Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батыс Қазақстанда Құрылтай сайлауына орай 2 мыңға жуық жас сайлаушы қосылмақ

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бүгінгі таңда барлығы 673 сайлау комиссиясы болса, Құрылтай сайлауына орай соның 502-сі жұмыс істейді.

Құрылтай сайлауы
Фото: Kazinform

БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан мәлім еткеніндей, құрамында 3 224 комиссия мүшесі бар 14 аумақтық (98 адам) және 488 учаскелік сайлау комиссиясы (3 126 адам) өз қызметін атқарады. 

Комиссия мүшелерінің 94,9 пайызының үлкен сайлаулар өткізу тәжірибесі бар. Комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Жаңадан қосылған тәжірибесі жоқ комиссия мүшелерін тереңірек оқытуға назар аударылатын болады. Оқыту кестесі жасақталды. Оқытуды тәжірибелі әріптестер жүргізбекші.

Құрылтай сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бойынша 2026 жылғы 7 шілдеде бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық және аудандар мен қалалық аумақтық сайлау комиссияларының құрамдары жарияланды. 16 шілдеден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссияларының құрамы мен сайлау учаскелерінің шекаралары жария етіледі. 

Сайлаушылар тiзiмдерi 2026 жылғы 2 тамызда учаскелiк сайлау комиссияларына тиісті акт бойынша ұсынылады (2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша сайлаушылар саны — 452 307).

Сонымен қатар сайлаушылар тізіміне 23 тамызға дейін 18 жасқа толатын 1 934 жас сайлаушы қосылады. Бұл жұмыс 30 шілдеге дейін жүргізілетін болады.

Одан әрі учаскелік сайлау комиссиялары 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізімдерін танысуға ұсынады. Осы сәттен бастап сайлаушылар учаскелерге барып, тізімдер бойынша өзі туралы деректермен таныса алады.

Сондай-ақ 12 тамызға дейін дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтар хабардар етіледі, яғни шақыру қағаздары үлестіріліп, сайлауға қатысуға шақырылады.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, 488 учаскенің 136-сы (27,9 пайызы) облыс орталығында орналасқан. Жыл басынан бері 2 жаңа сайлау учаскесі құрылып (Бәйтерек ауданы Асан ауылында және Бөрлі ауданы Ақсай қаласында), сайлаушылар саны аз 3 сайлау учаскесі (Бөрлі және Теректі аудандарында) жабылды. Сәйкесінше 15 сайлау учаскесінің (Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарында және Орал қаласында) шекаралары өзгертілді.

Учаскелердің 236-сы білім беру мекемелерінде, 192-сі мәдениет, 28-і денсаулық сақтау, 15-і спорт нысандарында, төртеуі әлеуметтік мекемелерде және қалған 13-і өзге нысандарда орналасқан.

Аудандардағы аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлері талапқа сай келеді. 

Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар 2 324 адам (кресло-арбаларды пайдаланатындар — 574, көруі бойынша мүгедектер — 1307, естуі бойынша мүгедектігі бар — 443) бар. Бұл санаттағы сайлаушыларға дауыс беруге жағдайлар жасалған, барлық сайлау учаскелері 1-қабатта орналасқан. Оған қоса дауыс беру күні 55 инватакси, сурдоаудармашылар қызметі ұйымдастырылады.

Әкімдіктердің сайтындағы «Сайлау» бөлімінде «Құрылтай сайлауы» бөлімі ашылды. Онда сайлауға байланысты барлық материал бар. Өңірде сайлауға ықыластың жоғары екендігін байқауға болады. Өйткені аумақтық сайлау комиссиясының ресми парақшаларының қаралымы артты, сайлауға қатысты жеке сұрақтарымен хабарласушылардың да саны көбейді. Облыс бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық билборд орындарының саны — 215, жергілікті атқарушы органдармен бірге үгіт жүргізу орындары — 498 және 316 кездесу орны белгіленген. Сонымен қатар, LED экрандар — 50, тұрғындарға қызмет көрсету мекемелеріндегі телеэкрандар — 24, радио нүктелер — 86. Бұл орындарда роликтер мен моушндар көрсетіліп жатыр.

Сайлаушылар саны көп 199 учаскеде азаматтарды тіркеуді тексеру бойынша онлайн-сервис және 5 учаскеде тіркеуде жоқ азаматтарды тіркеу сервистерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында Құрылтай сайлауының ашықтығын 32 қоғамдық бірлестік бақылайтынын жазған едік.