Батыс Қазақстанда сот шешімімен жер дауына нүкте қойылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Б. деген тұрғын талап арызбен апелляциялық сот алқасына жүгінді.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған тұрғын өз учаскесінің шекараларын бірінші болып үйлестірген іргелес меншік иесі Ш-дан заңсыз басып алған жерін үш жылдан астам уақыт бойы қайтара алмаған.
Облыс соттарына жүгінгенімен, мемлекеттік акт бойынша нақты аумақ пен өлшемнің сәйкес келмеуіне байланысты талапкерге учаскені үйлестіруден бас тартылған. Соттар мерзімін өткізіп алғандықтан және даудың соттылығының жоқтығына байланысты оның талаптары бірнеше рет қайтарылған.
Талапкер әкімшілік сотқа талап арызбен жүгініп, коммерциялық емес акционерлік қоғамның Ш-ға жер телімін келісу бойынша әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Алайда БҚО мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды.
Тек апелляциялық сот алқасының биылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен ғана сот шешімі бұзылып, талапкердің талаптары қанағаттандырылды.
Сот талқысында анықталғанындай, әкімшілік орган талапкерге учаскесін үйлестіруге рұқсат беруден бас тартқан, себебі жер телімінің ауданы мемлекеттік актіде көрсетілгеннен аз. Сот бұл жағдай жауапкердің өзінің кінәсінен болғанын анықтады. Ол көршінің учаскесін келісу кезінде талапкердің құқық белгілейтін құжаттарын тексермей, келісімді тек Ш-ның мүддесі үшін жүргізген.
Жауапкердің айтуынша, талапкер өз аумағын бірінші болып үйлестірген Ш-ның учаскесінің шекарасына сәйкес келтіру үшін өз учаскесінің конфигурациясын өзгертіп, оның нақты ауданын азайтуы керек болған.
Сот әкімшілік органның бұл ұстанымын заңсыз және талапкердің құқығын тікелей бұзады деп бағалады.
Істі апелляциялық сатыда қарау барысында тараптарға дауды бейбіт жолмен шешу бірнеше рет ұсынылды. Көршілер арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанымен, бұл екі учаскені қайта келісу арқылы шешуге болатын еді. Әйтсе де, Ш. татуласудан бас тартты.
- Соттың пікірінше, талапкердің өз аумағын заң куәландыратын құжаттарға сәйкес үйлестіруге құқығы бар, бірақ бұл көрші Ш. учаскесінің шекарасын қайта қараусыз мүмкін емес. Сондықтан жауапкердің Ш-ның учаскесін үйлестіруі заңсыз деп танылды. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қалалық соты бұрынғы төрағасының ісі Тасқалада қаралатынын жазған едік.