Батыс Қазақстанда мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында суға кеткен елді мекендер аумағында мал өлекселерін жинау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

БҚО
Фото: БҚО ветеринария басқармасы

БҚО ветеринария басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аудан әкімдіктері жанынан құрылған комиссия ұсынған ақпаратқа сәйкес облыста 236 бас ірі қара (Бөрлі ауданында - 33, Қаратөбеде - 79, Сырымда - 68, Теректіде - 56), 1 677 ұсақ мал (Бәйтеректе - 1, Бөрліде - 226, Қаратөбеде - 949, Сырымда - 322, Теректіде - 179), 51 жылқы (Бөрліде - 40, Қаратөбеде - 3, Сырымда - 8), Бәйтеректе 7 бас шошқа және 81 үй құсының (Қаратөбеде - 74, Сырымда - 7) өлгені расталды.

Мал өлекселерін жою биологиялық қалдықтарды жою қағидаларына сәйкес жер траншеяларында (шұңқырларда) өртеу жолымен жүргізіліп жатыр. 

БҚО
Фото: БҚО ветеринария басқармасы

Өлекселерді жинау және жою жұмыстарына ветеринариялық инспекция, ветеринариялық станция және республикалық эпизоотияға қарсы отряд (РЭҚО) қызметкерлері жұмылдырылды.

«Күні бүгінге дейін облыс бойынша 230 бас ірі қара, 1 677 ұсақ мал, 51 жылқы, 7 шошқа, 81 үй құсының өлекселері жойылды. Өлекселер жатқан аулалар мен қора-жай орындарын ветеринариялық станция мен РЭҚО қызметкерлері «Глюзамин» дезинфекциялық құралымен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керектігін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда су басқан жерлерде ішек аурулары тіркелген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар