Батыс Қазақстанда Шалқар көлін туристік орталыққа айналдыра аламыз ба
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы аумағында орналасқан Шалқар көлін жұртшылық жақсы біледі. Әсіресе, жаз мезгілінде аталған су айдыны демалушылардан арылмайды. Шалқар көлінің қазіргі жай-күйі қалай, осыған орай Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, мәселені саралап көрді.
Жол картасы жағдайды жақсарта ала ма?
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің мәлім еткеніндей, Шалқар көлі облыстағы ең терең және ірі су айдыны болып есептеледі. Суы тұзды, оның құрамы демалушылардың сауығуына ықпал ететін минералды элементтерге бай. Сондықтан көлге демалуға, денсаулығын нығайтуға келетін туристер көп.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 2026-2029 жылдарға арналған Шалқар көлін дамытудың жол картасы дайындалып жатыр.
— Жол картасына сәйкес Шалқар көлінің су құрамы мен Әлжан соры топырағының құрамын зерттеу, суын көбейту немесе қазіргі күйінде сақтап қалу жолдарын қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Шалқар көлі жағалауы жер телімін Теректі ауданы коммуналдық меншігінен Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына беру жұмысы басталды. Жаз маусымында көлдің жағалауында жүзден астам киіз үй тігіліп, келушілер саны күніне 1 мың адамға дейін жетеді, — дейді Б.Сәбитов.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өңірде туризмді дамыту, демалушылардың көл суының шипалық қасиетін тиімді пайдалануына, толыққанды демалуына жағдай жасау мақсатында Теректі ауданы мен Шалқар ауылдық округінің әкімдіктері бірлесіп, бірқатар жұмысты атқарып жатыр.
Атап айтқанда, 5 санитарлық-гигиеналық торап (500 метр сайын), киім ауыстыратын 10-12 орын, 10-12 душ кабинасын (сумен қамтамасыз ету, септик ауыстыру, тазалықты сақтау) орнату, футбол, волейбол алаңдарын салу көзделіп отыр. Демалу орындарында мангалдар және барбекю аймақтары жасалып, көліктер тұратын, тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшіктер орнатылмақшы.
БҚО төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, туристік аумақта судан құтқару орны (бақылау мұнарасы) белгіленіп, жабдықталған құтқарушылар жасағы, сондай-ақ медицина, полиция қызметтерімен қамтамасыз етілетін болды.
Жалпы, облыста жазғы туристік маусым кезінде мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Бұл іс-шаралар өңірге келетін туристер санын арттыруға және облыстың туристік тартымдылығын көтеруге мүмкіндік береді.
Теректі ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аудандық жер комиссиясының 2024 жылғы 10 шілдедегі шешіміне сәйкес Сарыөмір ауылы Шалқар көлі жағалауынан коммуналдық жағажай ұйымдастыру үшін Шалқар ауылдық округі әкімінің аппаратына 6,5 гектар жер телімі тұрақты пайдалануға берілген. Күні бүгін аталған жер телімінің жерге орналастыру жобасының құжаттары әзірленіп жатыр.
2024 жылғы тасқын кезінде көлдегі су деңгейі едәуір көтерілді. Бүгінгі күні сол қалпында.
Демалу аймағына бағыттайтын ақпараттық баннер маусым айының соңына дейін ауылдың кіреберісіне орнатылады. Шалқар көліне баратын 4 автомобиль жолы автогрейдермен тегістелді. Футбол және волейбол алаңы жабдықталды. Жағалауда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 20 жәшік бар және 8 дәретхана орнатылады.
Қазіргі уақытта жергілікті әкімдікпен бақылау мұнарасының барлық жабдықтары жеткізілді, әйтсе де орнату үшін көтергіш кран қажет.
Сондай-ақ жағалауда демалушыларға арналған 120 киіз үй бар. Барлығының иесі — жергілікті тұрғындар. Киіз үй иелерімен қауіпсіздік және аумақтағы тазалықты сақтау бағытында түсінік жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде жағалаудың ылғал болуына байланысты тазалық жұмыстары көп ұзамай басталады.
Демалу кезеңі 2-2,5 ай уақытқа созылады. Сенбі, жексенбі күндері жағалауға келушілер саны 3 мың адамдай болады, жалпы маусымда демалушылар саны 25 мыңнан асады. Демалушылардың жартысынан көбі — Ресей Федерациясынан келушілер.
Әкімдік мәліметіне сәйкес 2021 жылы 16 қарашада «Куксов Е.М» жеке кәсіпкерлігіне Шалқар көлі жағалауынан 2 415 га жер телімі туристік қызметті ұйымдастыру үшін берілген болатын. Алайда ешқандай инвестициялық жоба жүзеге асырылмады. Сол себепті 2024 жылы 9 қазанда жер телімі мемлекеттік қорға қайтарылды.
Аудан әкімдігі де абаттандыру және келешекте туристік бағытты кешенді дамыту үшін Шалқар көлі жағалауы жер телімін облыстық коммуналдық меншікке беруді ұсынып отыр.
Көлді қайткенде сақтап қала аламыз?
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің нақтылауынша, Шалқар көліне шамамен 1,4 миллиард текше метр су жиналады. Көлдің ауданы — 20 мыңдай гектар. Шалқар көліне құятын 2 өзен бар, олар: Есен Аңқаты (Үлкен Аңқаты) және Шолақ Аңқаты (Кіші Аңқаты). Көлге құюшы өзендерден су аз келуіне байланысты Шалқар тартылып келеді. Тағы бір себеп көл суының тұздылығы болып отыр.
Шалқар көлі Батыс Қазақстан облысында басты рекреациялық (туристік) аймақтың бірі болып саналады. Жағалай тігілетін киіз үйлерден басқа, былтырғы жылы 6 санитариялық-гигиеналық торап, 20 урна және бөтелкелерге арналған 10 жәшік орнатылса, биыл да сол үрдіс жалғасын таппақ.
— Шалқар көлін сақтау мақсатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен «БҚО Теректі ауданындағы Жайық өзенінен су алумен Жайық-Шалқар каналын реконструкциялау. Түзету» нысаны бойынша жоба әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның мақсаты — Теректі ауданының жайылымдарын сумен қамтамасыз ету және Шалқар көлін Жайық өзенінің суымен қоректендіру. Осы орайда мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ-мен ұзындығы 94,4 км құрайтын каналды механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны — 4,7 млрд теңге. Реконструкциялау жұмыстарын бастауға 2024 жылы жергілікті бюджеттен 476,2 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге берілді. 2026 жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралып отыр, — дейді Д. Закарин.
Оның мәлімдеуінше, Жайық-Шалқар суландыру каналының реконструкциясы — төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендетуге, халықты және оған іргелес аумақтардағы әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым нысандарын қорғауға бағытталған қажетті шара. Канал Шалқар көлінің су деңгейін сақтауда, экожүйелерді ылғалдандыруда және елді мекендерді сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
2024 жылы қар суының көбеюіне байланысты көл суы басқа жылдармен салыстырғанда едәуір молайды. Бірақ бұл көрсеткіштер көл суының ұлғаюы үшін жеткіліксіз болып отыр.
Шалқар көлінің қазіргі көрінісі дөңгелек — жұмыртқа тәріздес, солтүстіктен оңтүстікке созылып жатыр. Көл суын хлорлы-натрий минералды қоспасы бар ащы су қатарына жатқызуға болады. Су құрамында ауыр металдар қоспасы кездеспейді, бұл — экологиялық тұрғыдан көптеген теңіз суынан әлдеқайда таза екенінің бір дәлелі.
Шалқар көлі 2022 жылы кәсіпшілік балық шаруашылығымен айналысу үшін 10 жылға пайдалануға табиғат пайдаланушы –"Алтын-алма Тур» ЖШС-ға (директоры Александр Елькин) бекітіліп берілген. Кәсіпорын 2026 жылы көлге 93 300 дана тұқы шабақтарын жіберді.
Қор құрылса, артық етпес еді
Орал қаласында тұратын еңбек ардагері Тілектес Байқадам жастық шағының Шалқар көлі жағасында айтады.
— Бұдан қырық жыл бұрын, 1986 жылдан бастап біз Теректі ауданы Аңқаты ауылында тұрып, еңбек еттік. Балаларымыз Шалқар көлінің жағасында өсті. Өзіміз де жұмыстастастарымызбен, достарымызбен жиі барып, демалатын едік. Сол кездегі шалқыған Шалқар қандай еді. Емдік қасиеті де ерекше, жарасы бар балдырғандар шомылғаннан кейін жазылып кететін. Шалқардан отыз шақырымдай жерде Әлжан соры орналасқан. Сонда тұзға түсіп, көлге келіп, жуынатын едік. Бұрын суға түсіп, демалу өз алдына, Ресейден өзге ұлт өкілдері келіп, бірнеше күн бойы балық аулап жататын, — дейді Т.Байқадам.
Оның пікірінше, соңғы жылдары Шалқар көлінің жағдайы өзін де толғандырады. Шалқар бұрынғы Шалқар емес, суы ластанып кеткен. Оны тазартудың амалдарын неге жасамасқа? Сондай-ақ Шалқар көлінің жағалауын абаттандыру мәселесі көптен бері айтылып келе жатқанымен, нақты қолға алынған іс жоқтың қасы деуге болады.
— Шын мәнісінде Шалқар көлі басқа шет елдердегі теңіздерден кем емес. Сондықтан шет елге барып, ақша шашқанша, өз көлімізді неге ірі туристік орталыққа айналдырмасқа? Қазіргі кезде жасымыз ұлғайды, алысқа бара алмаймыз. Шалқар көлінің жағалауын реттеп, тәртіпке келтіріп, тиісті шараларды қолға алсақ, бұдан біз де шет қалмас едік. Осы орайда арнайы қор құрып, оған қаржы салу мәселесін қолдаймын, — деп қосты Т.Байқадам.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы Шалқар көлінің суы тартылып бара жатқанын жазған едік.