Батыс Қазақстанда мал ұрлығы жиілеп кетті: себеп пен салдар

Батыс Қазақстан өңірінде мал қарасы қалың. Қолда бар деректерге сәйкес төрт түлікті қоса есептегенде 3 млн жуықтайды. Бірақ, облыста мал ұрлығы да көбейіп кеткен. Бұған не себеп? Қылмыстың ашылу деңгейі қалай? Қандай тосқауыл қойылмақ? Kazinform тілшісі осы сауалдардың жауабын іздеп көрді.

мал
Фото: Kazinform

Малдың көбі жайылымнан ұрланады

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің мәлім еткеніндей, жыл басынан бері облыс бойынша 124 мал ұрлығы тіркелді, бұл – өткен жылғы осы кезеңдегіден (108) 14,8 пайызға көп. Соның 93-і еркін жайылымнан ұрланып, оның ішінде 79 ұрлық ашылған (өткен жылы – 68, яғни 16,1 пайызға артық).

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданында 11 мал ұрлығы тіркелген, бұл – өткен жылғыдан (4) 2,8 есеге артық. Малын қараусыз жіберген 117 адамға 648,6 мың теңге айыппұл салынып, 581,3 мыңы өндірілген. Сондай-ақ заңсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 19 дерегі (5, +3,8 есе) анықталды. Сол секілді Сырым ауданында 25 мал ұрлығы (15, +66 пайыз) тіркелді. Ақжайық ауданында да мал ұрлығы (22) жиі тіркеледі. Мұнда заңсыз мал мен ет тасымалдау (35) 94,4 пайызға көбейген.

БҚО
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Шалдарбековтің нақтылауынша, облыста биыл тіркелген мал ұрлығының 25-і 2021 және 2022 жылдары анықталып, қозғалған қылмыстық істерге жатады. Ауыр мал ұрлығының ашылуы – 77,1 пайыз (өткен жылы осы мерзімде – 79,2 пайыз), бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы тиіс, өйткені әлі өндірісі аяқталмаған істер бар.

Алайда, ұрлықтың кесірінен шығынға ұшыраған тұрғындар тарапынан полицейлер жұмысына қатысты сын да айтылады. Мәселен, облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын Алмабек Қазиханов полиция қызметкерлерінің мал ұрлығы бойынша тиісінше жұмыстанбай отырғанын айтады.

«Өткен жылдың соңына қарай осы ауылда тұратын Нұрлыбек Шынғалиевтен 16, менен 2 және көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан Нариман Юшаковтан 29 жылқы қолды болды. Тіпті, Нариман Орал қаласынан ұрыны тауып, ұстап берсе де, іс орнынан қозғалған жоқ. Қазіргі таңда сенбегендіктен, арыз жазбай отырған адамдар да бар», - дейді ол.

Ал, полиция департаментінің деректеріне сәйкес биыл жедел іздестіру іс-шаралары барысында облыс бойынша барлығы 81 қылмыстық іс ашылып аяқталса, соның 54-і ауыр санатқа жатады. Бұрын жасалған 23 мал ұрлығы ашылса, соның 17-сі өткен жылдары болған. 67 барымташы ұсталды. 57 қылмысқа барған 10 ұйымдасқан топтың жолы кесілді. Айталық, 4 адамнан тұратын қылмыстық топтың бірнеше ауданда мал ұрлағаны белгілі болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 165 мал немесе 37 пайызы иелеріне қайтарылды. Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмысты ашудың өзіндік күрделілігі бар.

«Иә, ол деректерді (тұрғындар шағымы – авт.) білемін, бәрі де тіркелген. Тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бөкей ордасы ауданы бойынша мал ұрлығына байланысты 10 жергілікті тұрғын қолға түсті. 68 мал табылып, иелеріне қайтарылды. Қазіргі кезде ашылмаған төрт мал ұрлығы қалып отырса, соның екеуі өткен жылдың үлесіне тиеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Мұндай қылмысты ашудың күрделілігі мынада, малын жоғалтқандар полицияға кеш жүгінеді, он күннен бір жылға дейін созылады. Тіпті, бір жылдан соң арыз жазған адам да бар. Соның салдарынан малды табу қиынға түседі. Мысалы, Теректі ауданында жәбірленуші 15 ірі қарасының еркін жайылымнан жоғалғаны жөнінде екі апта өткеннен кейін шағым түсірген. 8 полиция қызметкері 3 автокөлікпен үш тәулік бойы іздеп, малды тауып, иесіне қайтарды. Бұл, біріншіден, тәртіп сақшыларының уақытын алады, екіншіден оған кететін шығын да аз емес. Жыл басынан бері осындай 95 дерек мал ұрлығы болмауына байланысты қылмыстық іс есебінен алынып тасталды, бірақ бәрі бойынша іздеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде басты себеп – мал иелерінің өз меншігіне немқұрайлы қарауы. Жергілікті атқарушы органдар көктемнен бастап жайылымға шыққан кезде орталықтандырылған мал бағымын ұйымдастыруы керек. Алайда бұл барлық жерде бірдей қолға алынбайды. Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарында осындай проблема бар. Ең басты себеп – малдың қараусыз қалуы. Ұрлықтың 78,8 пайызы еркін жайылымнан жасалуы осыны көрсетеді», - дейді С. Шалдарбеков.

Кейде ұрланған малдың еті ұсталады. Осы ретте тағы бір мәселенің шеті шығып отыр, қылмыскерлердің жалған құжатпен жүретіні анықталған.

«Биыл заңсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдауға қатысты 305 дерек (2022 жылы осы кезеңде – 255, 19,6 пайызға көп) анықталып, 149 айыпты адам (98, +52,0 пайыз) ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірлескен алгоритмге сәйкес патрульдік полиция экипаждары облыс жолдарында малдың қараусыз жүрген 175 дерегін тіркеді. Бір дәлел келтірейін, 3 қыркүйек күні түнде Атырау - Орал тас жолында 5 ірі қара тиеген «ГАЗель» автокөлігі тоқтатылды. Тексеріс нәтижесінде малдың еркін жайылымнан ұрланғаны белгілі болды. Тасымалданған мал ветеринарлық анықтамаға сәйкес келмеген. Осы орайда айтарым, ветеринарлық анықтамаларды беру тәртібін ретке келтірген жөн», - деді А. Оразалиев.

Айта кетсек, биылғы тоғыз айда облыс бойынша барлығы 29 916 ветеринариялық анықтама берілген. БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің сөзіне қарағанда, жауапты маман ветеринариялық анықтама беру кезінде «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларында» белгіленген қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптарды басшылыққа алады.

«6 қазан күні құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссия отырысында БҚО полиция департаментінің өкілдері «Мал дәрігер мамандар ветеринариялық анықтаманы малды қарамай, үйден отырып береді» деген сын айтқанымен, олардың заң бұзғаны туралы нақты деректерді атап көрсетпеді. Отырыста айтылған жағдайға байланысты БҚО ветеринария басқармасы ветеринариялық станциялар басшылары мен ветеринариялық пункттердің меңгерушілерімен, жауапты мамандармен жиналыс өткізіп, «ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларында» белгіленген негізгі талаптардың қатаң сақталуы туралы қайталап түсіндіруді көздеп отыр. Оған қоса, 9 қазаннан бастап басқарманың бөлім басшысы мен мамандарынан құралған жұмыс тобы бағынысты ветеринариялық станцияларға барып, қызметтік қадағалау іс-шараларын, соның ішінде ветеринариялық анықтама беру заңдылығының сақталуын тексереді. Жұмыс тобының қызмет нәтижесі негізінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қарастырылады», - дейді.

Ал, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың ойынша, мал ұрлығының жиілігіне төрт түліктің қараусыз қалуы себеп болып отыр.

«Осы олқылықты жою үшін 12 ауылдық округте 16 бағытқа бақташы шығарылды. Иесіз немесе бағусыз жүретін мал үшін 11 уақытша қамау орны ашылды. Малын бақпағандарды анықтау мақсатында аудан әкімдігі, аудандық полиция бөлімі және ветеринариялық станса мамандары бірлесіп, жүйелі түрде рейд шараларын жүргізеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына сәйкес 153 мал иесіне 1 млн 97 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, соның 803 мың 850 теңгесі өндірілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деді ол.

Алда соғым уақыты келе жатқаны белгілі. Демек, мал ұрлығы көбейеді деген сөз.

«Өкінішке қарай, мал ұрлығы осы кезеңде көбейеді. Мұның алдын алу бағытында департамент басшылығы тарапынан барлық ауданның полиция бөлімі бастықтарына тиісті нұсқау берілді. Республикалық маңызы бар жолдар бойында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимге көшеді, былайша айтқанда автокөлік жүргізушілерінің малды қайдан алып келе жатқаны мұқият тексеріледі. Оған қоса, жергілікті жерлерде рейдтік шаралар жүргізіле бастады», - дейді С. Шалдарбеков.

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің сөзіне қарағанда, мал ұрлығының алдын алу мақсатында да жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, облыс бойынша мал соятын 35 орын мен алаң белгіленіп, олардың барлығына бейнебақылау камераларын орнату қарастырылып жатыр. Алайда жергілікті атқару органдары бірқатар мәселені шешпей отыр. Айталық, Жаңақала, Бәйтерек, Бөрлі, Бөкей ордасы, Казталов, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарында бейнекамера орнатылмаған. Полиция мал сою орындарының қожайындарымен сөйлескенімен, 26 нүкте бойынша нәтиже болмай тұр.

Ал, Сырым ауданы Жымпиты ауылының тұрғыны, «Баубек» шаруа қожалығының жетекшісі Сырым Рысқалиевтің ойынша, көп нәрсе ауыл адамдарының ұйымшылдығына байланысты.

«Шаруа қожалығым Шолақаңқаты ауылдық округі Сегізүй елді мекенінде. Қожалығымды таңертең және кешке тексеріп тұрамын. Сол кішкентай ауылда екі ірі қара жоғалып кетті. Ауыл әкімі, учаскелік полиция инспекторы бар, бәріміз бірлесіп іздестіріп жатырмыз. Ауыл маңына кім келсе де, «жай жүр ме?» деп сұраймыз. Жаз кезінде жол көп, ұры болса, ұстатпай кетуі мүмкін. Алда қыс келе жатыр. Кезекшілік қойып, басқалай да амалдарын жасап жүрміз. Ең бастысы, бірлесіп қам жасау керек деп ойлаймын», - деді С. Рысқалиев.

Орай келгенде айта кетсек, ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Сухраб Мусаев шекара маңында малды бақылаусыз жіберу өзекті мәселеге айналып отырғанын жеткізді.

«Бұл көбінесе мемлекеттік шекара режимін бұзуға әкеліп соғады. Өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдардың қатысуымен шекара маңындағы елді мекендер тұрғындары және шаруа қожалықтарының басшыларына үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда тәжірибе көрсеткеніндей, қабылданып отырған шаралар, өкінішке қарай оң нәтиже бермейді. Өйткені, шекара арқылы малдың өтуі тоқтамай тұр. Облыста Ресеймен шектесетін жеті аудан бар. Тек биылдың өзінде малдың өтіп кетуіне байланысты 57 дерек тіркелген. Соның ішінде Бәйтерек ауданында 3, Тасқалада 6, Казталовта 8, ең көбі Жәнібекте 25, Бөкей ордасында 5 дерек анықталды. Жуырда Жәнібек ауданы Тегісшіл ауылы маңында қыстақта тұратын малшы жоғалған малды іздеймін деп шекара асып кетіп, ресейлік шекарашыларға ұсталған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мұндай қиындыққа тап болмас үшін мал иелері шекарашыларға хабар беруі керек. Біз шекара қызметі өкілдерімен хабарласып, хат алмасып, малды кері қайтаруға күш саламыз», - деді ол.

Қараусыз малдың автокөліктерге соғылуы да азаймай отыр. Биылғы сегіз айда 84 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның 29-ында ғана мал иелері анықталды. Жалпы, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) сәйкес биыл 2 562 мал иесі (2022 жылы – 1 899) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Өңірдегі ауылдық округтерде бағусыз жүрген малды қамау үшін 119 айыппұл тұрағы белгіленген. Мұндай тұраққа 1 957 мал (1430 – ірі қара, 484 – жылқы, 43 – қой-ешкі) қамалғанымен, күні бүгін осы айыппұл орындары жетіспейді. Әсіресе, мал жиі қолды болатын Жаңақала, Жәнібек, Казталов аудандарында тек бір-бірден ғана, Бөкей ордасында 7 мал қамау орны бар. Оның үстіне, мал тұрақтары толық жабдықталмаған, яғни күзетілмейді, жарығы жоқ, уақытша ұстауға азық-жем бөлінбейді», - деді А. Оразалиев.

Бұл ретте әкімдердің де айтары бар.

«Ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның ішінде мал бағымын ұйымдастыру, жарық шағылыстырғыш лентаны міндетті түрде тағу қажеттігі айтылды. Аудан бойынша жыл басынан бері 815 жылқы чиптелді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, кешкі және түнгі уақытта бірлескен рейдтер ұйымдастырылып жүр», - деді Ж. Батырниязов.

Сонымен, мал ұрлығы бойынша тараптардың пікірі ортаға салынды. Байқауымызша, бұл мәселеде әлі де шешілмеген түйіндер бар.

Соңғы жаңалықтар