тарихында бірнеше әліпби ауысқаны мәлім. Қазіргі ұрпақ ата-бабаларымыз қалдырған кітап, қолжазбаларды оқи алмайды. Біз сол мұраларды жинастырып, зерттеп, құнды деректерді ғылыми айналымға енгізетін боламыз. Бұл жұмыстармен облыстағы мемлекеттік 18 музейдің қызметкерлері айналысады, - дейді Ж.Сафуллин.
Оның айтуынша, тұрғындар үйлеріндегі көне кітап, қолжазба, фотосуреттерді музейге табыс етіп, электронды нұсқасын жасатып ала алады. Егер тапсыруға қимаса, музей қызметкерлері электронды нұсқасын жасап алып, түпнұсқасын өздеріне қайтарады.
Биыл ғұлама ақын, ойшыл, Алаш қайраткері, кезінде зерттеушілер «Абайдан кейінгі ақын...» ретінде бағалаған Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толып отыр.
Ж.Сафуллин өлкетану жұмыстарымен шұғылданып, 2012 жылы Мәскеу қаласына барып, ақынның немересі Надежда Бұрханқызынан Ғұмар Қарашқа қатысты он шақты папканы алған болатын. Ішінде зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов, Гүлжау Сұлтанғалиева жинақтаған құжаттар мол еді. Соның негізінде белгілі журналист, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлының көмегімен Ғұмар Қараштың алғаш рет үш томдығы басылып шықты.
- Надежда Бұрханқызы бізге үлкен сенім артып, құжаттарды пайдаланып болған соң жергілікті музейге тапсырарсың деп аманат еткен. Соның сәті түсіп, папкалар мен ақынның 1911 жылы жарық көрген «Өрнек» атты кітабын облыстық музей қорына тапсырдым. Қазірдің өзінде біздің бастамамызды қолдап, музейге құнды жәдігерлерді әкеліп жатқандар бар. Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сарбаздардың майданнан жазған хаттары да жинақталатын болады. Мұның маңыздылығы сол, көне кітап, қолжазбалар құр жатып қалмай, халықтың қажетіне асып, ғалымдардың зерттеу нысанасына айналады, - деді музей директоры.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған мүшәйра мәресіне жеткенін жазған едік.