Батыс Қазақстанда өртенген үй ішінде құран жанбай қалған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында қос қабатты үй өртенді.

БҚО-дағы өрт
Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаменті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 19 тамыз күні сағат 10.46-да Мұхит көшесі 42-мекенжайда болды.

«Қос қабатты үйде 80 шаршы метр аумақта екі жатын және ішінара қонақ бөлмесі, жиһаз және жеке заттар жанған. «Тілсіз жау» сағат 11.28-де оқшауланып, 12.02-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО-дағы өрт
Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаменті

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, отқа оранған үй ішінде құран жанбай қалған.

Байқоныс ауылдық округінің әкімі Алмас Қоңыров оқиғаны растады.

«Ауылдық округ әкімдігінің мамандары өрт сөндірушілермен бірге анықтады. Басқа заттар жанып кетсе де, өртенбеген құран табылған», деді Kazinform тілшісіне А.Қоңыров.

Таныстарының айтуынша, аталмыш үйде әйел енесімен және үш баласымен тұрған. Олардың жалғыз баспанасы жанып кеткендіктен, үлкен зиянға қалған.

Қазіргі кезде үйді қалпына келтіру үшін қаржы жиналуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 мың гектар аумақта шөп өртенгенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар